Басынған алпауыттар
Басынған алпауыттар
192
оқылды
Алайда тұтынушы атынан ақы­рып теңдік сұрауы тиіс Сауда және интеграция министрлігі де (тұ­тынушылар құқығын қорғауға осы ведомство жауапты), сондай-ақ алпауыттардың табанына тас қою­ға құзырлы Ұлттық эконо­ми­ка министрлігінің Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті де тым-тырыс. Цифрлық  даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігінің мәліметінше, қазіргі кез­де қазақ елінде барлық халық­тың 84,2%-ы интернетті пай­да­ла­нады. Бұл – барлық 118 қаланың және 4 235 ауылдық елді мекеннің тұр­ғыны. 2020 жыл қорытын­ды­сында Қазақстан халқының 99,3 пайызы жоғары жылдамдықты ұялы интернетпен қамтылмақ. Яғ­ни, барлық дерлік тұрғын опе­ра­торлар алдында «еркінен» айы­рылады. «Бүгінде 18 миллион адам 3G/4G желісіне қол жеткізді. Жыл соңына дейін кең жолақты мо­бильді интернетке қосылған ауыл­дардың жалпы саны – 5 163. Айта кетсек, елде барлығы 6 341 ауыл­дық елді мекен бар. Тұтастай ал­ғанда, 2020 жылы қазақ­стан­дық­тардың 99,3%-ы 3G/4G ұялы ин­тернетімен қамтамасыз еті­леді», – дейді цифрлық ми­нистр­лік. 2021 жылдың басында тек 1 178 ауылда интернет болмайды. Олар­да жалпы саны 130 мыңдай тұрғын тұрып жатыр. Әйтсе де, интернет өзімен бір­ге проблемалар да ала келеді.  

Құлдық қамытын бір кисең...

Пандемия, карантин жағ­дайын­да жұмыссыз қалған көптеген адам амалсыздан бұрын тұты­нып келген біраз игіліктен бас тартты. Олар байланыс опе­ра­торларына жүгініп, қызмет көр­сетуді уақытша тоқтата тұру­ды сұраған. Толық бас тартуға бол­майды, себебі кейін керек бол­са, телеком-компаниясы тағы қо­сылу ақысын төлеуді талап етеді. «Биылғы шілдеде Нұр-Сұлтан қа­ласынан кетуге мәжбүр бол­дым. Сондағы пәтерімде Қа­зақ­те­лекомның телефон және ин­тер­нет топтамасын пайдаландым. Со­дан бері компанияның Whats­App нөміріне уақытша ағыту туралы ұдайы өтініш қалдырумен ке­лемін. Бірақ өтінішім қабыл­дан­­байды. «Қазақтелеком» өз қыз­метін пайдаланбаған мерзімге де ақы есептеуін жалғастыруда. Ара­ны ашылып, арыны тоқтаусыз кет­кен алпауытты жөнге келтірер ме­морган бар ма, осы?!» – деп қа­мығады қала тұрғыны Нұрлан Нұрсұлтанов. Мұндай сергелдеңге түскен аза­­маттар аз емес. Арайлым Жа­қы­пова да шағымын тыңдап, мә­­селесін шешер жер таппапты. – Карантин бастала са­лы­сы­мен «Қазақтелекомның» байла­ныс орталығына қоңырау шалып, қыз­мет көрсетуді уақытша тоқ­тату­ды сұрадым. Олар бұдан бас тарт­ты және өзара келісімде он­дай қарастырылмағанын алға тарт­ты. «Тіпті, пайдаланбасаңыз да ақы төлейсіз!» деп шорт кесті. Кейіндері компанияға бірнеше рет хабарластым және әртүрлі жауап алдым. Маусым айының ор­та тұсында қоңырау шал­ған­ым­да, оператор талабыммен келіс­кен­дей болды: «карантин ке­зеңін­де үйде болмайтыныңызды ес­кертіп, бізге айтуыңыз керек еді. «Қазақтелеком» елде қа­лып­тас­қан жағдайдың қалыптан тыс еке­нін түсінеді және қызметтерді уа­қытша сөндіретін еді» дейді. Мұ­ны ести сала қуанып, солай жа­сауын және пайдаланбаған уа­қыттың ақысын қайта есептеуді өтін­дім», – дейді ол. Оның айтуынша, іле-шала ком­­пания бұрынғы қатаң ұста­ны­мына оралыпты: «уақытша тоқ­тату келісімшартта көзделмеген. Ал карантин – төтенше жағдай емес». «Менің ойымша, карантин және шектеу шараларының ен­гі­зілуі, қоғамдық көліктердің жүр­меуі, жұмыс орындарының жа­былуы форс-мажорға жатады. Ке­лісімшарт бойынша форс-ма­жор, яғни еңсеруге келмейтін жағ­дай қызметтерді тоқтата тұру­ға себеп бола алады. «Қа­зақ­те­ле­ком» үшін бүкіл қалада каран­тин­нің енгізілуі қалыпты жағдай бол­са керек. Салдарынан ком­па­ния маған көрсетпеген қызметі үшін айына 8 500 теңгеден төлеуге мәжбүр етті. Қарапайым адамдар табысынан айырылуда, оларға мемлекет көмектесуге тырысуда, ал алпауыттар ел қасіретінен қа­ра­жат тауып отыр. Өзім жал­ғыз­басты анамын. Барлық ана «қайт­сем, балаларымды аш қал­дыр­май­мын?» деп әр теңгені үнемдеп, жан­таласуда. Телеком­муни­кация­лық компанияның мұнысы қия­нат. Не істейтінімді білмей­мін», – дейді А.Жақыпова.  

Ұялы операторлардан ұят кетті

Кейінгі кезде қазақстандықтар ұялы байланыс операторларының өз балансындағы қалдық ақшаны өз қалауынша жұмсайтынына куә бо­лып жүр. Мысалы, теңгерімді тек­сер­генде, шотыңызда мұнша ақша қал­ды деген SMS келеді. Ерте­сіне қай­та есеп сұратсаңыз, ол қар­жы­ның едәуір азайып қалғанын бай­қайсыз. Мәнісін білу үшін Call-ор­талығына жүгін­сеңіз, былдыр­лаған бот жауап береді. Содан кейбір адам қолды бір сілтейді, «садақалай» са­лады. Ал табанды­лары қызмет көр­сету орталығының табалдыры­ғын тоз­дырады. Онда ақша қалпына келуі мүмкін. Заңгер Саурық Жақудаұлы өз аты­на тіркелген Kcell номері ба­рын ай­тады. Оны пайдалан­бапты. – Соған қарамастан, ол нөмір­ден 900 теңгедей ақшамды компа­ния­ның алып қойғаны белгілі бол­ды. Одан жуық арада ешкімге қоңы­рау шалмағанмын. Kcell-ге ха­бар­лас­қанымда оператор: «Сіз бір қыз­мет түрін қосып алыпсыз, оны өшіру үшін мына бір комбинацияны теріңіз!» дейді. Мен телефонды жақ­сы меңгерген пайдаланушы еке­нім­ді, ешқандай ақылы қызмет түріне қо­сылмағанымды, ондайға мұқият қарайтынымды жеткіздім. Сон­дық­тан олардың өзі сыртымнан заңсыз қосып қойған ақылы қызмет түрін дереу өшіріп, ақшам­ды кері қай­таруын талап еттім. Оператор одан бас тартты. Бұған сөз өтпейті­нін, былқ етпейтінін түсініп, компа­ния­ның электронды пошта­сына шағым жаз­дым. Тек сонда ғана ма­ған айт­пай, өздері заңсыз қосқан ақылы қыз­метін өшіріп тастады және өз ақ­шамның орнына 1 400 теңгедей са­лып қойыпты, – дейді С.Жақу­даұлы. Егер операторға сеніп, «ком­би­нация­ны тергенде» өзі қосылып, өзі өшіргендей болатын және ақша­сы қайт­пайтын еді. Енді ол компа­ния­ны сотқа беру жайын ойласты­руда. Заңгердің айтуынша, байла­ныс опе­раторының бұл әре­кеті біреудің мүл­кіне қол сұғушы­лық са­на­лады. «Оның үстіне, басқа абонент­те­рін де осылай алдап жатпасына ке­піл­дік жоқ. Бұлар халқымыздың сая­си және әлеуметтік белсен­ділі­гі­нің төмен екенін пайдаланады. Өйт­кені мұндай проблеманы көте­ріп, құқығы үшін күресетіндер аз. Не­месе мен сияқты өз пробле­масы шешілген соң жылы жаба салады. Мен бұл қарекеттің бүге-шігесіне дейін тексеріліп, тиісті шешім қа­был­дануын қалаймын», – деді аза­мат.  

Қайта жүктеліңіз!

Ұялы операторлар қол салғанда, мол салатын жағдайлар кездеседі. Елисей Дудатий бір жыл бұрын Kcell-дің «Интернет бір жылға» қыз­­метіне қосылады. Сол үшін ша­мамен 15 мың теңге ақысын төле­ген. Нәтижесінде, ай сайын 20 GB ин­тернет трафигін пайдаланып оты­рады. Биылғы 28 шілдеде ком­па­­ния оның интернетін және қоңы­рау ша­­луын бұғаттап тастап­ты: Жыл­дық интернет мерзімі түге­сілген. – Бұл ретте әдеттегі тариф бойын­­­­ша интернетті пайдала­нуым­ның ақысы ретінде балан­сымда бол­ған 2 834 теңгені сыпы­рып алды. Дереу детализация сұрат­тым. Сөйт­се, 28 шілде күнгі түске дейін, яғни бір тәулікке де жетпейтін мерзім үшін көрсеткен қызметін осынша қа­­­ражатқа бағалапты. Салыстыру үшін айт­сам, тарифтік жоспар бойын­­ша 1 ай үшін осынша ақы алы­нады. Сорақысы сол, жылдық ин­тернет қызметінің мерзімі аяқ­тал­­ғаны туралы смс-хабарлама 28-ін­де, түстен кейін келді. Әйтпесе, кү­ні бұрын құлағдар етсе, саналы адам бір қамын жасайды. Алпауыт бұған мүмкіндік қалдырмай, тұты­ну­шы­ның келісімін алмай, қымбат тарифке автоматты түрде қоса қоя­ды», – деп назаланады Елисей. Ол балансында 3 мың теңгедей болғанын жұбаныш етеді: егер онда 100 мың теңге жатса, оператор сон­ша қаржы аяқталғанша, қымбат та­рифін таңа беруі мүмкін ғой. Осын­­­дай проблемаға кезіккен клиент­­­­­­терінің шағымына опера­тор­лар абонентке мерзім туралы алды­н ала хабарлап отыру міндетте­месі жо­ғын айтып, шығарып сала­ды екен. Сол себепті Сауда және инте­гра­ция, Ұлттық экономика, Цифр­лық даму, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі министр­ліктеріне арызданған тұтынушылар ұялы бай­­­­­­ланыс операторларына міндет­теме белгілеуді сұрайды. Бірін­ші­ден, бұл компаниялар акциялық топ­тама мерзімінің аяқталатыны және әдеттегі «қым­бат» тарифке қо­­сылатыны туралы клиентін ал­дын ала құлағдар етуі тиіс. Екін­ші­ден, өзге тарифке көшіру үшін клиент­тің келісімін алуы шарт. Ақтөбе тұрғыны Сергей Биль Теле2 операторының қызметін сы­найды. «Ауыл болса бір сірә, тура Ақтө­бе­нің орталығында тұрамын. Теле2 ин­тернетінің сапасы ұзақ жылдан бері өзгерер емес. Деректер беру жыл­­дам­дығы сын көтермейді. Не­бары 1 минуттық бейнероликті кө­рейін десең, үнемі қайта жүк­телумен болады. Оператор сайтында интер­нет жылдамдығы 4G-де се­кун­дына 75 мегабит, 3G-де 35 Мбит болатыны айтылған. 35 мега­бит, тіпті 4 джиінде де жоқ! Күндізгі уақытта және кеш­ке жылдамдық 0,5-тен 2 Мбит ара­лы­ғында ғана құбылады. Або­нент­те­рінің жүйкесін жұқартып бітті», – дейді Сергей Андреевич. Осыны айтып, ашына қоңы­рау­лат­қан клиенттеріне компания ма­мандары өз олқылықтарын түзеу ор­нына «смартфонын қайта жүк­теуге» кеңес береді екен. Мұндай жар­тыкеш шара нәтиже бермейтіні, саланы дамытпайтыны белгілі. Істі рет­теуі тиіс үш министрлік бір-бі­ріне сілтеп, «сен салар да мен салар» ойы­нын жалғастыра берсе, сала бы­лыққа әбден батып, терең дағ­дарыс­қа ұшырауы ғажап емес.  

Елдос СЕНБАЙ