Анвара Садықова, педагог-хореограф: Би – ішкі сезім толқынысы
Анвара Садықова, педагог-хореограф:  Би – ішкі сезім толқынысы

Оның жан дүниесі өнермен егіз. Би – қуат көзі. Ғылым – оның жан серігі. Шәкірттері – сахнадағы ғұмырының жалғасы. Бақыты ұстаз болғанында, музей ісін жалғағанында екенін түйсінеді. Мақала жазып, деректі фильм түсіргеніне қуанады. Жауапкершілікті құндылыққа балаған кейіпкеріміз «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы – Анвара Садықова.

АШЫҚ ЕСІК – ҮКІЛЕГЕН ҮМІТ

Жетістігімнің себепші – анам. Балқаш қаласында дүниеге келдім. Анам мені қаладағы бар үйірмеге жаздырғысы келді. Есімде, 5 жастамын жетелеп Құрылысшылар сарайына апарды. Үйірменің дені сондатұғын. Күн – жексенбі. Сарайдағы есіктің бәрі жабық. Қарап жүрміз. Байқасақ, бір есік ашық тұр. Ішке кірдік. Балет үйірмесі екен. Осылайша, менің бидегі, балеттегі жолым басталды.

 Алғашқы ұстазым – Татьяна Литау. Людмила мен Иван Струсинскийлер «Ветерок» деген ансамбльдің жетекшісі болған. Олар бойыма халық биінің негізін сіңірді. Кейіннен мені Алматыға оқуға жіберді. Мына қызықты қараңыз, қазір сол кісілердің немересі менің класымда оқиды. Уақытысында әжесі жолымды ашып еді, енді немересі қанат қақпақшы. Жақында училищедегі тәлімгерім Қуаныш Жақыповамен кездесіп, шай іштік. Би, өнер, мәдениет туралы сөйлестік. Апайыма «Мен қалай қазақ биіне келдім? Сізден классикалық биден сабақ алып едім ғой» деп көкейімдегі сұрақты қойдым. Сондағы Қуаныш Жақыпованың жауабы мені таңдандырды.

 

«Сендегі фундамент халық биімен қаланған. Тәлім алған ансамблің – халық би ансамблі. Людмила Леонидовна жетекшің болды емес пе? Қазақ биіне деген икемің мен бейімің содан».


«Сендегі фундамент халық биімен қаланған. Тәлім алған ансамблің – халық би ансамблі. Людмила Леонидовна жетекшің болды емес пе? Қазақ биіне деген икемің мен бейімің содан». Мені балет артисі етіп дайындаған ұстазымның пікірі ойға қалдырды. Түп-төркін бәрібір әсер ететініне, ат айналып қазығын табарына көзім жетті. Бұрындары мұны тереңінен ойламаппын.

Сахна – сағым

1992жылы А. Селезнев атындағы Алматы хореография училищесіне оқуға түстім. Сол уақытта бұл балет артистерін дайындайтын жалғыз кәсіби оқу орны болатын. Училищені тамамдаған соң, қатарластарымның бәрі елордаға кетті. Астанадағы алғашқы балет труппасын ашқан – менің курстастарым. Мұндағы балет тарихы солай басталды. Ал мен болсам жалғыз өзім Алматыда қалдым.

 Біріншіден, денсаулығым себеп болды. Алдымен, балет артисіне мықты денсаулық керек. Сосын мінез бен жігер болса жетеді. Екіншісі менде бар. Денсаулығыма байланысты сахнадағы ғұмырым қысқа болды. Училищені қызыл дипломға бітірдім. Абай атындағы опера балет театрында бір жыл биледім. Содан кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім.

 Училищедегі ұстаздарым мені кейін ұстаз боласың деп дайындады. Мақсатым педагог-хореограф мамандығын меңгеру болды. Оқумен қатар училищеде сабақ бердім. Ұстаздарым байқағандай, шәкірт тәрбиелеуге қырым болды. Академияны бітірген соң, магистратураға тапсыр деген ұсыныс түсті. Тапсырдым, түстім. 

Магистрант болу – ғылымға қадам басу. Осылайша, іздене бастадым, түрлі кітап оқыдым. «Мынаның соңында кім тұр? Кім ойлап тапты?» деген сұрақ өзіме де қызықты болды. Қазақ хореографиясын қалыптастырған, дамуына үлес қосқан тұлғаларды тани түстім.

Өз басым – бақытты жанмын. Ұстаздан жолы болған шәкіртпін. Іздену жолында да жанымда үздіктер болды. Қ. Жақыпова, С. Наурызбаева, Р. Көрпешова, Г.Бейсенова, Л. Ли, Б. Сулеева, А.Әлішева, А. Медведев, З.Райбаев, Б. Аюханов, Ғ.Тілеубаев, Ж.Байдаралин сынды педагог-хореграфтар мен балетмейстерлер көмектесті. Зерттеу жұмысымның жетекшісі – Людмила Антоновна. Әлі күнге тығыз байланыстамыз. Біздің алғашқы мақаламыз А. Селезневке арналды. 2004 жылы жазылған мақала 2016 жылы кітапқа айналды. Людмила Жуйкова, Дамир Уразымбетов үшеуміз кітапты Санк-Петербор қаласында шығардық. «Біздің Александр Селезнев» кітабы екі тілде жарық көрді.


Жаңаға ұмтылу – жақсы қасиет

Бойымдағы жақсы қасиеттің бірі – жаңаға ұмтылу. Көргенді, білгенді, танығанды ұнатамын. Бірде училище директоры Болат Жантаев «музей ісін дөңгелетіп алып кетесің бе?» деді. Байқап көрейін деп қабыл алдым. Музейді ашқан тұңғыш балеттанушы – Лидия Сарынова.

 Осы кісінің арқасында 1930-1970 жылдар аралығындағы қазақ балетінің даму жолын білеміз. Түрлі фотосурет пен жазба арқылы өткенге ораламыз. Музейін ісін одан кейін Ольга Шубладзе жалғастырды. Өзім 10 жылға жуық музей меңгерушісі болдым. 2009 жылы музей ісі аталымы бойынша Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты атандым.

Музей ісімен айналысуымның тағы бір себебі – парыз. Еңбегі сіңген тұлғалардың бір суреті болсын ілініп тұрғанын қаладым. 1938 жылы Селезневтің есеп беру кешінен қалған бағдарламаны көргенде, тебірендім. Училищенің ашылғанына 4 жыл толғанда әлемдік балетті репертуарға қосқанын білгенде, таңғалдым. Галина Уланованың қолтаңбасын қолыммен ұстағанда, өзімді бақытты сезіндім. 

Жалпы, Селезневтің өмір тарихы мені таңдандырады. Музейдегі дүниелер арқылы ағамен тілдескендей боламын. 1942 жылы училищенің алғашқы түлектерін соғысқа аттандырады. Олардың көбі жетім балалар болатын. Әкесі мен шешесі жоқ болғандықтан, құжатта «дядя Саша» деп жазылыпты. 

Селезнев – үлкен жүректі адам. Әрекеттері жанды жадыратады. Өмірін балаларды балетке баулуға, тәрбие беруге арнағанына сүйсінемін. Осындай ізгі жүректі ұстаздардың арқасында қоғам қалыптасады. 

Қазақ неохореографиясы

Мақала жаздық. Магистрлік диссертация қорғадық. Деректі фильм түсірдік. Бәрі – зерттеушілік жолда жүргенімнің арқасы. Егер ғылым жолын таңдамасам, би қоюшы ретінде қалыптаспас едім. Людмила Антоновна «мына кітапты оқы, ана кітапты оқы» деп керек дүниені бойыма сіңірді. Биді ғылым ретінде қарау керек. Солай бидің табиғатын түсіне бастадым. Пластикалық тілін түсіндім. 

Ауылға барғанда апамыздың сандығын ашамыз. Неше түрлі көздің жауын алатын дүние көреміз. Биді зерттей бастағанда, алтын толы сандықты ашқандай болдым. Дағды, әдіс, көркем өнер арқылы бойымда жаңа қасиет пайда болды. Би қоя бастадым. Халық биі, классикалық би, заманауи би қимылдарын қосқанда авторлық стиль қалыптасты. Бұл – қазақ неохореографиясы. Мұны мен ойлап тапқан жоқпын. 

Алдымыздағы үлкен тұлғалар Дәурен Әбіров қазақ сахналық биін қойды. Болат Аюханов классикалық биді қосты. Зауырбек Райбаев қазақ биін жаңа қырынан ашса, Жанат Байдаралин қазақ биін заманауи бимен үйлестірді. Мыңтай Тілеубаев қазақ биінің дамуына үлкен үлес қосты. Соларға сүйене отырып, дәстүрді жалғадым. Бірақ биді қоя бастағанымда түрлі сұрақ пайда болды. 

«Анвара, айтшы бұл қандай би? Иә, қазақ биі екені сезіледі. Бірақ дәстүрлі халық биі емес. Классикалық балет те емес. Заманауи да би емес. Өйткені заманауи бидің өз лексикасы бар. Бірақ бәрін қосқан кезде қазақ биі сияқты көрінеді. Алайда болмысы басқа» дегенде ойлана бастадым. «Бидің табиғаты қандай? Атауы қандай болмақ?» деген сұрақ мені де мазалады. Жақын құрбым, кинодраматург Салтанат Дүнгенбаеваның ағасы Арман Нұрмұхамбетовтің неономад орталығы бар. Соған қарап «қазақ неохореографиясы» деген атау бердік.

55861258_150432382663278_2451049823357370368_n.jpg
Жеке мұрағаты

Заман өзгерген сайын би әлемі де түрленеді. Біз хореографиялық құбылыстарды қабылдаймыз. Заманауи тенденцияға ілесу керек. Бірақ ұлттық болмысты сақтау – маңызды. Заманауи қимыл қазақ биіне келе ме? Бір-бірін қабылдай ала ма? Мұны сезіну керек. Фольклорымыздағы қимылдарға басымдық берген абзал. 

Бізде ерекше қол қалыптары бар: «Кереге көз», «қос өркеш», «қошқар мүйіз», «шаршы», «өрнек». «Қайнар бұлақ», «жалын», «толқыма-шалқыма» және тағы басқа қимыл бар. Осыларды класикалық, заманауи бимен үйлестіргенде қазақы қалып көрініп тұрғаны жөн. Би қойғанымда осыған басты назар аударамын. Қазақ неохореографиясының мақсаты да – осы.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Өз басым 20 жуық халықаралық жоба лауреаттарын дайындадым. Класикалық биден байқау көп. Халық биінен бірен-сараң. Сондықтан көбінесе фестивальге қатысамыз. Алыс-жақын шетелден арнайы шақырту жіберіп жатады. Қазақ биінің пластикасына әлем таңданады. Мысалы, Солтүстік Кипрде 5 күндік фестиваль болды. 5 күн бойы қазақ биін биледік. Македониялықтарға бидің ұнағаны соншалық, бізге келесі фестивальға шақырту жіберіпті.

Денсаулығыма байланысты, сахнаны сезінуге уақытым аз болды. Ішкі күшімді би қоюға, шәкірт тәрбиелеу мен іздену жолында жұмсаймын. Мен қойған биді сахнаға алып шықса, бойымды толқыныс билейді. Қанаттанамын. 

Олар – менің сахнадағы ғұмырымның жалғасы. Маған би қойып беріңізші деп келетіндер көп. Алдымен, музыкаға мән беремін. Есімде, Рудольф Нуриев атындағы башқұрт хореография колледжінің директоры Олия Галеевнадан ұсыныс түсті. 

Башқұрт биін өз стилімде қойып беруді өтінді. Бардым. Орталықпен, мәдениетімен таныстым. Әуендерін тыңдатты. Бірден ұнаттым. 2 күннің ішінде би қойып бердім. Өзіме өзім таңдандым. Музыканың құдіретін көрдіңіз бе? Әуенді сезіну үшін, түсіну үшін тіл білу маңызды емес. Жүрекпен ұғынсаңыз жетіп жатыр.

Би қойғанда баланың табиғатын зерттеймін. Биді қойып бергеніммен, би – баланыкі. Тек бағыт беремін, қатені түзеймін. Қимыл бірдей болғанымен, сезіну бөлек. Әркім өзінше билейді, ұғынады. Мысалы, «Тірілген петроглиф» деген би бар.

Алдымен биді Балқия Жамбурчинова, кейіннен Динара Құдабаева биледі. Балқия табиғатқа, жануарға жақын болмысты көрсетті. Динара күн тәрізді шуақ шаша орындады. Бірдей қойылса да, түсіну мен жеткізу басқа. Бишінің ішкі сезім толқынысы бимен үйлесім табуы керек.


56306617_150394769333706_7061899134910857216_n.jpg


Қазақ балетіне – 85 жыл

Жалпы, үш деректі фильмнің сценарий авторымын. «Балетный исскуство Казахстана» деген деректі фильмде қазақ балетінің тарихы суреттеледі. 1930-2014 жылға дейінгі балет тарихы көрсетіледі. Флюра Мусина училищеге танытым ретінде түсірген деректі фильмге сценарий жаздым. 2016 жылы «Қазақфильмнен» Әсет Ерназаров қоңырау шалып, «қазақ биі туралы деректі фильм түсірейік» деген ұсыныс білдірді. Бұрыннан ойымда жүрген еді. 
Салтанат Дүнгенбаева екеуміз сценарийін жазып шықтық. Белгілі режиссер Ғазиз Насыровпен бірігіп «Қазақ биі» атты деректі фильм түсірдік. Былтыр деректі фильм үшін «Құлагер» ұлттық жүлдесін иелендік. Әсет Ерназаров, Ғазиз Насыров, Алексей Кирюхин, Сергей Вильковискийдің арқасында деректі фильм жарық көрді. Менікі теңізге тамшыдай үлес қой. 

 
Балет – ұжымдық еңбек. Қазақстандағы балет өнеріне – 85 жыл. Орыс балет мектебінің дәстүріне сүйене отырып құрылған. Ішкі ерекшелігі басым. Елімізде 5 балет театры бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері 500-ден астам халықаралық байқаудың жүлдегері атандық. Театрларымыз шетелге гастрольдік сапармен барады. Кейбір артистеріміз әлемдік театрда жұмыс істейді.  

 
Училищемен қатар, 2016 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясы жұмысын бастады.Орталық Азиядағы толық циклді көп деңгейлі кәсіптік хореографиялық білім беретін бірінші жоғары оқу орны. Қазір академия әлеуеті әлемдік стандартқа сай.