Газ көмір бағасына тұсау емес
Газ көмір бағасына тұсау емес
 

Құн қалай құралады?

Былтыр ел аумағында бір тонна көмір 7 мың теңгеден бас­талып, шекті бағасы 19 мың теңгеге жеткен. Ең қымбат көмір халқының 90 пайыздан аста­мы газбен қамтылған Батыс өңірлерде болса, арзаны Семейде еді. Осылайша, 2019 жылы рес­публика бойынша бір тонна көмірдің орташа құны – 12 400 теңге болды. 2019 жылы қыркүйек айында Ұлттық эко­номика ми­нистрлігіне қарасты Статистика комитеті өңірлердегі көмір құнын жарияланған еді. Осы деректе Нұр-Сұлтан қаласында бір тонна көмір – 12 296 теңге, Алматыда – 14 мың теңге, Шымкентте – 13 900 теңге, Семейде 8,5 мың теңге деп көрсетілген. Ал биыл ашық сауда алаңында көмірдің тоннасы Нұр-Сұлтанда – 13 мың теңге, Алматы облысы мен Шымкент қаласында – 14,5 мың теңге және Семейде 9 мың теңге болып бел­гіленіпті. Демек, ел аумағында баға былтырғыға қарағанда биыл 500-1 000 теңгеге қымбаттаған. Алдағы уақытта ресми түрде баға жайлы мәліметтер болуы мүмкін, ал біздің болжамымызға сай биыл республика бойынша орташа баға – 14 мың теңгеден асып жығылатын сыңайлы. Бұлай байлам жасауға екі себеп бар. Бірін­шіден, 2020 жылдың қаңтар, ақпан айында елімізде көмір құны 1 000 теңгеге өсті. Яғни, былтыр күзде белгіленген баға қыс ортасында құбыла қалды. Екіншіден, кен орнынан көмір алып, оны тасымалдап, сатумен айналысатын ортадағы делдалдар бар. Олар да науқан кезінде табыс табуды көздейді. Сондықтан былтырғы баға биыл өзгеріссіз қалады деу қиын. Делдалдар дегеннен шығады, көмір құнының құбылуы оларға тікелей байланысты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі коми­теті осы уақытқа дейін шағымдарға байланысты көмір бағасы қалай құрала­тынына жауап берген еді. Ко­митет дерегінше, көмір тасымалының негізгі 3 түрі бар екен. Біріншісі – кен ор­нына өздері барып, көмірді тиеп алып, тұрғындарға жеткізіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ған тұр­ғындар. Мұнда бағаны асыра кө­тереді деген нәрсе жоқ. Екіншісі – теміржолдың тұйықталған басында тұратындар. Көп тұрғындар осы жерден сатып алады. Мұндайда адам өзі барып, көмірді таңдап, ба­ғасы туралы келісімге келеді. Мы­салы, Нұр-Сұлтан қаласы бойын­ша көмір 100-120 шақырым қа­шықтан жеткізіледі. Үшіншісі – көмірді сатып алып, тасжолдардың біріне шығып, оны қымбат бағаға сатып алатын адамдарды күтіп тұратындар. Олардың саны өте аз, сондықтан олар көмір бағасына айтарлықтай ықпал ете алмайды екен. Сондай-ақ көмір бағасына оның са­пасы да әсер ететінін ұмыт­па­­ған жөн. Ең сапалы қара отын – Шұбар­көл көмірі. Жыл сайын ең қым­бат бағаға саудаланатын, соған қара­мастан сұранысқа ие – осы көмір. Мысалы, былтыр Шұ­баркөлдің бір тоннасы ең кемі 13,5 мың теңгеден сатылған. Қарасақ, ел аумағындағы орташа бағадан да қымбатырақ. Сапасы орта дең­гейдегі қара отын – Қаражыра мен Майкөбе. Орташа бағаны осы көмір түріне қарап бекітетінге ұқсайды – 11-13 мың теңге. Ал Богатырь мен Кузнецкий көмірі былтыр 8-12 мың теңге аралығында саудаланыпты. Бір шаңыраққа қыстан ықтап шығу үшін кемі 5 тонна көмір қажет десек, бір тонна көмірге биылғы орташа бағаны 14 мың теңге деп алсақ, 70 мың теңге шығын. Одан бөлек жеткізуі тағы бар – 12-15 мың теңге. Сонымен, көмірге бір отбасы 85 мың теңге қаражатқа шығындалмақ. Бұл ең аз мөлшермен есептегеніміз. Шынында, бұдан әлдеқайда артық болуы мүмкін.  

Тапшылық болса, табан тозар

2019 жылы қыркүйек айын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкім­дерге әр жыл сайын көмір баға­сын реттеп, бағаны негізсіз өсіретін арадағы алыпсатарлардың жұмы­сын жөнге келтіруді тапсырған болатын. Осыдан кейін өңірлерде бақылау күшейтілді. Бірақ былтыр көмірге қатысты бір күрмеулі мәселеге тап болғанымыз бар, ол – көмір тапшылығы. Баяғы олқылық биыл тағы қайталанбасына кепіл бере алмасымыз анық. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былтыр екі өңірде тап­шылықтың болғанын хабар­лаған еді. Сол кезде Нұр-Сұлтан қаласына 1 жылға қажетті көмірдің 50% ғана жеткізілген екен. Тұрғындардың жалпы жылдық қажеттілігі – 500 мың тонна. Ақтөбе облысында да осы жағдай болған. Бірақ әкімдік тапшылықтың себебін дөп басып айтып бере алмағанға ұқсайды. Қа­зақстанның жалпы көмір қоры 164 млрд тоннадан асады. Жы­лына орташа есеппен 100 млн тон­на­дан артық көмір өндіріледі. Оның 12 пайызға жуығы халық қажеттілігіне жөнелтіледі екен. Осы­ған қарамастан биыл да тап­шы­лық сезілді десек, әбестік болары хақ. Қорыта айтсақ, әр аймақтағы көмір құнының айтарлықтай ал­шақтығы жоқ. Болжамымызға сай, биыл өткен жылмен салыстыр­ғанда аса қымбаттамауы тиіс. Деген­мен бұл тұста ортадағы делдал, алып­сатарлардың ықпалын ескерусіз қалдырмау қажет. Пандемия ке­зінде кез келген қажетті заттың баға­сы себепсіз қымбаттағанын көз көрді. Егер сол қымбатшылық көмірге де әсерін тигізсе, халықтың қалтасын негізсіз қаққаны болады.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ