Жемқорлар Атырауда да аз емес
Жемқорлар Атырауда да аз емес
138
оқылды
Облыс аумағында сыбайлас жемқорлықпен байланысты жарты жыл ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіміне 97 дерек тіркеліп, өткен жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда 14,1 пайызға кө­ейген. Биылғы жартыжылдықтағы қылмыстарды саралау барысында пара алу мен беру, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және асыра пайдалану, бөтен мүлікті ысырап ету, қызмет өкілеттігін пай­далану арқылы алаяқтық жа­сау секілді қылмыстар көп кез­дескені байқалады. Облыста пара алуға қатысты 48 оқиға тір­келді. Қызметтік өкілеттілігін пайдаланудың 18 дерегі анықталды. Сайып келгенде, сыбайлас жем­қорлық қылмыстарының 49,5 па­йызы парамен байланысты.  

 Ішкі істер саласы қызметкерлері «әдетінен» жаңылмады

Сыбайлас жемқорлықпен бай­ланысты құқықбұзушылықтарға жол берушілердің дені – лауа­зымды тұлғалар. Олардың тең жар­тысының қылмыстары дәлелденіп, сотқа берілген. Қылмыс жасаған лауазымды тұлғаларды санатқа бөлгенде  ішкі істер органдары тізімнің көшін бастап тұр. Аталған саладағы лауазымды тұлғалардың қылмыс жасау фак­тілері азаятын түрі жоқ. Аталған құрылымдағы қызметкерлердің санының көптігі, азаматтармен тікелей байланысқа түсетін және өкілеттігінде қылмыстық, әкім­шілік қудалау, бақылау-қадағалау, шектеу құзыреті болуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстарының жеткілікті деңгейде жүргізілмеуі, тиісінше осы кеселге қарсы төзбеушілік мәдениеттің қалыптаспауының салдарынан осы құрылымда сыбайлас жемқорлық қылмыстары қайталанып жатыр. Жергілікті атқарушы органның қызметкерлері де  қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сот-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, жергілікті әкімдіктердің лауа­зымды тұлғалары көп жағдайда мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану секілді қылмыстық құқықбұзушылықтарға жол бере­тіні анықталды. Мұның себебін әкімдіктердің жергілікті жерлерде мемлекеттік сатып алуды өткізу, субсидиялау, кәсіпкерлікті қол­дау секілді бюджет қаражаты шоғыр­ланған функцияларды ат­қаруымен түсіндіруге болады.  

Пандемияны да пайдаланбақ болды

Атырау өңірінде сыбайластық биылғы пандемия кезінде де тыйылмапты. Керісінше,  эпи­демия­лық жағдайға бай­ланысты аймақта қалыптасқан ахуалды лауазымды тұлғалар өздерінің мүддесіне пайдаланған. Атап айтқанда, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары өзінің туысқандарының атына  өзінің сенім білдірген адамдары арқылы 2 кәсіпкерлік ұйым құрып, заңсыз мемлекеттік сатып алудың процестеріне аталған кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуына жағ­дай жасап, қолдау көрсеткен. Сол секілді өзінің өкілеттігін пай­далану арқылы кәсіпкерлік субъектілерінен заңсыз ақша қа­ражатын иемденген. Мұнымен қоса, эпидемиялық жағдайға байланысты ауданда құрылған комиссия жетекшісі ретінде  коронавирус індетін себеп етіп, бетперде тігу үшін материал қажет деген мазмұндағы хат жазып, демеушілер берген  қаржыны алаяқтық жолмен өзі иемденіп ал­ған. Өткен 6 айда, мемлекеттік қыз­­меттегі тұлғалар жасаған 32 қылмыстың 15-і  жалақысы жоғары басшылық лауазымдағы адамдар әрекеті екен. Бұл жағ­дай сыбайлас жемқорлықпен ай­на­лысуға  материалдық, әлеу­меттік жағдайдың нашарлығы емес, басшылық лауазымдағы қызметкерлердің ашкөздігі әсер ететінін көрсетіп отыр. Айталық, Атырау облысы бо­йынша көліктік бақылау ин­спекциясының басшысы  бала­сының атындағы жеке серік­тестік арқылы ауыр салмақты жүк кө­ліктерін «Атырау–Астрахан» тасжолын салып жатқан шетелдік компанияларға жалға беріп, көлік саласындағы өкілеттігін пайдалану арқылы туысқанының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына тіке­лей қолдау көрсеткен. Бұл аз­дай, баласының атындағы Аты­рау қа­ласындағы кәсіпкерлік нысанына тегін топырақ төгу үшін «Евразия жер орталығы» ЖШС-нің ауыр жүк көліктерін пайдаланған. Сонымен қатар прокуратура органдары көліктік бақылау инспекциясына жүргізген тексеру нәтижесінде негізсіз жала­қы аудару фактісі анықталған соң, жетпей қалған қаржының орнын толықтыру мақсатында «Болат Жол» ЖШС директорынан ақша алған. Сонымен қатар пандемияға байланысты енгізілген  шектеу шараларына байланысты Аты­рау қаласы аумағында салынған блок-бекеттен өтпек болған аза­маттар осы бекеттерге жауап­ты лауазымды тұлғаларға Kaspi Gold қосымшасы арқылы ақша аударғаны анықталды. Ал пара алушыны әшкерелеу үшін Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жемқорлық жөнінде хабарлаған тұлғаларды көтермелеу әдісін қолданып келеді. Жыл басынан бері 8 азаматқа 1 426 780 теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілсе, 2 азаматқа ал­ғысхат тапсырылыпты. Алайда ай­мақтағы жемқорлық  мұнымен тыйыла қойған жоқ. Жыл аяғына дейін әлі қанша парақор ұсталарын кім білсін?!  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы