Айналайынға айналған онлайн
Айналайынға айналған онлайн
Түркістанда көрнекті жазушыжурналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисті және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Құрметті профессоры» Мархабат Байғұттың тағлымы мол «Түркілер төрі – Түркістан» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Тұсаукесерге арналған «Түркілер төрі – Түркістан» онлайн конференциясы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалдарының бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам адам онлайн жүйесі арқылы қатысты. Онлайн конференцияға түркиялықтар бастап, өзге де бірқатар түркітілдес елдерден әдебиетсүйер қауым қатысты. Сонымен қатар басқосуда Мархабат Байғұттың 75 жасқа толуына орай жылы лебіздер айтылып, жолданған құттықтау хаттар табысталды. Конференцияны белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филилалы төрғасы Ғалымжан Елшібай жүргізді. онлайн Елімізге белгілі ғалымдар, қаламгерлер, Сенат, Мәжіліс, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, аудан, қала әкімдері, сондай-ақ, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің жазушылары, әдебиеттанушылары қатысып, сөз сөйлеп, Түркістанның тарихына, оның мән-маңызына қатысты құнды пікірлерін ортаға салды. Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов осыған дейін облыс әкімі Ө. Шөкеевтің Мархабат Байғұтты 75 мерейлі жасымен құттықтағанын жеткізіп, Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушыға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Ғалымжан Елшібайдың айтуынша, Қазақстанның сакралды географиясындағы тарихи жәдігерлердің дені Оңтүстікте шоғырланғаны белгілі. Осыдан 3 жыл бұрын әзірленген Қазақстанның киелі 100 нысанының ішіндегі 23-і Оңтүстік өңірінде шоғырланған. Мәселен, екінші орында тұрған Қарағанды облысынан тек 12 нысан енген екен. Ал енді осы қасиетті орындардың әдебиеттегі көрінісі қандай? Бүгінгі әдебиетте қастерлі мекендеріміз қаншалықты дәріптеліп, қамтылып жүр? «Біз осы қастерлі орындарды насихаттауда, әсіресе жастарға танытуда әдеби саланың мүмкіндіктерін қаншалықты пайдалана алып отырмыз?» деген сауалдар сананы мазалайтыны рас. Ел аузында киелі орындар көп айтылып жүргенімен, көпшілік нақты деректерді біле бермейді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға да қаламгерлер қауымы сүбелі үлес қосары анық. Маңызды тарихи деректерді әдеби көркем тілмен әспеттей отырып көпшілік аудиторияға жеткізудің орасан пайдасы болатыны сөзсіз дегенді алға тартты. «Түркілер төрі – Түркістан» атты кітапта автор туған өңірі оңтүстік Түркістанның тарихын, табиғатын, даласы мен тауларын, сайын даланың ұлдары – даңқты тұлғалар, билеушілер, өзге де қайраткелерін арқау етіп, эсселерге айналдырып баяндайды. Сонымен қатар Мархабат ағамыз қоғамдағы мәселелерді көтеріп, оны жан-жақты зерделей отырып қамтыған, тақырыбы ауқымды. Өзінің өмірден көрген-түйгенін ақ қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа туған жердің қасиетін айта отырып, қастерлеуге үйретеді. Кітап Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айшықтайтын тақырыптар аясында да жазылып отыр екен. Кітаптың басты ерекшелігі, автор кітабында Елдос Елжанұлы деген басты кейіпкерді таңдап, оны сөйлете отырып, қазақтың өткені мен бүгінгісінен де құнды дүниелерді баяндатады. Яғни, «Түркілер төрі – Түркістан» атты еңбегінің басты кейіпкері Елдос – Мархабат ағаның ой-санасындағы сыңары. Көркем сөздің шебері Мархабат Байғұтұлы Елдосқа «Балдар-ей», деп қойып тарихтан сыр шерткізеді. Елдос кейіпкер осы бір ауыз сөзі арқылы жастарға, жалпы оқырман қауымға қаратып 19 тақырыптан тұратын монолог-эсселерін түрлі бағыт бойынша тарқатады. Мәселен, «Ешкінің ішегі мен домбыра» атты эссесінде Елдостың әскер қатарында қызмет атқарған кезеңінен бастау алып, қара домбыраның шығу тарихына ұласып кетеді. Мақсат: оқиға желісінде өзге ұлт өкілдерінің қызығушылық танытқан қазақтың төл аспабы – домбыраның құдіреті мен қасиетін жас буын санасына жеткізу, дәріптеу. Сонымен қатар, кітапта Ұлы даланың ірі қалаларымен қатар Түркістанның төңірегіндегі аймақтар да түгел қамтылған. Жібек жолы бойында орналасқан Отырар, Сайрам, Түркістан, Шымкент, Сығанақ сынды қалалардың көне тарихымен қазіргі тыныс-тіршілігіне дейін суреттей отырып бір-бір эссе арнайды. Бір эссеге нешеме ғасырды сидырып жіберген. онлайн Жиында сөз алған Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» газеті АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Түркістан идеясы – ұлы идея» деген пікір айтты. – Түркістанның осыдан екі жыл бұрын облыс орталығы мәртебесін алған кезде бүкіл түркі әлемі қуанды. Түркістанның дамуына президентіміз де ерекше мән беріп отыр. Ертүріктің бесігі жалпы түркі әлемінің бесігі, – деді ол. Айта кетері, жоғарыда аталған Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі – Түркістан» кітабы Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көріп отыр. Кітаптың құндылығы, елдің, жердің, Түркістанның қасиетін танытудағы маңызы туралы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Болатбек Абдрасилов, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып та атап өтті. Жиында сондай-ақ, өзбекстандық жазушы, аудармашы, «Алаш» сыйлығының иегері Мехманқул Исламқұлов, Қазақбай Юлдашев, Әзірбайжандағы Халықаралық Жас жазушылар одағының төрағасы, ақын Әкбар Қошалы, түркиялық әдебиеттанушы Бюлент Байрам Киркарели, Шымкенттегі «Ерлік» мұражайының меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенова сөз алып, Мархабат Байғұт шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін білдірді. Жиында жазушы Мархабат Байғұт: «Бұл кітап онсызда кітап оқымайтын кезеңде оқырманға жеңіл болу үшін, әдеби тілде жеңіл етіп жаздым. Негізгі кейіпкерім Елдос Елжанұлы деген менің егіз сыңарым атынан баяндалады. Мүмкіндігінше оқырманды жалықтырып алмас үшін осындай әдіс-тәсілді пайдаландым. Әсселерді тарихшыла, архелогтар мен үлкен ғалымдардың еңбектері мен айтқандарына сүйеніп жаздым», - деп конференцияны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Ол сондай-ақ, елдің амандығын, жұртымыздың індеттен аулақ болуын айтып, елімізде болып жатқан карантиндік режим кезінде жұмыстар мүмкіндігінше тоқтап қалмай жүріп жатқанын және қауіпсіздік ережені сақтай отырып ұйымдастырылып жатқан онлайн шаралардың маңызы жоғары екенін жеткізді. Сөз соңында «онлайн – айналайын конференциялар өте берсін» деп түйіндеді.