Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орынбасарларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеуге алуы туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
- Қазір менің орынбасарларымның бәрі жұмыс орнында. Рүстем Айдарбекұлына қатысты мұндай ақпаратты естіген жоқпын. Ол жұмысын істеп жатыр, - деп жауап берді министр журналисттің қойған сұрағына.Сонымен қатар ол осы мәселеге қатысты егжей-тегжейлі ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өзінен алу керектігін баса айтты.
- Жалпы, мен кінәсіз презумпциясы бар екенін еске салғым келеді. Қазіргі жағдайда қандай да бір жорамал жасап, олардың біреуінің (орынбасарлары) аты-жөнін атау артық болады, іскерлік бедел деген мәселе бар бұл арада. Қолымызда расталған ақпарат болса, әрине, онымен бөлісуге әзірміз, бірақ менің әріптестерімнің барлығы қазір жұмыс орнында. Орынбасарларыма күдік келтірілгені немесе олардың ұсталғаны туралы ресми ақпарат алған жоқпыз. Менің ойымша, бұл ақпаратты басқа әріптестерімізден нақтылап, түсінік алсаңыздар болады, - деді министр.21 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Білім және ғылым министрлігінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу басталғанын хабарлады.