Сарапшылар ұсынысын, жұртшылықтың талап-тілегін, сын-ескертпелерін Мәжіліс депутаттары бірінші кезекте әлеуметтік, экономикалық салалардағы заңнаманы жетілдіруге және Мемлекет басшысының саяси реформаларын іске асыруға арналған заңдарды пысықтау кезінде ескереді. – Біздің ұстанымымыз белгілі: заңшығарушылық жұмыс барысында сарапшылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлерді барынша есепке алу. Заң жобаларымен жұмыс істеу кезінде бағаларыңыз бен тұжырымдарыңызға сүйену үшін сарапшылармен үнемі байланыста болуға ниеттіміз, – деді Н.Нығматулин. Оның мәліметінше, бүгінде палатаның қоржынында 72 заң жобасы жатыр, оның 21-не депутаттардың өзі бастамашы болған. Мәжіліс Спикері депутаттардың алдағы заң шығару қызметінің басым бағыттары туралы айта келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы парламенттік сессияның ашылуында жоспарланып отырған халыққа Жолдауының орындалуын заңнамалық қолдауды қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Депутаттар алдында ауыл, аудан, қала деңгейіндегі билікпен ынтымақтастықты кеңейту, Экологиялық кодекс жобасымен жұмыс істеу секілді міндеттер тұр. Кездесуге қатысқан Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, Ғазиз Әбішев, Данияр Әшімбаев, Ғалым Байтоқ, Рақым Ошақбаев, Ерлан Сайыров және Марат Шибұтов бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, оның арасында «Жайылымдар туралы» заңды тиімді қолдану, жеке тұлғалардың банкроттығы, халықты несиелендіру түйткілдері, меморгандар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысы сияқты мәселелер бар. Отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы күшейту бағытындағы жұмыста депутаттық корпус пен сарапшылар қоғамдастығы тізе қоса қимылдауы қажет екені атап өтілді. Нұрлан Нығматулин депутаттық корпус пен сарапшылардың ынтымақтастығы нәтижесінде салмақты, сындарлы пікірлер ескеріліп, сапалы заң жобалары қабылданатынына сенім білдірді.
Айхан ШӘРІП