Оның еңбегін қазылар алқасы фэнтези жанрындағы бірегей туынды ретінде бағалаған. Зәуре Төреханова – балалар жазушысы, сценарист. Банктегі қызметін тастап, шығармашылықпен айналысқанына көп уақыт бола қоймаған. Соның өзінде бірнеше қазақстандық әдеби байқаулары мен сыйлықтардың лауреаты атанып үлгерді. Енді, міне Зәуре халықаралық деңгейде танылып отыр. Пандемияның кесірінен ол марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, оқиға өрбіген сценарий сюжетінде сиқырлы әлем кейіпкерлерінің образдары керемет суреттелген. «Сценарий бірегейлігімен таңғалдырады. Жан-жақты ізденіс байқалады. Шығарма фэнтези жанрында бүге-шүгесіне дейін суреттеледі. Мұндай тамашаны сирек кездестіресің», – дейді қазылар алқасының мүшесі Спенсер Хоукен. Сонымен қатар қазақстандық режиссерлер мен сценаристердің тағы 3 еңбегі фестивальдің финалисі атанды. Еуразиялық шығармашылық гильдия кинофестивалі – Еуразиялық кинематографтың ағылшын тілді кеңістікте таралуына себепші болып жүрген аз шаралардың бірі. Биыл пандемияға қарамастан, ұйымдастырушылар шараны онлайн емес, дәстүрлі форматта өткізіп отыр.