Алматы облысы – аса ірі агроөнеркәсіптік аймақ. Қазіргі кезде елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 20 пайызы осы берекелі өңірдің үлесінде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар жыл сайын өңірлеріндегі қолайлы ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлерін көбейтіп, көлемін ұлғайтып, түсімін арттыруда.
Әсіресе, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы құрылған сервистік-дайындау орталықтарының шаруаларға көп шарапаты тиюде. Еңбек адамдарының қолын барынша ұзартып, адымын ашып отыр.
Қапшағайдағы «Ақөзек» СДО басшысы Думан Майлиханов сервистік-дайындау орталықтарының тиімділігін айрықша атайды. Кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын «Ақөзек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен «Майлиханов Д» шаруа қожалығын біріктіріп, сервистік-дайындау орталығын құрды. Өңірге танымал кәсіпкер, Қапшағай қаласындағы ірі шаруа қожалықтарының басшысы, фермерлер одағының жергілікті филиалын басқаратын және Кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кіретін шаруа адамын таңдауда адасқан жоқ. Оған ауыл шаруашылығымен бала кезден таныс. Жастайынан пияз себуге көмектесіп, трактор жүргізген. Осылайша, ол бизнестегі үлкен тәжірибесі мен іс жүргізудегі инновациялық тәсілінің арқасында Қапшағай өңірінде табысты әрі ірі СДО құрды.
2017 жылы алғаш рет қант қызылшасына бет бұрған еді, қадамы сәтті болды.
– Шаруашылықта біз бұған дейін әрдайым пияз, соя, арпа және қарбыз өсірдік. Жетісулық шаруалар қант қызылшасын жаңғырту бойынша мемлекеттік қолдаудың жемісін көргеніне көз жеткізген соң біз де осы іспен айналысуды жөн көрдік. Сосын сервистік-дайындау орталығын құрдық. 2017 жылы 60 гектарға қызылша егілді. Нәтиже біз күткеннен де асып түсті. Гектарынан 520 центнер өнім жинадық, – дейді орталық жетекшісі.
Егер екі жыл бұрын «Ақөзекте» егістік көлемі 60 гектар болса, 2018 жылы тәтті түбір көлемі 200 гектарға жеткізіліп, 4 мың тоннадан астам өнім жиналды. Биыл «Ақөзек» СДО-да қант қызылшасы 160 гектарға өсірілді.
Көпке мәлім, Қапшағайдың жазы ыстық және желді. Қолайсыз ауа райына қарамастан, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы сатып алынған элиталық тұқымдар өнімділікті арттыруға септігін тигізеді. 2018-2019 жылдары жалпы сомасы 33,3 млн теңгеге Германия мен Франциядан 640 дана егіс тұқымы сатып алынды.
– Еуропалық тұқымдардың ерекшелігі – олардың әртүрлі агроклиматтық жағдайларға бейімделуінің жоғары деңгейде екенінде. Сонымен қатар, тұқымдар біздің жер қыртысына төзімді. Осының арқасында жақсы өнім аламыз. Облыс шаруаларына айтарлықтай көмек көрсеткені үшін «Жетісу» ӘКК-ге алғыс білдіргім келеді, – деп атап өтті Думан Майлиханов.
Заманауи ауыл шаруашылығы техникасы да кәсіпкерлердің ісін алға бастыруда. Тиімділігі мен өнімділігі жоғары техника жұмыс күшін азайтуға, егіс алқабын жедел дайындап, егін жинау мерзімін қысқартуға көмектеседі.
Қаржы лизингі аясында «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» арқылы «Ақөзек» СДО жалпы сомасы 171,6 млн теңгеге 14 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Олардың қатарында қопсытқыш, бүріккіш, айналмалы соқа, сепкіш, трактор, тіркеме және басқалар бар.
Қожалықта тұрған Agrotron 170 сериялы DEUTZ FAHR неміс тракторы жоғары өнімділігімен, беріктілігімен және икемділігімен ерекшеленеді және тіпті ең күрделі жағдайларда да жұмыс істей алады. Осы ерекшеліктері тракторға дайындық жұмыстарынан бастап күні бойғы егіс жұмыстарына дейін, жыртудан бастап тасымалдауға дейін күрделі істерді жүргізуге мүмкіндік береді.
Ал MONOSEM MECA V4 механикалық сепкіші қант қызылшасын егу үшін арнайы жасалған. Себетін аппарат тереңдікті тұрақты бақылап, тұқымдарды дұрыстап орналастыру мен сапалы себуді қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, қазіргі уақытта «Жетісу» «ӘКК» ӨДИ» АҚ қолдауымен Алматы облысында қызылша бағыты бойынша 29 СДО құрылған. СДО-ға «Жетісу» ӘКК тарапынан жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын 603 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды және 2011 жылдан бері 60 мыңнан астам дана (бір данада 100 мың тұқым болады) егіс тұқымы берілген.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы