Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны желтоқсанға қарай болады. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының бірінші орынбасары, эпидемиолог Бауыржан Жүсіпов айтты. Эпидемиолог дәрігер коронавирус індетінің негізгі толқынын өткіздік деген пікірдегі адамдармен келісетінін айтты. Коронавирус індетінің шырқау шегінен өтіп кетуіміз алдағы уақыттағы жағдайға оң әсерін тигізеді деп есептейді.
«Коронавирусты қайталап жұқтырып алу деректері бірен-саран ғана. Оның өзі де ағзаның ерекшелігіне, иммунитеттің қалыптасуына байланысты. Жалпы, иммунитет бар. Осыны ескерер болсақ, коронавирустың екінші толқыны біршама жайдақ өтеді. Яғни, маусым-шілдедегідей күрт өршімейді. Біз де, Денсаулық сақтау министрлігі де, жалпы қоғам да дайын болады. Желтоқсанға қарай ол күрделене түседі. Қыркүйек пен қазан айлары біршама тыныш өтеді»,- деді Бауыржан Жүсіпов онлайн жиында.