Театр директоры ауыл жастарына қолдау көрсеткісі келеді
Театр директоры ауыл жастарына қолдау көрсеткісі келеді
119
оқылды
Партия көшбасшыларының қатарында болғысы келетіндердің арасында өнер мен спорт жұлдыздары, белді кәсіпкерлер, қоғам жанашырлары, белсенді еріктілер де бар. Қаладағы өзіндік тарихы бар Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Олжас Ибраев та партияішілік сайлауда бағын сынауда. Жүріп өткен жолы мен жеткен жетістіктері әрбір жанға үлгі боларлық, нақты ұстанымы бар үміткер өзі ауылда туып-өскен. Сол себепті де ауыл жастарына қолдау білдіргісі келеді.
«Егемен еліміздің жетістіктерін еселеп, болашақ Қазақстанның келбетін арттыру мақсатында, халқымыздың мәдени-әлеуметтік жағдайына үлес қосу үшін жинаған білімім мен тәжірибемді қолдана отырып, "Nur Otan” партиясының праймеризіне қатысуға шешім қабылдадым. Толғандырған мәселе көп. Оларды шешуге бағытталған жоспарларым да бар. Негізгі мақсатым – ауылдан шыққан азамат ретінде ауылдағы жастарға қолдау көрсетсем деймін», – дейді үміткер Олжас Ибраев.
Жас болса да, жауапты қызметтер атқарып, өнерде бағы жанған Олжас Хромтау ауданында дүниеге келген. Ол тоғыз жылдық мектепті аяқтаған соң аудан орталығындағы тау-кен техникалық колледжінде электрмеханик мамандығын оқыған. Өнер саласына деген қызығушылығы басым болып, ҚР халық әртісі Гүлжан Әспетованың шақыртуымен елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсіп, «Драма актері және кино актері» мамандығын оқыды. Сонымен қатар аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетте мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған. Биыл Тұран университетінде білімін жетілдіріп, экономика ғылымдарының магистрі атанды. Ол еңбек жолын отандық арнада жүргізуші болып бастап, кино индустриясында да өзіндік ізін қалдырған. 2013 жылы «Хабар» арнасы ұйымдастырған республикалық «Жігіт сұлтаны» телебайқауының жеңімпазы атанды. «Қазақконцерт» РМҚК «Астана Мюзикл» театрының театр меңгерушісі, М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының халықаралық қатынастар және гастрольдер бөлімінің басшысы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұлттық өнер факультетінің деканы сынды жауапты қызметтер атқарды. Кейін арнайы шақыртумен Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының басшысы қызметіне тағайындалды. Праймеризге қатысудағы басты мақсаты – алдағы уақытта түйткілді мәселелер мен түйінді істердің шешімін табуға өз үлесін қосу. Жас болса да, бас бола білген театр директоры партияішілік сайлаудан сүрінбей өтсе, ауыл жастарына қолдау танытқысы келеді. «Қашанда ел ағалары жастарға  үлкен сеніммен қараған. Бір ғасыр бұрын ұлтымыздың белді ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп жыр жазып кетсе, қазіргі таңда Елбасымыз праймериз арқылы  жастарға зор сенім артуда. Бізге еліміздің әлеуметтік, саяси-экономикалық жұмыстарына араласу үшін мүмкіндік беруде. Осы сәтті пайдаланып, кандидатурамды ұсынып жатырмын. Өзіміздің ұлттық қасиеттеріміз бен құндылықтарымызды сақтай отырып, заман талабына сай жұмыс жасауға дайынмын», – деді ол.