Екпе ме, айыппұл ма?
Екпе ме, айыппұл ма?
275
оқылды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметін­ше, әлем тұрғындарының 85 пайызы екпе салдырған. Вак­цина салдырудан бас тарту әсерінен 1,5 млн адам көз жұмған. Әсіресе, екпе салдыру сәби үшін маңызды. Вак­цина арқылы түрлі аурудың алдын алуға болады. Елі­мізде жыл сайын егуден бас тартатын ата-ананың кө­беюіне байланысты Үкімет жаңа заң жобасын әзірлеп жа­тыр.

Көпшілігіміз вакцина жасау­дың байыбына бармаймыз. Бізге бұл дәрігердің міндеті сияқты кө­рінеді. Алайда екпе салдыру ал­дымен адамның өзіне қажет. Ек­пені салғанда ағзада Т мен В лим­фоциттері түзіледі. Бұл ви­рус пен бактерияны анықтап, за­рар­сыздандырады. Лимфоцит жасу­шаларының «есте сақтау қа­білеті» өте жақсы. Егер ағ­заңыз­да вирус байқалса, бірден қорғану шарасын қабылдайды. Вакцина арқылы иммундық реак­ция жақсы жұмыс істейді.

Екпеден бас тарту дифтерия, көк­жөтел, полиомиелит, қыза­мық, В гепатиті, қызылша, эп­це­фалит, туберкулез, паротит жә­не сіреспе ауруына әкеледі. Мы­салы, Ұлыбританияда 1978 жә­не 1982 жылы көкжөтел індеті та­ралды. Себеп – екпе сал­дыр­мау. Салдарынан 70 мың бала ау­руға шалдыққан. 1979-1996 жыл­дары Швецияда көкжөтелге қарсы вакцина салуға мораторий жар­иялайды. Нәтижесінде, ел­дегі 10 жасқа толған балалардың жар­тысынан астамы вирус жұ­қ­тырады. ДСҰ статистикасында, соң­ғы 10 жылда Еуропа елдерін­де қызылшаның меңдеп кетуі егу­ге қарсы болумен байланы­са­ды.

Шетелдегі ахуал осындай. Ал Қазақстанда екпеден бас тар­татын ата-аналардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл – бала өмі­ріне қауіпті. Мамандардың ай­туынша, вакцина салдыру – ауру­дың алдын алу кепілі. Дін істері комитетінің мәліметі бойын­ша, 2015 жылы 8 383 адам егіл­меген. 2016 жылы 9 685 адам вак­цина салдырмаған. Екпені қа­ламайтындардың саны бір жыл­дың ішінде 13,4 пайызға кө­бейген.

 

ЕКПЕНІҢ ЗИЯНЫ БАР МА?

0-14 жас аралығында негізгі ек­пе салу жүреді. 18 жасқа дейін тұ­мауға қарсы жылына бір рет вак­цина алсаңыз жеткізілікті. Әлем­де біз біле бермейтін екпе түр­лері бар екен. Еуропа, АҚШ жә­не басқа елдерде жаңа вак­ци­на түрлері бар. Егер сіз аталған ел­дерге бара қалсаңыз, егуден өт­кеніңіз жөн.

ДСҰ екпенің қауіпсіз екенін ай­тады. Кері әсер беру сирек кез­деседі екен. Эпилепсия, сал ау­руы, иммун жетіспеушілігі ке­зін­де де сала береді. Зерттеу бойын­ша, екпе салдырған бір мил­лион адамның тек біреуінде алл­ергиялық реакция береді. Шетелде вакцинаға аллергия­лық талдама жасалмайды.

Қандай жағдайда вакци­на­дан бас тартамыз? Мысалы, ба­­ланың қызуы көтеріліп, тұ­мау­ратып тұрса, екпе сал­дыр­мауы­на болады. Өйткені екпе­ден кейін не үшін қызу көтеріл­ге­нін анықтау қиын. Егер сә­биі­ңіз гепатиттен енді ғана жа­зы­лып, антибиотик қабылдап жүр­­се, екпе туралы алаңда­маңыз. Вак­цина салдыра беруіңіз­ге болады.

Вакцина – биопрепарат. Сон­дықтан егуден кейін бала­ның дене қызуы көтерілуі, ал­лер­гиялық реакция, сирек эн­цефалиттер кездеседі. Көпшілігі осының салдарынан екпеден бас тартады. Білсеңіз, екпе егіл­ген бала жоғарыдағы аурудың бі­рі­мен ауырып қалғанның өзін­де, тез арада емделіп кетуі мүм­кін.

Әлемде аутизмге вакцина се­беп дейтіндер бар. Мәселен, Еу­­ропада, Оңтүстік және Сол­түс­тік Америкада жүргізген зерт­теулер басқаша сөйлейді. Нә­тижесі көрсеткендей, вак­ци­на мен аутизмнің бір-біріне қа­тысы жоқ.

 

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Ата заңда бала денсаулығы мен құқығын қорғау нақты көр­се­тілген. Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі тура­лы» кодексінің 89-бабының 1.1-тармағында «Әрбір бала ден­саулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін, ауруларды емдеу құралдарын пайдалануға және денсаулығын қалпына келтіруге құқылы» делінген. Сондай-ақ 156-бабтың 1-тармағында «Қазақстанда тұратын физикалық тұлғалар кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберіндегі инфек­ция­лық және паразитарлық ауру­лар­ға қарсы алдын алу екпелерін алуға міндетті» деп белгіленген. Яғни, баласына вакцина сал­дырудан бас тартқан кез келген ата-ана жазалануы мүмкін.

Осыған қатысты заң жобасы жайлы баспасөзде біраз айтыл­ды. Аталған тақырыпта өткен жиын мен брифингтерде түрлі мә­селе көтерілді. Екпеден бас тартқан ата-ана баласы ауруға ша­л­дықса, өзі емдетуі тиіс. Өйт­кені балаға бірінші болып жауап­­ты – ата-ана.

– Заң жобасында бала­ла­ры­ның екпе салдыру құқығын бұз­­­ған ата-аналарға қатысты айып­­­пұл санкцияларын енгізу тура­лы ұсыныстар бар. Жоба әлі әзір­леніп жатыр, оған ұсыныс­тар ене­тін болады, – деді Ден­сау­­лық сақтау министрлігі өкіл­дері.

Ведомство айыппұл ата-ана­ның бәріне бірдей са­лын­бай­ты­нын, екпе салдырмаған бала ауыр­­маса жаза да жоғын жет­кіз­ді. Сондай-ақ әзірше айыппұл мөл­шері жарияланбағанын
айт­ты.

Министрлік мәліметінше, елі­мізде ата-аналардың 50 пайы­зы екпе туралы өзіндік пікірі бойынша бас тартады екен. Маң­ғыстау, Ақтау мен Ақтөбе тұр­ғындары діни наным-сенімге байланысты вакцина салдыр­май­ды. Аталған пікірдегі азамат­тар 35 пайызды құрайды. Ішінде екпеден күдіктенетіндер де бар. Олардың көрсеткіштері – 15%. Арасында екпе туралы жағымсыз ақ­паратты оқығаннан үркіп қал­ғандары да бар.

Осы туралы елордада өткен конгресте Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орын­басары Жандарбек Бекшин кеңінен айтты. Ата-аналар мұн­дай әрекетке бар­ғанда бәрінен бұ­рын балаға қиянат жасай­ты­нын ескертті. – Бізде Дүние­жүзі­лік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бар. Соған сәйкес, ба­лаларды вакцинациялау 95%-ға, ере­сек­тер­ді вакцинациялау 80-85%-ға жету керек. Осы дең­гей­ге жет­сек, елімізде жұқпалы ау­ру­лардың таралуы тыйылады. Біз Қазақстанда бұл көрсеткішті 97%-ға жеткіздік. Бізді қызылша ауруы алаңдатып отыр. Бұл ауру қа­зір пандемия ретінде әлем бойын­ша таралып жатыр. Конг­ресске келген қонақтар Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау дерек­тері бойынша, қазіргі уақытта әлемде қызылшамен ауырған 375 мың жағдай тіркелгенін мә­лімдеді. Осыған байланысты Ма­дагаскар және басқа да бір­қа­тар мемлекетте өлім-жітім бол­ған. Бұл ауру АҚШ-та да та­ралуда. Біз алдын алу ша­ра­ла­рын жасап жатырмыз. Келесі ап­тадан бастап денсаулық сала­сын­да жұмыс істеп жүрген дәрі­гер­лермен бірге қосымша егу жұ­мыстары қолға алынады, – де­ді ол.

Сонымен бірге қазір елімізде 10-12 айға жетпеген сәбилердің ара­сында ауру нышаны бай­қал­ған. Сондықтан егу шараларын 9 айдан бастайды. Ауру іштен та­рамас үшін медицина қыз­мет­керлерінің 99,7 пайызы вакцина сал­дырған. Енді балабақша мен мектепке тек вакцинацияланған ба­лаларды жіберу туралы ұсы­ныс бар екен. Ал біле тұра бала­ла­рын егуге апармағандар әкім­шілік жауапқа тартылады. Бұл туралы жоба денсаулық сақтау ұйымдарында талқылаудан өт­кен соң, Парламентке жол­дана­ды.

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Бұл Ата заңда жазылған құн­­дылық. Ал елдің ертеңі – ұр­пақ. Баланың денсаулығы бә­рі­нен маңызды. Денсаулықты күту­дің негізі – алдын алу. 1736 жы­лы Бенджамин Франклиннің төрт жасар ұлы шешек ауруынан көз жұмады. АҚШ президенті өмір­баянында баласына вак­ци­наның бастапқы түрін салдыр­ма­ғанына өкінетінін жазады. Өкін­беу үшін берілген мүмкін­дік­ті пайдаланған абзал емес пе?!


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ