Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин демалыс күндері жабылатын нысандар туралы айтты.
"Демалыс күндері жабық базарлар, шаштараздар, салондар, моншалар мен сауналар жұмыс істемейді. Ірі нысандар да жабық болады", - деді Бекшин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.Оның айтуынша, сенбі-жексенбі күндері тауға шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ, қоғамдық көлік тоқтатылады. "Әзірше, сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік жұмыс істеймейді. Жағдайға қарай өзгерістер болады. Қазіргі кезде біз барлық көрсеткіштерді бақылап отырмыз. Ауруды жұқтыру, өлім-жітім, науқастардың саны мен ауруханадағы бос орындар сияқты көрсеткіштер ең төмен деңгейде болғанда демалыс күндері қоғамдық көлікті жүргізу және нысандарды ашу мәселесі қаралады", - деп атап көрсетті Бекшин. Осы орайда қаланың бас санитары дүйсенбіге қатысты қосымша ақпарат шығатынын да жеткізді. Себебі 31 тамыз да демалыс күні болады.