Жаңа буын, жаңа леп соғар уақыт жетті – Праймериз
Жаңа буын, жаңа леп соғар уақыт жетті – Праймериз
«Болашақ» бағдарламасымен оқыған журналист Қанат Әуесбай праймеризге қатысатынын жеткізді. Бұл күндері Қанат «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры. Қанат Әуесбай қазір праймеризге қатысу үшін Атыраудағы қалалық бастауыш партия атынан тіркеліп, партияның кезекті кезеңі пікірсайысқа дайындалып жатқанын жеткізді. – БАҚ, білім беру, азаматтық қоғам, жастар мәселесі, үкіметтік емес ұйымдар жайы – мені толғандыратын бүгінгінің күрмеуі осылар. Бұл салалардың әрқайсы байланысып-матасып жатқан өзара ажырағысыз тұтас жүйе. Қоғамды надандықтан құтқаратын сапалы білім. Сапалы білім саналы ұрпақты тәрбиелейді. Саналы ұрпақ дамыған азаматтық қоғамның бір кепілі. Осы елдің қатардағы азаматымын. Өзім де ұстаздар отбасынан шықтым. Ата-анам мұғалім. Мені өмір бойы «мұғалімнің баласы» деген сөз қамшылап, ұдайы алға жетелеп келеді. Түйткілді мәселеге астанадағы биліктің биік дәлізінен ғана емес, аймақтағы ағайын көзқарасы тұрғысынан да қарай аламын. Атырау жұртым – еліміздің батыс өңіріндегі бүгінгі кең өрісім. Елімнің әр қиырында қызметте еркін басып жүрсем, адалдықты ту еткен ішкі принциптеріме беріктігімнен деп білемін. Праймериздің кезекті кезеңі пікірсайыс, яғни дебатта ойталқымды осы тұрғыдан өрбітетін боламын, – дейді Қанат Әуесбайұлы. Қоғам белсендісі әр салада көрген-білген тәжірибемді сынап-байқап көретін тағы бір кез туғанын айтты. Елдің саяси тарихында тұңғыш өткелі жатқан праймериз соның зор мүмкіндігі екеніне сенетіндігін жеткізді. Әуесбайдың Қанатының өмірлік және кәсіби тәжірибесі өте бай. Ол ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендия стипендиаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің және Шығыс Англия университетінің (Ұлыбритания) түлегі, филология ғылымдарының кандидаты. «31 арна», «Қазақстан», «Astana» сынды республикалық телеарналарда журналистік тәжірибе жинады. Әр жылдары «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры, Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің доценті, Елбасы кітапханасының аға сарапшысы, Атырау мемлекеттік Халел Досмұхамедұлы университетінің аға оқытушысы боп қызмет етті. ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңес мүшесі. Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Нұр Отан» партиясының республикалық «Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпазы. «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Nur Otan мүшесі, Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат штабы төрағасының орынбасары.