Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бұрынғы бастығы Нұрдәулет Исабек танысының қолынан жетелеп, оңашалады. – Бастық боласың ба?–деп сұрады ол. – Жоқ. – Жындысың ба? Анау иығын көтеріп, ойланып қалды. – Қалай сонда? – Мен сені бастың боласың ба деп сұрап тұрмын. – Я, «Мұнысы несі?» деп құлағымды бұрап тұрмын. Нұрдаулет Исабек оны жетелеп, тағы оңашалады. Анау түкке түсінбей танысы болса, тынысы тарылып, желкесін қасыды. – ГКП-ның бастығы боласың. – Ол қандай мекеме? – Орысша: областной историко-краеведческий музей. – Менің мамандығым келмейді ғой? – Келтіре сал. – Қайтіп бастық боламын? – Креслоға оырасың, қарамағыңдағыларды жинап алып, анекдот айтып бересің. –Болды ма? –Болды. – Е, бастық болмаймын! – Неге ойбай? – Анекдот білмеймін. – Бір анекдотты оқып ал. – Есімнен шығып кете береді. Нұрдәулет танысының алқымынан алды. – Жүр деймін! – Қайда? – Креслоңа отырғызып кетемін. – Сосын? Нұрдәулет оның құлағына сыбырлады. – Ақша беремін бе, сізге? – Ақырын сөйле, ойбай! Ол танысының аузын алақанымен жаба қойды. – Жоқ, бастық болмаймын! – Неге ойбай? Боласың! – Болмаймын! – Е? – Галстугым жоқ. – Мен-ақ сатып әперейін! – Оның үстіне шіреніп жүре алмаймын, кісімсіп, өтірік күле алмаймын. –Үйреніп кетесің! Қандай адамсың өзің? Жұрт мұндай лауазымға өздері жүгіреді ғой? Ал, сен, осырақ қоңыз көргендей қашасың. – Бастық болмаймын! Нұрдәулет оның бетіне шапалақпен салып қалды. – Ит адам екенсің ғой? Ол оның бетіне тағы да шапалақпен салып жіберді. Ояна кетсе, түсі екен ғой. Бірақ, өзінің бетін өзі шапалақтап жатыр екен. Түс түлкінің бірдеңесі дей салайықшы, бірақ өңіндегі оқиға басқаша өрбіді. Ділләр Абдуллаеваны жоғарыда аталған мекеменің бастығы қызметіне тағайындау үшін одан 700 000 теңге алғаны үшін күдіктелініп, ақырында, жеті жылға сотталып кетті. Ойбай-ай, ойбай, енді кім бастық болады? Сіздің бастық болғыңыз келеді ме? Бірақ бір тиынсыз?
Ратқұм МІРЕШ