«Astana LRT» автобус пен тепловоз соқтығысына қатысты түсінік берді
«Astana LRT» автобус пен тепловоз соқтығысына қатысты түсінік берді

«Astana LRT» ЖШС-да №53 бағдардағы автобус пен тепловоз соқтығысуына қатысты түсінік берді.

«13 қаңтарда сағат 06:20 кезінде Жетіген көшесінде автобус пен тепловозға қатысты жол-көлік оқиғасы орын алды. «MAN» маркалы автобус №53 бағдардың соңғы аялдамасына қарай бағыт алған. Атап айтқанда, қоғамдық көлік сол уақытта өзінің бағдары бойынша жұмысына кіріспеген еді, яғни көлікте жолаушылар болмады. Көлік апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта жол полициясы тергеу амалдарын жүргізуде. Автобус жүргізушісінің мәліметінше, таңғы кезде жол дұрыс көрінбеген, сондай-ақ тепловоз машинисі тарапынан тиісті дыбыстық белгі болмаған. Алайда бұл мәселе бойынша қосымша тексеру шараларын жүргізу қажеттігі бар. Сонымен қатар, автобус жүргізушісі теміржол алдындағы «STOP» белгісі тұсында тоқтағанын алға тартуда», – деді «Astana LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Сеитов.

Б.Сеитовтің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта жүргізушілерге қатысты қосымша нұсқамалар жүргізілді. Бұдан бөлек, теміржолдардағы өткелдеріндегі қауіпсіздік бойынша тиісті жұмыстар атқарылмақ.

«Жүргізуші 36 жаста, автобус паркіндегі жұмыс өтілі 5 жыл», – деп нақтылады «Astana LRT» ЖШС өкілі.

Айта кетейік, бүгінде аталған оқиға бойынша ҚТЖ тарапынан да тиісті тексеру жүріп жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада теміржолды қиып өтіп бара жатқан №53 бағдардағы автобус пен тепловоз соқтығысты.