Шайтанның шашы

Шайтанның шашы

Ойпырмаай,  адамдарда иман, ар ұят қалмады–ау? Індттен жұрт қырылып жатқанда, бас пайдасын ойлайтын шенеуніктер­ден не үміт, не қайыр? Осындайда мынадай мысал миыңды шұ­қылайды. Екі дос айдалада, құмды шөлейтте адасып кетіпті. Олар ұзақ жүріп, қатты шөлдейді. Шөлейтте  қаңғыбас біреу қымыз сапырып, сыра сатып отыр дейсіз бе? –Шөлдедім, –дейді анау. –Мен де, шөлдедім, – дейді мынау.  Мынаудың дорбасында бір шөлмек суы бар болатын. «Өйбай, ішім  бүріп ауырып кетті ғой?» деп өтірік аунай кетіп, теріс қарап жатып, шөлмегінен бір жұтып алады. «Аунаған жақсы екен!» деп тағы жұтып алады.  Анау досы болса, ерні кезеріп, өлуге бір аттам ғана тұр. «Тезірек өлсе екен, –деп ойлайды Мынау, –мынаның қалтасы тола ақша. Алтын сағаты тағы бар. Осының бәрін пайдаланып кетер едім.»  Содан не керек, досы «Су, су, жалай­тын су болса ғой..» деп жатып, ана дүниеге аттанып кетіпті. Өзі суды қанып ішкен соң,  досының алтын сағатын шешіп алған пайдакүнем қыруар ақшаны санап жатады ғой. Сол кезде аяғын жылан шағып алып, сеспей қатқан екен.  Міне, қу дүние кімге опа берген? Қазіргі індет жайлаған заманда  алақандары қышып, көңілдері көкке ұшып, қолдан келсе, қарпып қалғысы келетіндер кө­бейді. Оларға жұрттың жылап жат­қаны, анау керек, мынау керек деп сұрап жатқаны бір тиын! Өзі аман болса, өзі байып шыға келсе, өзі тойынса болды. Мәселен, Атыраулық шенеу­ніктер  де шекілдеуік шағып отыр­ған жоқ. Олар демеушілер берген медициналық заттарды қоймаға жасырып қойды. Жылыой аудандық орталық ауруханасында  50 мың маска, 5 мың қорғаныш ком­бинозоны, 30 мың қолғап, 100  қорғаныш көзілдірігі жетпей қалды. Неге дейсіздер ғой? «Ойбай, бізде  3 айға жететін  медициналық қор бар» деген желеумен, мына жақта адамдар өлім мен өмір арасында арпалысып жатқанда, қоймаға жасырған  заттарды пайдалануға бермеген. Біразын жеке бастарына жарата салған.  Шыны керек,  маусым айында Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына «АТМА-Атырау әуежайы және тасымал­дау» Акционерлік қоғамынан демеушілік көмек ретінде медициналық және қорғаныш құралдары берілген болатын. Нақты айтсақ: 1500 қорғаныш көзілдірігі, 6000 қолғап, 7000 маска, 1750 комбинозондар, 1750 қорғаныш экрандар. Міне, осы дүниелер көз алдарында ақша болып ұшып, шенеуніктер соңынан қуалай жөнелген ғой.  Ал, Исатай аудандық орталық ауруханасы 2,5 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алған. Мы­наулардың өмірі жұмақ, ауру­ханаларда тозақ.   Сонда дейміз–ау, Атыраулық шенеуніктердің беттерінде қытық жоқ болғаны ма?  Шеттерінен ұстап алып, жоғары көтеріп сілкілесе, ар, ұят төгілмейді ме?  Соғыста мұндайларды «отанына опасыздық жасады» деп, три­буналға берер еді! Ал, біздің ше­неуніктер шайтанның шашынан да кілем тоқып сатуға пейілді.  Не деген пайдакүнемдік? Мына індет кеткенше, жемқорлықты қоя тұрып, қолдарын қалтасына сала жүрмейді ме? Бір жемқор екі қолын суға салып отыр екен дейді. –Оу, жемқор інім, не істеп отырсың? –деп сұрайды танысы. –Жемқорлыққа  да тосқауыл қойылды. Індет кеткенше, алаған қолымды суға тұншықтыра тұрайын деп отырмын. –Өй мына башпайларың жыбыр­лап, не істеп жатыр? Сөйтсе, жемқор параны баш­пайларының арасына қыстырып алып жатыр екен де! Жеп қалған ауыз, өзіне де, қоғамға да жауыз. Көп болып, болып түкіріп тастайық, олар жүрген жолға! Сонда олар тай­ғанақтап, тайып жығылып, бір сәт болса да ойланар?  

ЖЕБЕ САДАҚҰЛЫ