«Сурет – үнсіз поэзия» дейді. Ал бүгінгі бір мезет, ертеңге тарих екені белгілі. Міне, осындай қас-қағым сәтті қалт жібермей, тарихқа таңбалап жүрген фотографтардың еңбегі ерлік. Басылым беттерінде суретті сөйлетіп жүрген фототілшілердің шеберлігі өз алдына бір төбе. Себебі әрбір сурет жарты мақала.
Тіршілігін фототілшіліктен тауып жүрген жамбылдық Алтынбек Қартабаевтың туындылары бүгінде елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге дейін таныс. Міне, осы талант иесі өзінің құнды құжаттарымен қатар, таңдаулы 500 суретін Тараз қаласының мемлекеттік архивіне өткізді.
Тәуелсіздік таңынан бергі кез-келген тарихи сәттерді қазір Алтынбек Қартабаевтың жеке қорынан табуға болады. Оның туындыларынан саяси сәттерден бөлек, қайталанбас табиғат сұлулығы мен қазыналы тарихымызды жолықтырасыз. Облысымызда бұрын-соңды болмаған «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» атты фотопоэзия көрмесін де ең алғаш ұйымдастырған – осы Алтекең. Ол әлемнің кіл мықты фотосуретшілері бақ сынаған бірқатар бәсекелердің де жеңімпазы. Оның суреттері еліміздің мерзімді басылымдарынан бөлек, көптеген тарихи жинақтарда да айшықталып тұр.
Алтынбек Қартабаевтың тағы бір ерлігі – ол 12-16 жас аралығындағы балғындарға арнап фотосурет өнері үйірмесін ашты. Өзінің талай жылғы тәжірибесін талант иесі осы үйірмеде тегін бөлісуде. Осындай еңбегін ескеркен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұсыныс білдіріп, оның мұраларын Тараз қаласының мемлекеттік архивіне қуана қабылдады.
Шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарына арнап Алтынбек Болатұлының шағын фотокөрмесі ұйымдастырылып, өнер иесінің әр жылдардағы құнды суреттері, фотоқұрылғылары, құжаттары мен марапаттары таныстырылды. Одан кейін қалалық архивтің мәжіліс залында дөңгелек үстел отырысы өтіп, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева өңір өмірінің өрнектерін өшпес мұраға айналдырған Алтекеңнің шығармашылығына жан-жақты тоқталды. Ал Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев Алтынбек Қартабаевтың құжаттары мен суреттерінің сақталу тәртібін түсіндірді. Оның айтуынша архивтегі жеке тектік құжаттар топтамасының 35-ші және 71-ші қорларында Тараз қаласының Құрметті азаматтарының, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Халық қаһарманы, өнертапқыш, Олипиада жеңімпаздары, өңірдің өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің жеке тектік құжаттары сақталған екен. Бұл қатарға енді Алтекеңнің туу туралы куәлігінен бастап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған Алғыс хаттары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі туралы куәлігі, «Үздік фото» дипломы, Құрмет грамотасы, жеке архивтік фотоқұжаттары, халықаралық фестивальдардан алған сертификаттары еніп отыр.
Басқосу соңында аталмыш басқарма басшысының орынбасары Сара Мадиева әріптесіміздің құжаттары мен туындыларының мемлекеттік сақтауға алынғандығын растайтын куәлік табыстаса, Алтекең облыс тарихынан сыр шертетін тағы 500 туындысын архив қорына тарту етті.
Осылайша Алтекеңнің туындылары мәңгілікке тарих болып, сақталып қалды. Бұл кейінгі ұрпақ үшін мол мұра екені даусыз.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы