Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, қаржының басым бөлігі ұзындығы 21,2 шақырым болатын Қошқар ата өзенін тазалауға бағытталыпты. Одан кейін 5,4 шақырым болатын Қарасу, 10,5 шақырымдық Ақсай мен Қарабастау өзендері мен 20,6 шақырымдық Шымкент каналы бар. Сонымен қатар бүгінде 11,8 шақырымдық Жаңа Шек, 3,5 шақырымдық Компыс, 13,4 шақырым болатын Тоғыс, 8,7 шақырымдық Сасық, 3,7 шақырымдық Ынтымақ каналының арнасы тазалануда. Сөйтіп, барлығы 97,7 шақырым өзен-каналды механикалық және қолмен тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқарма мамандары елді мекендерді су алып кетпес үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Жаңа Шек каналының «Казбакалейторг» аймағынан Аймауытов көшесіне дейінгі 4,4 шақырым болатын арнасын бетондау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Оған 334 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Сондай-ақ бағдарлама аясында су алу қаупі бар 32 мекенжайдағы 14,2 шақырым ирригация жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына 367,5 млн теңге бөлінген. Олардың қатарында Абай ауданы бойынша 7 мекенжайда 95 млн теңгенің жұмысы, әл-Фараби ауданы бойынша 8 мекенжайда 66,6 млн теңгенің, Еңбекші ауданы бойынша 5 мекенжайда 57,9 млн теңгенің және Қаратау ауданы бойынша 12 мекенжайда 147,2 млн теңгенің жұмысы бар. Бүгінгі таңда осынау жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бағдарлама аясында бұл жұмыстарға 159 адам тартылған. Оның 81-і – жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрғандар.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы