Еліміздің мемлекеттік шекарасын қорғауға елеулі үлес қосқан қайраткер
Еліміздің мемлекеттік шекарасын қорғауға елеулі үлес қосқан қайраткер
211
оқылды
Осы айда құрметті генерал-лейтенант мерейтойымен бірге тағы бір мерекені атап өткен болатын. 18 тамыз – Шекарашылар күні. 1992 жылы 18 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы шекара жасағын құру»  туралы Жарлыққа қол қойды. Ал шекара әскерлерін Болат Сейітқазыұлы басқарды.

Жетістікке жетер жол

Болат Сейітқазыұлы 1950 жылы 25 тамызда Шығыс-Қазақстан облысы Зайсан ауданы Қаратал ауылында дүниеге келген. Ол кішкентай кезінен өзіне не керегін білді. 17 жасында Ф.Дзержинский атындағы Алматы жоғары шекаралық-командалық училищесіне оқуға тапсырады. Шекарашылық жолы дәл осы кезден басталған болатын. Училищені аяқтап, Мәскеуде арнайы дайындық курсынан өткеннен кейін Күршім шекара отрядына қызметке жіберілді. Ең басты офицерлік сынақ Ауғанстан болғанын өзі жиі айтады. Ауғанстан қауіпсіздік органында кеңесші болып 4 жыл қызмет атқарды. Одаққа оралғаннан кейін оның өмір жолы КСР ҰҚК Қызыл Ту орденді Шығыс шекара округімен байланысты болды. Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзінің шекара әскері құрылғаннан кейін де полковник Закиев ҚР ҰҚК  жедел бөлім бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 1992 жылы Президент Жарлығымен генерал-майор Закиев ҚР ҰҚК Шекара әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 1995 жылы Қазақстан бас шекарашысына генерал-лейтенант әскери атағы берілді. Болат Закиев Қазақстан Шекара қызметін отставкаға шыққанға дейін яғни 2008 жылға дейін басқарды. Б.Закиев шекараны қорғау қызметінде айқын жүйені орната білді. Осының арқасында Қазақстан Республикасы шекарасында әскери күзет құрылды. Болат Сейітқазыұлының басшылығымен жас мемлекеттің шекаралық қауіпсіздігінің құқықтық негізі қалыптасты.

Уәждің емес, уәденің адамы

ҰҚК Шекара қызметінің қазіргі директоры Дархан Дильманов Болат Сейітқазыұлы жайында үлкен толғаныспен әңгіме тиегін ағытты. Болат Закиев шекара әскерлері қолбасшылары кеңесі аясында ТМД елдері шекара ведомстволары арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнатуға айрықша мән бергенін атап өтті. – Болат Сейітқазыұлымен алғаш Жаркент шекара отрядында қызметте жүргенде танысқан едім. Ол кезде шекара әскерлері қолбасшысы болатын, инспекциясымен бірге келді. Оның бәрімен қалай сөйлесетінін бірден есіме сақтап алдым. Ол уәждің емес, уәденің адамы екен. Жақсы не болмаса жаман болады деп, басы артық ештеңе айтқан жоқ. Қай кезде де бірден іске кіріседі, – дейді Дархан Дильманов.

Болат Сейітқазыұлы Закиев қауіпсіздік саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін екінші дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, Ауғанстанның «Батырлығы үшін» орденімен, басқа да он сегіз медальмен марапатталған.

Осы орайда еліміздің мемлекеттік шекарасын қорғау қызметін ұйымдастыруға елеулі үлес қосқан әскери қайраткерді төл мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, сарқылмас күш-жігер тілейміз!