Бүгінде Жамбылда індеттің беті қайта бастады. Алайда бұл босаңсуға еш негіз бола алмайды. Сондықтан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Түркияның Башкент университеті клиникасының басқарма төрағасы, профессор Мехмет Хабералмен онлай байланысқа шығып, денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Бердібек Машбекұлы Түркия мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас бұрыннан қалыптасқанын тілге тиек етіп, Башкент университетінің клиникасы әлемнің жетекші білім беру және медициналық мекемелерінің бірі болып табылатынына баса тоқталды. – Біз Башкент университеті клиникасының үздік мамандары Қазақстанның әр аймақтарында шеберлік сабақтарын өткізіп, семинарларға, конференцияларға қатысып, халыққа консультациялық көмек беретінін білеміз. Сонымен қатар қазақстандық медицина қызметкерлері сіздердің клиникаңыздың шақыруымен бірнеше рет Анкара қаласында біліктілігін арттырудан өтті. Әлемде медициналық көмектің ілгері дамып, жетіліп жатқанын, диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын енгізуді ескере отырып, Жамбыл облысының медицина қызметкерлері де медициналық қызметтің әртүрлі аспектілері бойынша оқытудан және қайта даярлықтан өтуді қажет етеді. Атап айтқанда, кардиология, неврология, гастроэнтерология, пульмонология, нефрология, интервенциялық кардиология, нейрохирургия, тамыр хирургиясы, эндовидеохирургия сияқты бағыттарды дамыту керек. Біздің анестезиологтер, реаниматологтер, неонатологтар, акушерлік және балалар мамандары да өз біліктіліктерін арттыруы тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев. Өз кезегінде Мехмет Хаберал Түрік мамандары жамбылдық дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге, соның ішінде тегін біліктілігін арттыруға дайын екенін айтты. – Біз сіздердің медициналық қызметкерлеріңізді қабылдап, оларды тегін оқытуға дайынбыз. Сонымен қатар медициналық ұйымдар негізінде мастер-кластар, семинарлар, конференциялар және басқа да оқу ісшараларын өткізу үшін біздің мамандар сіздердің өңірге арнайы жіберілетін болады, – деді профессор Мехмет Хаберал. Биыл әлем елдері коронавирус індетінің алдында тізерлегені анық. Пандемия барлық салаларға соққы жасап, оның ішінде медициналық ұйымдардың қызметін жедел түрде қайта құруға қажеттілігін аңғартты. Яғни, індеттің мұндай таралуына отандық медицина дайын емес екенін көрсетті. Десе де,қазір эпидемиологиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын, коронавирус инфекциясының таралу қарқыны төмендегенін атап өткен жөн. Алайда пандемияның екінші толқынына дайын болу керек. Осыған орай, тәжірибені ескере отырып, облыста қосымша резервтік тесек қоры құрылып, бюджет және демеушілік қаражат есебінен құрал-жабдықтар, тест-жүйелері, дәрі-дәрмек сатып алынуда. – Бірақ соған қарамастан, біз медициналық жабдықтармен, шығын материалдары, жеке қорғаныс құралдарымен қосымша жабдықтау қажеттілігін сезінеміз. Төтенше жағдай кезіндегі медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет болып табылады. Сондай-ақ халық- аралық стандарттар талаптарына сай келетін жаңа медициналық нысандар салу қажет, – деді Б.Сапарбаев. Мехмет Хаберал университеттік клиника Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек жіберуге дайындалып жатқанын айтып, қуантты. Онда бірреттік және қайта пайдалануға болатын қорғаныс костюмдері, респираторлар, бетперделер, антисептиктер, дәрі-дәрмектер және медициналық жабдықтар бар. Онлайн кездесу соңында Бердібек Сапарбаев профессорға осындай маңызды қолдауы үшін алғысын білдіріп, Тараз қаласында Башкент университеті клиникасының филиалын салу мәселесін қарастыруды ұсынды. Бұл мәселе тараптар жағынан таразыланып, бір байлам жасалатын болып шешілді.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы