Батыл бол! Праймериз белсенділерді күтеді
Батыл бол! Праймериз белсенділерді күтеді
161
оқылды
Жиын кезінде ең алдымен партия хатшысы праймериздің мақсаттары мен міндеттеріне баса назар аударды. Ол бірнеше жыл бұрын Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия­сының XIV съезінде түрлі салада өзгерістер әкелуі тиіс бес институционалды реформаны жариялағанын еске алды. – Бұл сұрақтардың бәрі бес жыл бұрын көтерілген болатын. Біз қазір осы бес институцио­налды реформаны жүзеге асыру мақсатында партияішілік прай­мериз өткізіп отырмыз. Партияға Елбасының нұсқауларын ары қарай іске асыра алатын, проб­лемаларды ашық түрде көтеріп, шеше алатын мықты көшбас­шылар қажет. Осы ретте партия­ның негізгі міндеті – ел өміріне белсене араласатын көшбас­шылар мен партия мүшелерін тағайындау, – деді Жігер Қалиев. Отырыста білім беру сала­сында еңбек ететін партия мүшелері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ бейне­кон­ференцияға қатысушылар белсенді түрде сұрақтарын қойып, праймеризді ұйымдас­тыру мәселелеріне де қызығушы­лық танытты. «ҚазИИТУ» ғы­лыми-білім кешенінің тәрбие беру-әлеу­меттік жұмыстар жөнін­дегі про­ректоры Аида Маратова коро­навирус пан­демия­сын ескере отырып, үгіт-наси­хат жұ­мыстарын қалай жүр­гізуге бола­тыны жөнінде сауалын қойды. Сондай-ақ ол сөз арасында үгіт-насихат жұ­мыс­тары барысында халықпен түрлі кездесу өткізудің маңыз­дылығына тоқталып, кейбір шал­ғай елді мекендерде әлі күнге интернет қосылмағанын айтып, бұл ретте оларға қандай жағдай жасалынатынын сұрады. Әлеуметтік желідегі парақ­шасында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынба­сары Бауыржан Байбек еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен бірге праймериз өт­кізу кезінде арнайы санитарлық-эпидемиялық талаптарды енгізу туралы Жарлық қабылданғанын атап өткен болатын. Барлық ұйым­дастыру комитеті, канди­даттар мен сайлаушылардың өздері осы ескертпелерді басшы­лыққа алуы керек. Партияішілік іріктеуге қатысушылар бетперде, қолғап, дезинфекциялық құрал­дарды қолдануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға және тікелей байланыстың барлық түрінен аулақ болуға міндетті. Праймериздің үгіт-насихат кезеңі қыркүйек пен қазан айында болатынын және бұл кезде Денсаулық сақтау ми­нистрлігі пандемияның екінші толқыны жүретінін болжа­ғанына қарамастан, партия праймеризге мұқият дайын­далуда және бар­лық шараларды қабылдауға дайын. Осылайша, үгіт-наси­хаттың түрлі форматы, оның ішінде онлайн үгіт-насихат, он­лайн пікірсайыстар өткізу қарас­тырылды. Халықпен кездесулер барынша қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы өткізіледі: меди­циналық бетперде тағу, сани­тарлық нормаларға сәйкес адамдардың санын шектеу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және тағы басқалар. Партия хатшысы Жігер Қалиев праймеризге қатысу­шылар сайлауалды бағдарла­ма­ларында неғұрлым өзекті мә­селелерді көтеруі керек екенін ерекше атап өтті. Ал өз кезегінде «Ертіс» жоғары аграр­лық-ин­но­вациялық коллед­жінің дирек­торы Серік Жартыбаев ауылдық жерлерде жас ма­мандарды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты мәсе­лені көтерді. Ол қазіргі кездегі «Дипломмен – ауылға!» жобасы мұғалімдерді және мемлекеттік ветеринарлық инспекторларды жұмысқа алуға үлкен мүмкіндік беретінін айтты. Жиын соңында №17 мектеп-гимназиясының директоры Рамзия Умербаева, «Саран» техникалық колледжінің дирек­торы Меруерт Мамирова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­си­тетінің ректоры Дария Қожамжарова және тағы басқа конференцияға қатысушылар праймериз төңірегінде ұсыныс-пікірлерін айтып, «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауы мемлекет пен қоғамның дамуында маңызды рөл атқара­тынын тілге тиек етті.  

Абылайхан ЖҰМАШ