Бүгін Nur Otan партиясы мүшелері көптен күткен партия саяси бюросының отырысы болып өтті. Елбасының төрағалығымен саяси бюрода партиялық "қайта жүктеу" бағдарламасын жүзеге асыру және партия ішіндегі праймериз - сайлау өткізу барысын талқылады. Саяси бюроның жұмысына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Бірқатар елдерде сайлаудан кейін болып өткен оқиғаларға қарап Елбасының билікті эволюциялық жолмен беруді таңдаған шешімінің дұрыстығына көз жеткізіп отырмыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған мемлекеттің даму стратегиясын Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді жалғастыруда. Назарбаевтың бастамасымен көтерілген көптеген бастамалар қазіргі уақытта іске асып жатқанын байқаудамыз.
Әлеуметтік саясаттағы сабақтастық
Ұстаздардың мәртебесін көтеруге байланысты Елбасы 2018 жылғы 5 қазанда халыққа жолдауында педагогтар мәртебесі туралы заң әзірлеуді тапсырса, 2019 жылы 30 желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» заңға Қ.Тоқаев қол қойды. Мұғалімдер көптен күткен бұл заңды аса қуанышпен қарсы алды.
Тұңғыш президент 2019 жылы 27 ақпанда әлеуметтік саладағы бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын 30%-ға көтеру туралы жарияласа, 14 сәуірде мемлекет басшысы төменгі жалақы алатын бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын жоғарлату туралы екі заңнамалық актіге қол қойды. Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы жолдауына әлеуметтік медициналық сақтандырудың қажеттігі күмән тудырмайтыны туралы айтқан болса, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 28 желтоқсанда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңға қол қойды. 2019 жылдың ақпанында Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасы атаулы әлеуметтік көмекті күнкөріс шегінің 70%-ға жеткізу қажеттігі туралы айтса, 4 сәуірде Қ.Тоқаев жаңартылған АӘК туралы заңды бекітті. Әлеуметтік саладағы мәселелер әлі де өзекті. Дегенмен де дер кезінде қабылданған шешімдер халыққа үлкен көмек болды.
Экономика мен бизнесті қолдау жалғасын табуда
2018 жылдың 28 қарашасында Н.Назарбаев Nur Otan партиясы саяси бюросының кеңейтілген отырысында бизнеске салық жүктемесін азайту арқылы экономиканы салықтық көтермелеу туралы ұсыныс енгізген болатын, осыған байланысты Қ.Тоқаев 2019 жылы 26 желтоқсанда шағын бизнеске тексеру жүргізуге мораторий жариялау және бизнес үшін салықтық жүктемені азайту туралы заңнамаға қол қойды. Мемлекеттік сатып алу саласындағы ретсіздікке байланысты Елбасы 2019 жылы 21 тамызда партия саяси бюросында осы саланы қайта қарауды тапсырса, осы жылы 27 желтоқсанда мемлекеттік сатып алу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бизнесті қолдауда тиімді құрал болып отырған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін ұзартуды Елбасы 2018 жылғы жолдауында ұсынса, Қ.Тоқаев бұл бағдарламаның 2025 жылға дейін жалғасуын мақұлдады. Сол жолы өткен саяси бюрода Елбасы көлеңкелі экономикамен күресте «қолма-қол ақшасыз экономика» ұмтылып, кәсіпкерлерді осы бағытта қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға себепші болатын құралдар туралы айтса, осыған байланысты 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасына өзгерістер енгізілді. Қазіргі шағын бизнес үшін күрделі кезеңде бұл шаралар сөзсіз әжептеуір қолдау болғаны айқын.
Аймақтарды дамыту әлі өзекті
Еліміздің аумақтарды дамыту бойынша жаңа бағыттарды әзірлеу және 2025 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасын әзірлеуді Елбасы 2018 жылғы жолдауында тапсырған болатын. Осыған байланысты үкімет 2025 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарлама өңірлерді дамытуға үлкен септігін тигізеді деген ойдамыз. Сонымен бірге үкімет мемлекет басшысының келісімімен «Нұрлы Жол» және «Нұрлы Жер» бағдарламаларының жұмыс істеу мерзімін де 2025 жылға дейін ұзартқан болатын. Бұл бағдарламалар кезінде Елбасының дағдарысқа қарсы ұсынған әлеуметті бағдарламалры болатын. Ауылды қолдау бойынша үкімет қабылдаған тағы бір өте өзекті 2025 жылға дейінгі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Бұл ауылдық аумақтарды модернизациялау бойынша жобаны тұңғыш президент 2018 жылғы 10 қаңтардағы жолдауында ұсынған болатын. Осы бағдарлама ауылға үлкен көмек болады деп сенеміз. Елбасының ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану және тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жасаған ұсыныстары да қазіргі кезде заңнамада нақты көрініс тапты.
Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы.