Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия ұйымдарының жұмысын жандандырып, халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырғаны белгілі. Қазіргі кезде партияның барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жаңғырып, өзекті мәселелер оң шешімін табуда. Атап айтқанда, республикалық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтар орталық атқарушы органдардың басшыларымен және Мәжіліс депутаттарымен күн сайын кездесу өткізіп тұрады.
Партияның қоғамдық қабылдауы – халықтың түрлі мәселелерін мүдделі мемлекеттік органдардың бірлесуімен шешуге және олардың мүдделерін қорғауға арналған алаң болғандықтан, мұнда азаматтар көтерген кез келген мәселе егжей-тегжейлі қарастырылады.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы бағыттарының бірі – экологиялық ахуалды жақсарту. Осы мәселе бойынша партияға азаматтар әртүрлі идеяларымен және жобаларымен жиі хабарласады. Осыған орай Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев азаматтарды арнайы қабылдады. Ол бейнебайланыс арқылы әр өңірден келген алты азаматты тыңдады. Сұрақтардың дені экологияға қатысты болды.
Алматы облысының тұрғыны Асқарбек Макин еліміздің ең ірі мегаполисіндегі қоқысты тазарту бойынша өзінің жобасын ұсынды. Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев Асқарбек Макиннің Жамбыл облысында қоқыс өңдейтін зауыт салу идеясына қолдау білдірді. Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Бақтыгерей Бекенғалиев бірнеше жыл бойы Казталов ауданының елдімекендерін сумен жабдықтаудың шешілмеген мәселесі туралы айтса, Маңғыстау облысынан байланысқа шыққан Орынбасар Тоқжанов аймақтағы уран өнеркәсібінің қалдықтарын кәдеге жарату керегін ерекше атап өтті. Атыраулық ардагер эколог Қали Әубәкеров жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы өзгертудің орындылығы туралы пікірін ортаға салып, осы мәселе бойынша алдағы уақытта бірнеше ұсыныс жолдайтынын жеткізді. Ал Қызылорда облысының тұрғыны Жұмабек Қосдауыров Жаңақорған ауданындағы ауызсудың жеткіліксіздігін әңгімесіне арқау етті.
– Әр мәселе мұқият қарастырылады. Азаматтардың барлық мәселесін тыңдап, олармен жете танысып отырмыз. Министрліктің күн тәртібінде олар ерекше бақылауда. Біз олардың әрқайсысын шешуге тырысамыз және сол бағытта жұмыс істейміз, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Бұл ретте, экологиялық жағдайды жақсарту партияның Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі екенін айта кеткен жөн.
Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың Nur Otan партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берген қоғамдық қабылдаулардың жұмысын күшейту туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысына Нұр-Сұлтан, БҚО, ОҚО, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола облыстарынан 12 азамат келді. Олар жер қатынастары, мал шаруашылығы, мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері бойынша сұрақтарына жауап алды. Қабылдауда жеке шаруа қожалықтарының басшыларының әрекеттеріне шағымдар, сондай-ақ «Агробизнес-2020» бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар да айтылды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының және «Ауыл – ел бесігі» партиялық жобасының басым бағыттарының бірі екенін атап өткен жөн. Республикалық қоғамдық қабылдау консультанты Бауыржан Қасабеков тілшілерге берген сұхбатында Nur Otan партиясы адамды өзінің басты құндылығы, оның қадір-қасиеті мен құқығы, әл-ауқаты мен заңды мүдделері деп санайтынын айтты.
– Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның таяудағы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қоғамдық қабылдаулардың жұмысын күшейту туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі кезде осы мақсатта нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Біздің міндетіміз – азаматтардың мәселелерін атқарушы және құқық қорғау органдарының қатысуымен шешуге көмектесу. Сондықтан Республикалық қоғамдық қабылдауда тұрғындар көтерген кез келген мәселе жан-жақты қарастырылады, – дейді Республикалық қоғамдық қабылдау консультанты Бауыржан Қасабеков.
Кездесуде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, барлығына жауап берді.
– Nur Otan партиясы адамды, оның беделі мен құқықтарын, игілігі мен заңды мүдделерін басты құндылық деп есептейді. Партияның бүкіл іс-әрекеті халықтың мүддесін қорғауға бағытталған. Осы орайда, партия азаматтардың әрбір өтінішінің толықтай қаралуына бақылауды қамтамасыз етіп келеді, – дейді С.Омаров.
Айта кетейік, 2019 жылдың басында-ақ 143 мың адам хабарласты. Өткен жылы осындай уақытта 140 мың адам хабарласқан болатын. Өтініштердің орташа алғанда 40%-дан астамы оң шешімін табуда.
Тек биыл 8 ай ішінде 47 қабылдау өткізілді. Яғни, 14 министр 500-ден аса адамды қабылдады.
Мысалы, таяуда ғана 30 адам хабарласты. Партияның өтініші бойынша Жоғарғы соттың өкілдері олардың әрқайсысын жеке мәселелерімен қабылдады. Қазіргі кезде Жоғарғы соттың төрағасы Ж.Асанов осы сұрақтардың барлығын жеке бақылауына алды.