Келмес күндер елесі
Келмес күндер елесі
«Елдің жағдайын, өткен күндерді, өзімнің ортамды, замандастарымды жазып жүрмін. Сол себепті «Келмес күндер елесіне» отырдым. Нені жазам деп қиналмаймын. Тақырып таппай, сенделіп жүру менде болған емес. «Қалай жазам» деп ойланып жүрем» деген еді көзі тірісінде жазушы Қалихан Ысқақ. Міне, сол кітаптың қызықты оқиғаларымен бөлісуді жөн көрдік...  

«Нәсір келіп екі ай жатты. Өз алдына ат шаптырым бөлмесі бола тұра менің қасымнан шықпайды. Бір төсекке қатар сыймаған соң кереуеттің пансерін суырып алып еденге төседік те, баяғы бойдақ кезіміздей айқасып, біріміздің аяғымызды біріміз құшақтап жата кетеміз. «Өй, аяғыңды ары тартшы» деп түнімен баржиған башпайларды бетімізден сыпырып әлек боламыз.

Нәсір келісімен Қызылордадан мұрты едірейген қаязға қарқ болдық та қалдық. Матамен қаптаған керіскедей балықтарды екі терезенің арасына тоңқайтып-тоңқайтып тізіп қоямыз да есіктен біреу сығаласа болды, кесіп алып қолына ұстатамыз. Нәсір де балыққа өш емес екен, мен де онша жерік емеспін. Тәкен ағамыз аршып аузына салсаң ғана сырамен жылжытқан болады.

 

Поштадан келесі қағаз келгенде балық екенін бірден сезетін Нәсір: «Иттер-ай, әбден күпті қылатын болды-ау, онанда бір он сом жібере салса несі кететін еді» деп кәдімгідей ренжиді.

Бір күні жер шетіндегі «Алтай» дейтұғын қонақүйінен біреу телефон шалды: «Келіңдер, сәлемдеме бар еді» дейді. Такси жалдап жетіп барсақ, бір мөшек табан. Алмаймыз деп айта алмадық, тастап кетуге обал. 

Қабымызды арқалап тысқа шықсақ, тас қараңғы түн. Транспорт тоқтап қалған. Қалтамыздың түбін тырналап таксиге төлеп жібергенбіз. Ал келіп жаяу тырпылда.

Қапты кезек көтереміз деп екеуміз де сүр сасып кеттік. Көшеде жұрт та сирек, көзімізге біреу түссе болды, бір-бір балықты суырып алып тұра ұмтыламыз. Ол байқұстар ұрайын деп келе жатыр дейтін болса керек, тапыраңдап тұра қашады.

– Ей, ей, бодажди, рыбой угощаем! – деп жалынғандай боламыз.

Қош, содан жатақхана жеткенімізде шығыс көкжиек те жыртылып қалған екен, есік көзіндегі екі кемпірге екі-ақ табан қалыпты...»

(Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» кітабынан алынды)