"Астана Балет" театры онлайн-жобаларын жалғастырып келеді. 27 тамызда елордалық театр өз сахнасын Ботаникалық бақ орталығына көшірді. Мұнда Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған концерт түсірілімі өткен болатын. «Ботаникалық бақтағы көрсетілім» атты концерттік бағдарламаға екі бір актілі балет енген: театрдың шақырылған хореографы Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» және заманауи балетмейстер Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат» қойылымы. “Love Fear Loss” – француздың ғажайып әншісі Эдит Пиафтың өмірі мен ғаламат музыкасынан нәр алған үш дуэт. Оны театрдың жетекші солисттері Дилара Шомаева мен Дэвид Джонатан, Айжан Мұқатова мен Сүндет Сұлтанов, Татьяна Тен мен Фархад Бөриев орындап шықты. «Өткенге саяхат» балетіндегі басты партияларды Айнұр Әбілғазина, Татьяна Тен, Фархад Бөриев пен Қазбек Ахмедияров орындады. Концерттің трансляциясы 2-қыркүйекте, сағат 20:00 театрдың youtube-арнасынан көрсетілмек. Қалың көпшіліктің тамашалауына мүмкіндік бар. Келесі концерттің түсірілімі 30-тамызда, «Астана Балет» театрының орталық кіреберісінде орнатылған жасанды сахнада өтеді. Конституция күніне орай өткізілетін іс-шара онлайн режимде көрсетіліп, театрдың ресми интернет-платформалары – youtube және инстаграм арқылы таратылады. Концерт бағдарламасына «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің үздік хореографиялық миниатюралары енген.
"Карантин кезінде «Астана Балет» Театры» біршама онлайн-жобаларды жүзеге асырды. Жұмыстың осы түріне арнап ұйымдастырылған концерт түсірілімдері – жұмыстың жаңа сатысы. Мұнда үйреншікті түсірілімнен ерекшеленетін түсірілім жүргізіледі. Бірақ, көрермен қауым әртістеріміздің еңбегін бағалайтынына сенімдімін. Бұдан бөлек, біз тағы бір ерекше онлайн-жобаны жүзеге асырмақшымыз. Ол көрерменмен үйреншікті жұмыс тәртібіне оралуымызбен қатар, параллель жүзеге асырылмақшы", - деді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.Естеріңізге сала кетейік, Ведомствоаралық комиссия Қазақстанда карантинді жұмсартудың екінші кезеңін мақұлдады. 31-тамыздан, елімізде мәдени ошақтар залдарын 50% толтырып, жұмысына кірісе бастайды. «Астана Балет» Театры 1-қыркүйектен бастап, көрерменіне есігін ашпақшы. Алда өтетін іс-шаралар жайлы театрдың сайты мен инстаграм парақшасынан білуге болады.