Еркек емес еркектер көбейді. Түріне қарасаң, қатын емес, кәдімгі еркек, ал істеген тірліктері еркектік әрекетке жатпайды. Олардың қоладарынан келетіні–өртей салу. Өртегенде орианды, немесе бір бума қағазда өртемейді, өзінің әйелін, тіпті жүректері жыртылып, тілдері жұтылып кетпей, ұл –қыздарын да өртей салады. Беттерін лезбімен тілсең, қан шықпайтындай–ау? Өткен жылы Ақтөбеде бір еркексымақ әйелінің үстіне бір баклашка бензин құйып жіберіп, өртей салды. Шымкентте де сондай оқиға бола жаздады. Қызғаныштан әйелін өртеймін деген, бірақ, бензині құрғырға су араласып кеткен бе, әйелі жанбай қойыпты. Жанбайтын әйелдер де бар екен–ау, дедік те қойдық, Мейлі, әйелің долы болсын, маңдайыңның соры болсын, айқайлағанда қабырғада өрмелеп бара жатқан тарақан инфарк алып, құлап түссін, тіпті, сені бір ұрғанда, сен бұғып қалып, балаң сұлап түссін, ажырапсып кете сал. Ия, заң жүзінде. Жооқ, біздің елдің өртегіш еркектері кек алуға құмар. Бір баклашка бензинді көйлегінің ішіне жасырып алады да, тап бір екінші дүние жүзілік соғыста жүргендей, тап бір танк өртейтіндей ұмтылады дейсің! Сөйтіп, ауыр қылмысқа барады. Таразда да еркек емес еркек әйелін өртеп тынғанын естігенбіз. Жағамызды ұстағанбыз. Осындай жан түршігетін оқиға батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданында орын алды. Серік Қафизов деген «терминатор» шықты. Отқа саллсаң жанбайды, суға алсаң батпайды, полиция ұстаса, шығып кете беретін. Сол терминатор бала кезінен бірге өскен қыз Жадыра Жұмалиеваға үйленді. Алғашқы бес жыл керемет өтіп жатты. Тек соңғы жылдары жын ұрды ма, жоқ жынды бұл ұрды ма, түлен түртті ме, түленді бұл түртті ме, Жадыраны отырса опақ, тұрса, сопақ етті. Ұратынды, шашын жұлатынды шығарды. Терминатор ғой, бірақ әлі әлсіздерге, нәзік жанды Жадырасына ғана келетін. Мұндай қорлыққа шыдамаған Жадыра полиция бөлімшесіне қаншама рет арыз жазды. Олар күйеуін үш–төрт күн қамайды да, «Пока, пока!» деп шығарып салумен шектелді. Жадыра төркініне кеткенде, айлар бойы іздемей, бір күндері «Терминатор» фильміндеггі бас кейіпкердің Сара Конорды іздегеніндей аласұрып жетіп келгені бар. Жадыраның әкесі жұмыста жүргенде, анасының, екі қызының көзінше әйелінің шашынан сүйреп, далаға шығарды. Өзінің шашынан сүйресе ғой шіркін! Кірпігіне арқан байлап... Енесінің көзінше еліріп, «Мен сені өртеп жіберемін!» деп қоқан–лоққы көрсетіп, тепкінің астына алды. –Қойсаңшы, енді ол сенімен тұрмайды! –деп енесі араша түсті. –Тұрмайды ғой? –Тұрмайды! –Сенімен тұра алмаймын! –деді Жадыра да қалшылдап. –Неге? –Сен қатыгезсің! –Мейірімді боламын! –Ұрасың! –Ұрмаймын, тебемін. –Арақ ішесің. –Ішпеймін, сіміремін. –Кет үйден! –деді енесі. –Мен қызыңды өртеймін. Ол жақсы жанады! Не керек, енесінің шамасы келмегендіктен, полиция араласып, ақыры Серік батыр кетіп тынды. Бірақ, полиция нақты шара көрген жоқ. Қафизов Жадыраның әке шешесінің үйіне баса–көктеп кіріп, есік терезелерін сындырғаны үшін кешірім сұрай салды. «Кешіріңдершіііі» деп. Бес тәулікке қамалумен шектелді. Жадыраның әкесі де кешіріп, бұзақылық қылмыс екі тараптың татуласуымен аяқталды. Жооқ, мәселе мұнымен бітпеді. Жадыра күйеуімен ажырасу үшін арыз берді. Қыздарын алып, түлен түрткен, күйеуінен бөлек тұра бастаған. Бірақ, көздерін шел қаптаған қатігез қылмыскер Серік Қафизов әйелі мен қыздары Инабатты, Айшаны үйінде тірідей өртеп жіберді...Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Полиция қызметкерлеріне де алдын алу жұмыстарын нащар жүргізгені үшін жеке қаулы шығарылды. Міне, біздің қоғамда осындай әйел өртегіш еркектер шыға бастады. Ойпырай, ондайлардың несі еркек?
Мұхтар ШЕРІМ