Елордада волонтерлік кеңестің отырысы онлайн өтті
Елордада волонтерлік кеңестің отырысы онлайн өтті
Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдар көшбасшыларының қатысуымен онлайн форматта волонтерлік кеңестің отырысы өтті, деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі. Кеңес отырысына Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, Ресей Федерациясының Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі басшысының орынбасары Григорий Гуров, сондай-ақ екі елдің волонтерлік және жастар ұйымдарының басшылары қатысты.
"Пандемия кезінде волонтерлар өмірдің қиын жағдайына тап болған 1 миллионнан астам азаматқа көмек көрсетті. Жыл басында Қазақстанда волонтерлікті қолдаудың 17 өңірлік орталығын, 600-ден астам волонтерлік ұйымды және 36 мың волонтерді біріктірген, волонтерлердің республикалық Фронт-кеңсесі құрылды. Сонымен қатар, азық-түлік жиынтығына, дәрі-дәрмекке және адамдардың басқа да қажеттіліктерін анықтау үшін жедел желі ашылды. Qazvolunteer.kz бірыңғай онлайн-платформасы жұмыс істейді және ол бүгінде волонтерлердің нақты алаңына айналды. Онда 33 мыңнан астам волонтер, 2,7 мыңнан астам ұйым тіркелген", - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов.
Сонымен қатар, Ресей жастары басшысының орынбасары Григорий Гуров атап өткендей, осы өткен кеңес отырысының маңызды бөлігі экология, медицина және басқа да бастамалар саласында бірлескен жобаларды іске асыру және осы бағытта одан әрі бірлескен жұмыстарды талқылау болды. Бұл іс-шараның мақсаты - ақпараттық, әдістемелік және сараптамалық ынтымақтастық тәжірибесін кеңейтуге бағытталған волонтерлік қозғалысты дамыту саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін коммуникативті пікір талас алаңын құру. Осылайша, отырысқа қатысушылар, белсенді волонтерларды одан әрі ынтымақтастыққа, бірлескен жобаларға қатысуға, ақпарат, құнды тәжірибемен өзара алмасуға дайын екендіктерін білдірді.