«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ биыл Франция, Германия және Даниядан жоғары өнімді қант қызылшасы тұқымының 14,2 мың данасын сатып алған. Бұл тұқымдар облыстың 500-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне таратылыпты. 2011 жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар 625 бірлік ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілген. Қызылша бағытында 29 сервистік-дайындау орталығы құрылған. Бұл жөнінде таныстырылым барысында акционерлік қоғам басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ерғазы Орынбасаров баяндады. Егістік алқабында Оңтүстік-Шығыс өңірлік инспектураның мамандары даниялық Maribo компаниясынан алынған қызылша сорттары едәуір жақсы көрсеткішке жеткенін айрықша атап өтті. Сорт сынау учаскесінде отырғызылған, тәтті түбірдің 24 гибридінің ішінде Maribo кәсіпорнының 8 сорты бар.
– «Данюша», «Мустанг» сияқты сорттардың нәтижесі жоғары. «Шкипер» деген сорт екінші жыл қатарынан өнімділігі мен қант мөлшері бойынша жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Өткен жылы өнімділігі гектарына 766 центнерді, қанттылығы 17 пайызды құрады. «Торпедо» сорты да екінші жылы сынақтан өтуде. Оның өнімділігі гектарына 586 центнер, ал қант мөлшері 18,8 пайыз, – дейді Ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынау жөніндегі Оңтүстік-Шығыс өңірлік инспектурасының директоры Қанат Бекиев.Алайда агрономдардың пікірінше, ең жақсы нәтиже Maribo шығарған «Ванилла» сортына тиесілі. Олардың айтуынша, «Ванилла» алғаш рет сыналуда. Соған қарамастан, басқа сорттармен салыстырғанда жоғары көрсеткіштерге ие. Дәл қазіргі таңдағы көрсеткішінің өзі жақсы. Ал қызылша енді тағы екі ай өседі. Жалпы, «Ванилла», «Мустанг», «Хоней» сорттарының өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда гектарынан 50-70 центнерге жоғары болады деген болжам бар. Maribo компаниясының Қазақстан бойынша аймақтық өкілі Вячеслав Дизер еуропалық кәсіпорын баға мен сапаның ең жақсы арақатынасын қамтамасыз етуге ұмтылатынын жасырмайды. Зауыт үлкен ғылыми жұмыс жүргізеді және ол 90 жылдан астам әлем елдерін жоғары өнімді қызылша тұқымдарымен қамтамасыз етіп келеді. Тәтті түбірді өсіру кезінде барлық технологияны сақтаудың маңызы туралы «Жетісу» ӘКК агротехнология жөніндегі кеңесшісі Әбілқайыр Бексұлтанов баяндады. Білікті маманның айтуынша, шаруаларға суару жүйесіне ерекше назар аудару керек.
– Егер суару жұмыстарының бірінші жартысында ылғал шамадан тыс көп болса, онда тамыр жерге тереңдемейді. Осыған байланысты алғашқы суару 10-15 маусымға дейін жүргізілуі керек. Ары қарай суару жұмыстары ауа райына байланысты жүргізілуі керек. Ылғалдылық деңгейі далалық ылғал сыйымдылығынан 80-85 пайызға сақталуы тиіс. Бұл тұрғыда тамшылатып суару жүйесі тиімді. Онда барлық технология сақталады, – деп түйіндейді сарапшы.Сорт сынау алқабында қант қызылшасының тұқымдарын алу, сапасы мен бағасы турасында, сондай-ақ кәсіпкерлердің проблемалық мәселелері мен ұсыныстары да талқыланды. Дақылдың сынау нәтижелерімен таныстыру және оны шаруашылықта қолдану үшін алдағы уақытта алқапта қызылша өсірушілермен кездесу ұйымдастырылмақ. Жалпы, ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынау жөніндегі Оңтүстік-Шығыс өңірлік инспектурасының учаскесінде сынақ жүргізу және патент алу мақсатында 14 дақыл, оның ішінде, дәнді, дәнді-бұршақты, жемшөптік, майлы дақыл және көгалдандыруға арналған шөптер өсіріледі.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы