Ол алғаш рет 2008 жылы депутаттық корпусқа кіруге деген талпынысының сәтсіз аяқталғанын айтады. Алайда екінші мәрте 2012 жылы халқымыздың жақсы өмірі үшін қоғамдық шараларға атсалысу мақсатында тағы да бағын сынаған. Сол жолы мандат иесі атанған Бекайдар Мұсаұлы көптеген игі істің басы-қасында жүргенін айтады. «Біз партия мүшелерімен бірге мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік саясатының жоғары деңгейде дамуын қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істедік. Ол кездері партия қатарында 18 мыңдай азамат болса, бүгінде олардың саны 24 мыңнан асты. Мен депутат ретінде қаламыздың өзекті мәселелерін әлі де шеше алатыныма сенімдімін. Депутат болу жоспарланған іс-шаралар мен қабылданған шаралар туралы хабардар болуға мүмкіндік береді», – дейді ол. Праймеризге қатысушы өзінің жас қарсыластарына төтеп бере алатындай тұжырымды пікірлері бар екеніне сенімді. Сонымен қатар ол нұротандықтармен бәсекелес болмайтынын, керісінше, олардың барлық бастамасына қолдау білдіруге әрқашан дайын екенін жеткізді. «Мен жастардың талпынысына ризамын. «Жас келсе – іске» дегендей, өзім негізінен сауатты және белсенді жастармен жиі араласамын. Ал өзім партиялық жұмысқа жетілген, өндірісте жұмыс тәжірибесі бар, еңбекші халықтың ортасында жұмыс істейтін адам ретінде осы қадамға бел будым. Сондай-ақ қазіргі сәтте сауатты жастар алға ұмтылып, үлкен жетістіктерге жетуі керек деп санаймын. Әрине, кадрлық саясатты өзгерту керек, бірақ бұл елді тек жастар басқару керек деген сөз емес. Мемлекеттік жұмыстарға отандық өндірісте шыңдалған және қазақстандық экономика мен саясат жүйесін білетін нағыз мамандарды тарту қажет», – дейді Бекайдар Мұсаұлы. Оның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыты – Шымкент қаласын өндіріс пен ғылым, мәдениет пен дәстүр, қажылық пен туризм әлеуетін республикалық және аймақтық дамыту орталығына айналдыру. Айта кетейік, Шымкент қаласында осы уақытқа дейін праймеризге қатысуға 124 адам өтініш білдірген. Олардың 31-і қыз-келіншектер болса, 7-уі көпбалалы аналар, 44-і жас буын өкілдері. Депутат болуға бақ сынағандардың қатарында 11 мәслихат депутаты бар. Өтініш білдіргендердің 26-сы кәсіпкер, 16-сы білім және ғылым өкілі болса, 6 дәрігер, 5-еуі мәдениет және спорт саласының өкілдері, 13 азаматтық альянс және бес БАҚ өкілі бар.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы