Алматы үйлері тағы қисайды

Алматы үйлері тағы қисайды

Тұрғындардың үздіксіз тала­бынан кейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ықшамаудандағы барлық үйге тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтқан болатын. Ол үшін Алматы қаласының Жайлы қалалық орта басқармасы «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ-мен келісімшартқа отырған. Жұмыс осы жылдың соңында аяқталуы керек. Әзірге 6 үйге қа­тысты қорытынды шықты. «Бүгінде 6 үйге қатысты (1/180, 1/160, 1/161, 1/165, 1/167, 1/168) сараптама қорытындысы шықты. «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ қорытын­дысына сәйкес, осы үйлердің іргетасын нығайту керек. Тұрғын үйлердің іргетасын нығайту жұмысы тұрғындарды көшірмей жүзеге асырылады. №1/160, 1/161 үйлерде іргетасын нығайту жұ­мысы жүргізіліп жатыр» делінген әкімдік таратқан хабарламада. Байқағандарыңыздай, бұл жолы тұрғындар басқа жаққа көшірілмейді. Бұл қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз екенін арнайы мамандар саралап шықты деген сенімдеміз. Әрине, 6 бірдей тоғызқабатты үйдің тұрғындарын басқа жаққа орналастыру да оңай шаруа емес. Біздің қолымыздағы мәліметке қарағанда, ең бірінші дабыл қағып, тұрғындары пәтер­лерге көшірілген 72 отбасының өзіне өткен жылдың желтоқсан айында 12,452 миллион теңге пә­тер жалдау үшін төленген. Мұны айларға көбейтсек, сондай-ақ қисайып, жөнделуі тиіс деген басқа үйлердің тұрғындарын қоса есептесек, қыруар қаражат кете­тінін шамалап отырмыз. Сонымен, Зерделідегі үйлер­дің жаппай қисаюына не себеп? Мамандардың айтуынша, оның бірнеше себебі бар. Оның ара­сында негізгілері: арық жүйесі және аумақты тік жоспарлау дұрыс емес, техногенді, еріген, жаңбырлы, канализациядағы сулар үйдің түбіне жинала берген, іргетастың астында құрылыс қоқысы қалып қойған, іргетас астындағы топырақ тірегі 1,5 метр болуы керек, алайда онда тек 1,01 метр, топырақты қайта себу дұрыс жүргізілмеген, тығыздамай себе салған. Құқық қорғау органдары үйдің неге қисайғанын әрі бұл іске жауаптыларды анықтап жатыр. Зерделіде әуелі бір үй қисайды деп қорытынды жасалып, оған қалпына келтіру жұмыстары жа­салғанын айттық. Ресми мә­лімет бойынша, енді оның қата­рына тағы 6 үй қосылды. Дегенмен аудан тұрғындарының айтуына қарағанда, бұл жерде кемі 20 үй осындай апатты жағдайда. Теле­арналардың біріне шыққан олар мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтан көмек сұраған. Сондықтан Зерделідегі қисайған үйлердің жайына біз әлі талай қай­та оралатын тәріздіміз.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ