ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев автобус пен пойыз соқтығысқан Шамалғанда болған жол-көлік апаты туралы пікір білдірді.
«Бүгінгі таңда көліктік полиция басқармасымен, облыстық полиция басқармасымен, сондай-ақ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жедел тергеу тобы құрылды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталуда. Автобус теміржол өткелінде тоқтаған. Пойызбен соқтығысқанға дейін онда 20 жолаушы болған, олардың 16-сы тысқа шығып үлгерген. Автобус жүргізушісі қаза тапты, қалған үш жолаушы ауруханада», - деді Е.Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Оның сөзінше қазіргі уақытта тергеу жұмыстары мәселенің жай-күйін нақтылайды. Әрі автобустың пойыз өткелінде қалай тұрғаны анықталып жатыр. «Қазіргі уақытта апаттың болған жері қаралып жатыр, автобус сараптамаға жіберілді, тепловоз Алматы-1 станциясына жеткізілді. 344 (Жол қозғалысы қауіпсіздігін немесе теміржол, әуе, теңіз немесе су көлігін пайдалану ережелерін бұзу) және (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол ережелерін немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) баптар бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп атап өтті министр.
15 қыркүйек Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде сағат 19.20-да жол апаты болды. Автобус жүргізушісі пойыздың дабылына қарамастан, жолға шығып кеткен. Салдарынан пойыз автобусты қағып кетті. Жол апатынан автобус жүргізушісі қаза тауып, екі қыз бен бір әйел ауыр жарақат алып, емханаға жеткізілді. Төтенше жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.