Ресей вакцинасына неге асықты?
Ресей вакцинасына неге асықты?
173
оқылды
 

Мәскеуге барғандағы мақсат не?

Ресейліктердің коронави­русқа қарсы вакцинасы «Спутник V» деп аталады. 11 тамыз күні тіркеліп, В. Пу­тин ресми түрде жариялаған. Ер­теңіне отандық БАҚ-та еліміз­дің Денсаулық сақтау министрлі­гінің ресейлік вак­цинаға көзқара­сы тура­лы пікірлер жарияланды. Ол жерде Қазақстанның тарапы­нан вак­цина сатып алу туралы келісім жасасып жатпағаны ай­тылған. «Әлемдегі ең мықты зерт­ханалар өндірістің үшін­ші саты­сында. Ал­да әлі төртін­шісі бар. Одан әзірге ешкім өтпеді» деген еді ми­нистр­лік­тің ресми өкілі Бағдат Қо­жахметов. Ресей­ліктер болса, араға төрт күн салып, қызу жұмыс­қа кірісіп, өн­діруді бастап кетті. Бүкіл әлем бойынша бірінші бо­лып тір­кел­ген вакци­наны Путин­нің қызы салдырып, тәжірибеге қатысты де­ген де ақпарат шықты. Қош, ерікті түрде екпе алғандардың ешқай­сында кері әсер болмапты. «Нақтыланбай жатып сатып ал­маймыз» деген біздің министр­лік өкілдері 24 тамызда Ресейге аттан­ды. Делегацияны вице-премьер Роман Скляр бастаса, топ құра­мын­да министр Алексей Цой бол­ды. Өздерінің айтуынша, Мәскеуге ба­рудағы мақсат вак­цина әкелу емес. Ресми өкіл «Бұл – жыл сайын­­ғы жоспарлы кездесу. Вак­цина үшін барды деуге бол­майды. Өзекті тақы­рып болған соң назар ауып отыр. Әйт­песе, онсыз да өте­тін кездесу еді» деген еді сендіріп. Бір қызығы, екі күннен соң 26 та­мызда белгілі болған ақпарат сан түрлі сұ­рақ тудырды. Дәрі сатып алушы бірың­ғай дистри­бьютор «СҚ-Фармация» Ре­сей­­­дің тікелей ин­вести­циялар қоры­мен келісім­шарт жаса­сыпты. Соңғы, төртінші саты­дан әлі өтпеген вакцинаны Нұр-Сұлтанға бөлу жайлы келісім­ге кел­­ген. Артынша бұл келісім жа­сал­ғанын, бірақ тексерістің бар­лық сатысынан өт­кен соң ғана бөлінеті туралы айтып, ми­нистр желідегі парақ­шасына жа­риялады.  

Санкцияның салқыны

Жалпы алғанда, бүгінде әлем бойын­ша жүздеген түрлі вакцина жа­салып жатыр. Бірінші болып Ресей тіркеді. Дегенмен Дүние­жүзі­лік ден­саулық сақтау ұйымы ресей­лік вакцинаға күмәнмен қара­ған. Қаншалықты тиімді болары, қауіпсіз екені белгісіз. Барлық сатыдан өтпегендіктен, күдіктенуі де заңды. Бірақ оған қарап жатқан Ресей жоқ, мойын­дағысы келмейді. Осы ретте айта кету керек, Ден­саулық сақтау министрлігі ресейлік вакцинаны сатып алар болса, АҚШ санкциясына ұшы­рауы да мүмкін. Өйткені Америка Ресейдің 5 ғылы­ми-зерттеу инс­титутын санкциялар тізі­міне енгіз­ген. Оның ішінде «Спут­ник V»-ті жасаған Гамалея атындағы орта­лық та бар. Қоғам белсендісі Қуа­ныш Еділхантегі «Ақ­парат амери­калық Қаржы министр­лігінің сайтын­да тұр. ҒЗИ жұмыс­тары АҚШ-тың ұлттық қауіп­сіз­дігіне зиян деп табыл­ған. Өйт­кені бұл институттар әскери құры­лым­дармен тығыз байла­нысты. Бұ­лар­дың химиялық, био­логия­лық қару жасауға қатысы бар. Қорғаныс ми­нистрлігінің 48-Ор­талық ҒЗИ-і мен Гамалея орталығы вакцинаны бірлесіп жасаған» деп жазған бо­латын.  

2-5 миллион доза қайдан шықты?

 Қоғамда резонанс тудыратын жаңалық мұнымен бітпеді. Ре­сей­лік БАҚ Қазақстанның кемі 2 миллион доза сатып алатыны туралы жазды. Ондай деректі Ресей­дің тікелей инвестициялар қоры­ның басшысы Кирилл Дми­триевке сілтеме жасай отырып таратты. «Келі­сімшартта «Спут­­ник V» вакци­насының 2 мил­лионнан астам дозасын жеткі­зу көзделіп отыр. Алдағы уақытта се­рік­­тестермен көлемін 5 мил­лионға дейін арттыруды да қарас­тырамыз» деген еді. Байқағанымыз, шыққан қан­дай да бір ақпараттан соң түсін­дірме жүреді. Бұл жолы да солай болды. Қожахметов вакцина көле­міне қатысты келісім жа­сал­маға­нын, әлгі ақпараттың әзірге нақ­ты емесін айтып отыр. «Қа­зақ­стан мен Ресей вакцина­ның көлемін де, бағасын да нақты­лаған жоқ. Келісім­шартқа қол қойыл­мады. Тек әбден дайын бол­ғанда сатып алуға ниетті еке­німізді білді­ретін келісім бар. Қай елде барлық тек­серіс сатысы­нан өткен вакцина пайда болса, ха­лық­ты барынша қорғау үшін сатып аламыз. Мейлі Ресей, мей­лі Қытайдан болсын. Әзірге Ресейде ғана дайын. Бас­қа ел­дерде жасалып бітсе, олар­мен де келісім жасасамыз деп ойлай­мын». Негізі, Дүниежүзілік денсау­лық сақ­тау ұйымы халық­тың кем де­генде 10 пайызы­­на вакцина салы­нуы керек дейді. Қазақ­станда 11,5 пайыз адам – тәуекел то­бында. Соларға вакцина бірінші кезек­те салынуы тиіс. Министр­ліктің рес­ми өкі­лінің айтуынша, 2 мил­лион доза тура­лы ақпарат осыдан шық­қан. Ендеше бә­рі­не түгел ресейлік вакцина салу қан­шалықты дұрыс? Әзірге саны нақ­ты­лан­ба­са да, біздің министр­ліктің шешімді әп-сәтте шыға­рып, келісімге келе салуы қиын емес.  

Вакцина қажет болмауы мүмкін бе?

 Qmed ұлттық инновациялық меди­цина палатасы президенті, қоғамдық денсаулық сақтау ма­гистрі Әкім Тұрсұн «Вакцинаны бір елден ғана алған жөн емес», – дейді. «Би­лік пен министрлікке деген сенім артуы үшін әр елден алған дұрыс. Әрине, әзірге көле­мін нақты айт­падық деп отыр. Де­генмен түгелдей Ресейден ала са­луы да ға­жап емес. 2 мил­лионды бірден алу тым көп. Еуропа, Оң­­түстік Корея сынды ел­дер­дікін көрген жөн. Қалай болған күнде де алдымен анализ тапсырып, анти­­дене бар-жоғын міндетті түрде анықтау қажет. Одан кейін­­гі мәсе­­ле – вакцинаның қанша­лықты қажет болатыны. Яғни, екінші тол­қын кезінде ауырғандар жеңіл түрде ауыратын болса, демек кә­дімгі тұмау секілді, вак­ци­наны қажет етпеуі мүмкін». Дәрігер Ғабит Нұрханұлы вак­цина тақырыбын қозғауға әлі ерте деген пі­кірде. «Негізі, вакци­на жа­салатын және жасалмайтын аурулар болады. Вирусты гепатит А, В, қызылша сынды ауруларға бір рет жасалған соң адам онымен екінші рет ауырмайды. Ал өзінен кейін антидене қалдырмайтын тұмау, пневмонияға вак­цина са­лу­­дың пайдасы жоқ. Өйткені анти­денелер ұзақ сақталмайды, қайта ауыра бе­реді. Корона­ви­рустың шық­қанына бір жыл бол­мады. Әзірге тек күту керек. Ал ресейлік вакцинаны сатып алу туралы ақпаратқа келсек, мұнда саясат бар деп ойлаймын. Яғни, Ресей өзінің ықпалы жүретін мем­ле­кеттерге күштеп сал­дыра­тын сы­ңайлы. Себебі «вакци­наны осын­ша ел алып жатыр» деген статистика қажет. Қарап отырсаңыз, келісім­шарт жасасып жатқан елдердің бәрі – Ресейдің одақ­тастары». Пандемия басталғалы вакци­на мәсе­лесі көп талқыланды. Жүз­­­де­­ген мемлекет белді бекем буып жасауға кірісті. Оның ішін­де өзі­міздің мамандар да бар. Бір айта кетерлігі, ғалымдары­мызға жақсы баға беріліп жатыр. Деген­мен жа­сап шығарудан бөлек, оны халық­қа жаппай өндіру мәселесі айтар­лықтай оңай емес. Бәл­кім, Үкі­меттің басқа елдермен келі­сім­шарт жасасып жат­қанының мәні де сол өз күшіне сенбе­геннен болуы да мүмкін. Осы жарты жыл­да жеңіл түрде де, ауыр түр­де де ауырып шыққандар болды. 1 700-ден астам адам жан тап­сырды. Алда екінші толқыны болады деп күтіліп отыр. Бұл жолы жағдай қалай бо­лары белгі­сіз. Жылына екі мәрте ай­налып соғатын тұмаудың түрі бол­са, қыр­уар қаражатқа вакцина жа­сау, зауыт салу, басқа елден сатып алу қан­шалықты қажет? Халық­тың сау­лығын сақтауды ойлай­тын­дай жағдай расымен мүшкіл ме? Бәл­кім, дәл қазір елдің қазы­на­сын сақтау маңыздырақ болар? Қайда асы­ғамыз?  

Жадыра АҚҚАЙЫР