Құн қалай құралады?
Былтыр ел аумағында бір тонна көмір 7 мың теңгеден басталып, шекті бағасы 19 мың теңгеге жеткен. Ең қымбат көмір халқының 90 пайыздан астамы газбен қамтылған Батыс өңірлерде болса, арзаны Семейде еді. Осылайша, 2019 жылы республика бойынша бір тонна көмірдің орташа құны – 12 400 теңге болды. 2019 жылы қыркүйек айында Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитеті өңірлердегі көмір құнын жарияланған еді. Осы деректе Нұр-Сұлтан қаласында бір тонна көмір – 12 296 теңге, Алматыда – 14 мың теңге, Шымкентте – 13 900 теңге, Семейде 8,5 мың теңге деп көрсетілген. Ал биыл ашық сауда алаңында көмірдің тоннасы Нұр-Сұлтанда – 13 мың теңге, Алматы облысы мен Шымкент қаласында – 14,5 мың теңге және Семейде 9 мың теңге болып белгіленіпті. Демек, ел аумағында баға былтырғыға қарағанда биыл 500-1 000 теңгеге қымбаттаған. Алдағы уақытта ресми түрде баға жайлы мәліметтер болуы мүмкін, ал біздің болжамымызға сай биыл республика бойынша орташа баға – 14 мың теңгеден асып жығылатын сыңайлы. Бұлай байлам жасауға екі себеп бар. Біріншіден, 2020 жылдың қаңтар, ақпан айында елімізде көмір құны 1 000 теңгеге өсті. Яғни, былтыр күзде белгіленген баға қыс ортасында құбыла қалды. Екіншіден, кен орнынан көмір алып, оны тасымалдап, сатумен айналысатын ортадағы делдалдар бар. Олар да науқан кезінде табыс табуды көздейді. Сондықтан былтырғы баға биыл өзгеріссіз қалады деу қиын. Делдалдар дегеннен шығады, көмір құнының құбылуы оларға тікелей байланысты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитеті осы уақытқа дейін шағымдарға байланысты көмір бағасы қалай құралатынына жауап берген еді. Комитет дерегінше, көмір тасымалының негізгі 3 түрі бар екен. Біріншісі – кен орнына өздері барып, көмірді тиеп алып, тұрғындарға жеткізіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындар. Мұнда бағаны асыра көтереді деген нәрсе жоқ. Екіншісі – теміржолдың тұйықталған басында тұратындар. Көп тұрғындар осы жерден сатып алады. Мұндайда адам өзі барып, көмірді таңдап, бағасы туралы келісімге келеді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көмір 100-120 шақырым қашықтан жеткізіледі. Үшіншісі – көмірді сатып алып, тасжолдардың біріне шығып, оны қымбат бағаға сатып алатын адамдарды күтіп тұратындар. Олардың саны өте аз, сондықтан олар көмір бағасына айтарлықтай ықпал ете алмайды екен. Сондай-ақ көмір бағасына оның сапасы да әсер ететінін ұмытпаған жөн. Ең сапалы қара отын – Шұбаркөл көмірі. Жыл сайын ең қымбат бағаға саудаланатын, соған қарамастан сұранысқа ие – осы көмір. Мысалы, былтыр Шұбаркөлдің бір тоннасы ең кемі 13,5 мың теңгеден сатылған. Қарасақ, ел аумағындағы орташа бағадан да қымбатырақ. Сапасы орта деңгейдегі қара отын – Қаражыра мен Майкөбе. Орташа бағаны осы көмір түріне қарап бекітетінге ұқсайды – 11-13 мың теңге. Ал Богатырь мен Кузнецкий көмірі былтыр 8-12 мың теңге аралығында саудаланыпты. Бір шаңыраққа қыстан ықтап шығу үшін кемі 5 тонна көмір қажет десек, бір тонна көмірге биылғы орташа бағаны 14 мың теңге деп алсақ, 70 мың теңге шығын. Одан бөлек жеткізуі тағы бар – 12-15 мың теңге. Сонымен, көмірге бір отбасы 85 мың теңге қаражатқа шығындалмақ. Бұл ең аз мөлшермен есептегеніміз. Шынында, бұдан әлдеқайда артық болуы мүмкін.Тапшылық болса, табан тозар
2019 жылы қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге әр жыл сайын көмір бағасын реттеп, бағаны негізсіз өсіретін арадағы алыпсатарлардың жұмысын жөнге келтіруді тапсырған болатын. Осыдан кейін өңірлерде бақылау күшейтілді. Бірақ былтыр көмірге қатысты бір күрмеулі мәселеге тап болғанымыз бар, ол – көмір тапшылығы. Баяғы олқылық биыл тағы қайталанбасына кепіл бере алмасымыз анық. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былтыр екі өңірде тапшылықтың болғанын хабарлаған еді. Сол кезде Нұр-Сұлтан қаласына 1 жылға қажетті көмірдің 50% ғана жеткізілген екен. Тұрғындардың жалпы жылдық қажеттілігі – 500 мың тонна. Ақтөбе облысында да осы жағдай болған. Бірақ әкімдік тапшылықтың себебін дөп басып айтып бере алмағанға ұқсайды. Қазақстанның жалпы көмір қоры 164 млрд тоннадан асады. Жылына орташа есеппен 100 млн тоннадан артық көмір өндіріледі. Оның 12 пайызға жуығы халық қажеттілігіне жөнелтіледі екен. Осыған қарамастан биыл да тапшылық сезілді десек, әбестік болары хақ. Қорыта айтсақ, әр аймақтағы көмір құнының айтарлықтай алшақтығы жоқ. Болжамымызға сай, биыл өткен жылмен салыстырғанда аса қымбаттамауы тиіс. Дегенмен бұл тұста ортадағы делдал, алыпсатарлардың ықпалын ескерусіз қалдырмау қажет. Пандемия кезінде кез келген қажетті заттың бағасы себепсіз қымбаттағанын көз көрді. Егер сол қымбатшылық көмірге де әсерін тигізсе, халықтың қалтасын негізсіз қаққаны болады.