Малға арналған айып тұрағы ашылды
Малға арналған айып тұрағы ашылды
Фото: ПД-нен алынды
284
оқылды
Биыл 15 тамыздан бастап малды бағуға қатысты ереже күшіне енді. Бұл – мал ұрлығының алдын алуға қатысты жасалып отырған шара. Елімізде алғаш рет «бағусыз мал» атты заңды ұғым қолданысқа енгізілді. Бұдан былай қараусыз жүрген малдың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Малды бос қоя бергендерге бұдан былай айыппұл қарастырылған. Мал иелері түлікті өздері бағуы керек, не болмаса бақташыға беруі тиіс.   [caption id="attachment_67595" align="aligncenter" width="800"] width= Фото: ПД-нен алынды[/caption] Бұл жағдайда үш жақты келісімшарт толтырылып, бақташының мал иелері алдындағы міндеттемесі көрсетіледі. Мамлют ауданында тәртіп сақшылары алғашқылардың бірі болып бағусыз малға арналған айып тұрағын ашты. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің және кәсіпкерлердің көмегімен 11 арнайы қора салынды. 23 тамыз күні айып тұрағына бірінші рет мал қамады. Полицейлер Меңгесер көлінің жанында иесіз жүрген 32 жылқыны көрген. Бақташысы болмағандықтан, иесіз мал айып тұрағына қамалды. «Бақташысы болмағаны бір бөлек, жылқыларға таңба салынбаған екен. Сол себепті, бұл малдың иесін табу оңайға соқпады. Ал жылқылар жоғалса немесе оны ұрлап кетсе олар бұл малдың иесі екенін қалай дәлелдер еді», – дейді Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов. Малдың иелері сол күні табылды. Олар Меңгесер ауылының үш тұрғыны болып шықты. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлегеннен кейін жылқы иелеріне қайтарылды. «Бос жүрген мал – ұрыларға оңай олжа. Қараусыз мал автокөлік жүргізушілерге де қауіпті. Қаңғырған малды табу үшін полиция бөліміне қызметкерлерді жұмылдырып, күш жұмсау қажет. Сондықтан енді бұған жол бермеуіміз керек. Облыстың кей аудандарында мал бағылып, бақташылармен, жергілікті әкімдікпен үш жақты келісім жасалды. Нәтижесінде мал ұрлығы бірден азайды. Ереже бойынша тұрғындарға малын таңбалап, ен салу міндеттелді. Бұрын тек ұсыныс болатын. Енді ауырған малды өріске жіберуге тыйым салынды», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. СҚО-да қаңғырған малды қамауға арналған 54 айып тұрағы әзірленді. Малдың иесі анықталғанша жергілікті атқарушы биліктің қаражатына бағылады. Жалпы, ереже күшіне енгелі арнайы тұрақтарға 88 мал қамалды.