Ақмола облысында 13 жасар қыздың жоғалуына байланысты жауап алынған ер адам өзіне-өзі қол салды. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі. Ведомствоның мәліметінше, тамыздың 27-де Көкшетау қалалық ПБ кезекші бөліміне Красный Яр кентінің 30 жастағы тұрғыны өзін өлтіргені туралы хабар келген. Осы жағдайға байланысты Көкшетау қалалық ПБ Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1 бөлігі («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
«Аталмыш азаматтан Әйгерім Хайдарованың жоғалуына байланысты куәгер ретінде түсінік алынған. Жасөспірімді іздеу бойынша қолға алынған жедел-іздестіру шарасы кезінде 13 жасар қызды жоғалған күні көруі мүмкін 200-ден астам куәгер анықталып, жауап алынды. Олардың қатарында көз жұмған ер адам да болды. Оның көлігі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жауап алынған соң ер адамды ПБ ғимаратының кіре берісінде күтіп тұрған анасы үйіне алып кеткен», - делінген хабарламада.Ведомстводан атап өткендей, жеке қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.
«Қылмыстық істің тергеу барысы Ақмола облыстық ПД бастығының жеке бақылауында», - деп толықтырды ведомстводан.