Қымыз пісуден әлемдік рекорд орнатылды
Қымыз пісуден әлемдік рекорд орнатылды
313
оқылды

Қазақстанда алғаш рет қымыз пісу бойынша әлем­дік рекорд орна­тылды. Қа­ра­ғанды облысы Жаңа­арқа ау­данының 90 жыл­дығы мен Сә­кен Сейфуллин­нің 125 жыл­­дығы мерекесі аясын­да жү­­зеге асты. «Рухани жаң­ғыру» бағ­дарламасы шеңбе­рін­де мерей­той үлкен ау­қым­­­да атап өтілді.

Мерекелік іс-шаралар Сәкен Сейфуллин ескерткішіне гүл шо­ғын қойып, «Сәкен ту­ған Жаңа­арқа» атты театр­лан­ды­рыл­­ған қойылымнан басталды. Ша­­раға Сәкен Сейфуллиннің ұр­пақтары, белгілі ақындар Ға­лым Жайлыбай мен Серік Ақ­сұң­қарұлы, Шет ауданы мен Қара­ғанды облысының Құрметті аза­маты Қасымбек Медиев және басқа да қонақтар қатысты.

– Бүгін бізде өте маңызды ме­реке атап өтілуде. Өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ халқы көп нәр­сені бастан кешірді. Сол кез­де халық мүддесін қорғаған ұлы қайраткерлердің бірі Сәкен Сейфуллин болатын. Сол бір қиын-қыстау заманда көптеген қазақтар өз өмірін Отан үшін беру­ге дайын болатын. Біз осы бір ержүрек батырларымызды мәңг­ілік естен шығармай, бола­шақ ұрпаққа олар туралы айтып отыруымыз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөзінде.

Мерейтойда жаңаарқалықтар 10 мың литр қымызды бір мезетте күбіде пісіп, әлемдік рекорд ор­нат­т­ы. Оған ауданның 12 ауылы мен екі кентінен жиналған 1 000 адам қатысты.

– Мен бұл рекордты жазу үшін арнайы Кубадан ұшып кел­дім. Ол дайындалған сусын кө­ле­мі, акцияға қатысушылар саны және пайдаланылған ыдыстар бойынша саналады. Бізде түрлі ре­кордтар көп, бірақ осындай ре­корд алғаш тіркеліп отыр. Барлығын тексердік, өл­шеп қой­дық. Бір ай ішінде осы ре­корд­тың нәтижесі біздің сайтта жарияланады, – деді Гиннес рекорд­тар кітабының өкілі Юделькис Диас.

Осыдан кейін Юделькис Диас қымыз бен бауырсақтан дәм тат­ты. Оған қымыздың дәмі ұнап­ты.

– Бүгін Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы мен Сәкен Сейфул­лин­нің туғанына 125 жыл толуы­на орай, үлкен шара өтуде. Осы­ған байланысты мұнда рекорд ор­натылды. Қазақстанда мұндай рекорд алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл өте қиын. Себебі қазіргі за­­манда күбі табу оңай емес. Ал мұнда мың күбі болды. Бұл ре­корд­ты болашақта жаңарту қиын болады деп ойлаймын, – деді Гиннестің рекордтар кітабының Қазақстандағы ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков.

Аудан әкіміне Жаңаарқа ауда­нының басшылығына рекорд орна­тылғанын куәландыратын сертификат табыс етілді.

– Бұл бір керемет іс-шара бол­­ды. Бір мезетте күрпіл­де­ген мың күбінің дауысы Са­ры­­ар­­қа­ның сәнін келтірді. Жа­ңа­р­қа ауданының әкімдігіне, ат­са­лыс­қан барлық ауыл, елді­ме­кен тұр­ғын­дарына алғысым шек-
сіз, – дей­­ді айтыскер ақын Аманжол Әл­тай.


– Біз жаңаарқалықтар мен ұлт­тық сусынымызды бүкіл әлем та­нитынын мақтан тұтамыз. Қы­мыз өте пайдалы. Біздің Ера­лиев ауылынан 100 әйел өзінің күбісін, бие сүтімен және қымыз жасайтын ұйытқысын алып келді. Біз барлығына бірдей киім тіктік, күбіні эмблемамен безендірдік, – деп атап өтті акция қатысушысы, мұғалім Аманкеш Нышанбаева.

Қазақстандық рекорд туралы ақ­парат Гиннестің рекордтар кіта­бының сайтында бірнеше апта ішінде жарияланатын болады.

Шараға арнайы жазылған Жа­ңаарқа вальсін ұлттық киім киген жұптар орындады. Рекорд жазып, ресми сертификат беріл­ген­нен кейін мереке жалғасын тапты. Аудан тұрғындары мен қонақтары үшін қазақша күрес, бәйге және вокалдық және би ұжым­дарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

– Мерейтой шығынына ау­дан­­дық бюджеттен бір тиын бө­лін­ген жоқ. Ауданның қалталы аза­маттары, осы өңірдің Нұр-Сұл­тан, Алматы, Қарағанды, Жез­қаз­ған секілді қалаларда қызметте жүр­ген тумалары ел намысы де­ген патриоттық сезіммен той әзір­лігіне ерте бастан-ақ кірісіп кет­ті. Өндіріс орындары мен бюд­жеттік сала қызметкерлері бір­күндік жалақыларын ерікті түрде аударып, елдегі тойға елеулі үлес қосты, – дейді аудан әкімі Юржан Бекқожин.

Мереке Атасу кентінен үш ша­қырым жерде орналасқан Қара­уыл төбеде өтті. Мұнда 60-тан астам киіз үй тігілді. Әр­түр­лі алаңдарда қазақ күресі, ау­­дарыспақ, түйе палуан және қол күрес ұлттық спорт жарыс­тары өткізілді. Гала-концертте қа­зақстандық және шетелдік эс­трада жұлдыздары өнер көр­сет­ті. Сондай-ақ іс-шара аясында «Жыр сұңқар» сыйлығын үздік ақындарға тапсыру рәсімі өтті.


Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы