Партия мүшесі ерекше балаларға ойыншықтар сыйлады

Партия мүшесі ерекше балаларға ойыншықтар сыйлады

Алматы қаласы Бастандық ауданында «Nur Otan» партиясы мүшесі №2 балабақшадағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған кезекті қайырымдылық акциясын өткізді. Бұл жолы ол бүлдіршіндерге жұмсақ доптар, фитнес доптар, ірі конструкторлар, машиналар, екі жақты магниттік тақталар және тағы басқа да ойыншықтар сыйға тартты. «Nur Otan» партиясының мүшесі, белсенді Ержан Есенгелдіұлы қайырымдылық көмек өз өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын айтады.

«Бұл іс-шараның мақсаты – балаларды күнделікті психологиялық жаттығуларға және олардың денсаулығын дамытуға қажетті ойыншықтармен қамтамасыз ету. Балалар – өмір гүлі және оларға көмектесу жанның қажеттілігі, олардың бақытты жүзін көру ең жақсы сыйлық», - деді Ержан Есенгелдіұлы.
Бұл балабақшаға психикалық дамуы тежелген, Даун синдромы бар және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі бар балалар барады. Туғаннан тағдырдың теперішін көрген кішкентай бүлдіршіндер қайырымды жанның сыйлығына қуанып қалды.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ