Қалдаяқов қалжыңдары

Қалдаяқов қалжыңдары

 

Құрманғазы қай оқуды бітірген?

 Қызыл империяның қылышы­­нан қан тамып тұрған заманда «Жоғары оқу орнын бітірмегендер КСРО Ком­позиторлар одағының мүшесі болмайды» деген қатып қалған қағида бар-тын. – Мен таң қалам, – дейді екен Шәмші. – Алматыдағы Консер­ваторияға Құрман­ғазының аты берілген. Сонда Құрманғазы атам қай консер­ваторияны бітір­ді екен?  

Өтірік «Шәмші»

Бір заманда өтірік «Шәмшілер» көбейіп, атын пайдаланатындар аз болмаған. Сыраханада Әбілахат Еспаев екеуі тұрса, бір бейтаныс жігіт кеп: – Мен Шәмші Қалдаяқовпын! – деп өзін таныстырады. Екі дос не дерін білмей, бір-біріне қарай­ды. Әбекең: – Мен Әбілахат Еспаевпын! – дейді. Ал, Шәмші өзін: – Академик Ахмет Жұбанов­пын! – деп таныстырады. Әлгі жігіт кеткесін Әбекең: – Өлген кісінің атын айтып, өтірік танысқаның ұят емес пе? – дейді. Сонда Шәмші: – Ұялса анау жігіт ұялсын, - дейді. – Ол жігіт тіріні өлтірді, ал мен тірілттім.  

Қара кәстөм

Шәмшіге ел-жұрты ерекше құрмет көрсетіп, су жаңа кәстөм-шалбар кигізеді. Алматыға кел­гесін сол жаңа киіммен дос­тарына соғады да, түнделетіп үйіне келе жатса көшенің бұзық­тары ұстап алып: – Шешін! – дейді. – Әй, жігіттер, мен Қал­даяқовпын ғой. – Бізге Қалдаяқов емес, қара кәстөм керек! – дейді әлгі әпербақандар. Сонда жарықтық Шәкең: – Айналайын халқым, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді. Халқым аман болсын\» – деп шешіне бастаса керек.  

Дауыс

 Әйгілі Нұрғали Нүсіпжанов мектеп бітіргесін екі жылдай шопан болған. Алматыда өткен жас әншілердің байқауына қа­тысып, бағын сынап көрген Нұрғалидың өнеріне риза болған Шәмші: – Мына баланың даусы бұлақтың басына шөлдеп келген лақтың дауысындай! - деп баға беріпті.  

Жүрек ауруы

 ...Кір жуып, кіндік кескен жері Отырарға барғанда Шәмші аяқ астынан ауырып, ауылындағы ауруханаға түседі. Хал-ахуал сұраған жерлестері: – Жүрегіңіз ауырады екен-ау? – дейді. Шәкең оған мойысын ба? – Жүрек ауруымен жүрегі барлар ғана ауырады! – дейді.  

Ит инфаркт бола ма?

«Ғалымдардың болжамы бо­йынша, бүкіл жан-жануардың ішінде ит қана инфаркт болмайды екен...» деген сөзді газеттен оқы­ған Шәкең: – Егер менің көрген күнімді көрсе ит те инфаркт болады! – депті қуақыланып.  

Шәмші қалай кекештенді?

Сары «Жигулиімен» салып ұрып Шымкентке келген Шәмші ақын інісі Исрайыл Сапарбаевты күтіп көшеде тұрса, МАИ қыз­меткері ентелеп: – Тоқтамайтын жерге тоқтап, көше тәртібін бұздыңыз. Та­лоныңызды әкеліңіз, тесемін! – дейді. Қажымұқанның тышқаннан қорыққаны сияқты Шәмші әзіл-шыны аралас «Мен екі-ақ нәр­седен қорқам: Өзбекәлі Жәнібек­овтен және мілисадан» дейді екен. Тілінің тұтықпасы бар, сәл-пәл кекештеніп сөйлейтін Шәкең қызыл жағалыларды көр­генде: – Шә...шә...шә! – дейді сас­қалақтап. Екі «мілиса». – Ей, неге боқтайсың? – деп дүрсе қоя береді. Дәл осы сәтте келе қалған Исрайыл інісін ар­қаланып: – Шә...шә...шә! – дейді Шәмші. – Мынау бізді шымкентшілеп тағы да боқтап жатыр ғой! Исрайыл ибалы сөзімен: – Жігіттер, бұл кісі Шәмші Қалдаяқов қой, танымай қалдың­дар ма? – дейді. Екі МАИ аң-таң: – А? Ассалаумағалейкум, аға! Екі «мілисаның» жаймашуақ ықыласына жайылып түскен Шәкең: – Мен... мен... Шә... шә... Шәмші Қалдаяқов дейін десем... Қалдаяқовқа жете алмай қор болдым ғой! – депті.  

«Ну и что же...»

Ауылға бардым. Шаянға. Наурыз мерекесіне. Әлпеті келіскен әжей әй-шәй жоқ маған тарпа бас салып: – Шәмші туралы кітап шығарған бала сенсің ба? – Иә, апай... – Сол кітаптың ішінде мен неге жоқпын? Мені неге жазбай­сың? – Сіз кім боласыз? – Білмесең, тыңда. Айтайын. Осы әңгімемді келесі кітабыңа қос, шырағым. Әжеміз әңгімесінің тиегін ағыт­ты. – Алпысыншы жылдардың басы. Студент кезім. Шымкент пединститутының соңғы курсын­дамын. Шымкентке Шәмші Қалдаяқов көшіп келіпті деп естідік. Нөкістен Сарыағашқа қоныс аударған Төлеген Айбер­генов атағы жер жарған ком­позитор ағасына арнаған өлеңі де студенттер арасына тез тарады. Үстінен Оңтүстіктің таңдай атып, Шымкентке келіп қалды Қал­даяқов. Қалдаяқов келді де, ару қызды Өзінің әуенімен алды оятып. Курстың старостасы едім. Шәмші ағаны кездесуге ша­қырдық. Келді. Отыздың үстін­дегі орда бұзар жаста екен. Кеш керемет өтті. Менің де Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова секілді атақты әнші болсам деп армандап жүрген кезім. Кез­десуден кейін бір топ қыздар Шәмші ағаны үйіне шығарып салдық. Қоштасар сәтте: – Ағай, - дедім қиылып, - жаңа әніңізді менен басқа еш­кімге бермеңізші. Мен бірінші орындайыншы. – Жарайды, мақұл!.. Келістік. Содан күнара Шәм­ші ағаның үш бөлмелі пәтеріне кеп, шай құйып, құрақ ұшам. Бала-шағасы Алматыда. Анда-санда кинотеатрға барамыз. Кей кезде паркте қыдырамыз. Бар арманым – жаңа әнін бірінші боп орындау. Күндердің күнінде өсек тара­ды. Мені Шәмшімен жүреді екен деп жұрт гу-гу, пыш-пыш. Алғаш естігенде қаным басыма шапты. Жігітпен жүрмек түгілі бір жігітке білегімді ұстатпағам. Ашуланып, долданып Шәмші ағаның есігін қақтым. Бұзылып кеткен түрімді көріп: – Не болды? Емтиханнан «2» ап қалдың ба? – деп әзілдеген болды. – Жұрттар айтып жатыр... – Не айтып жатыр? Үндемеймін. Булығып тұр­мын. – Жұрттар айтып жатыр, ағай... Шәмші аға темекісін тұтатты да: – Не айтып жатыр? – деп қайталап сұрады. – Мені сізбен жүреді екен деп айтып жатыр. Ағам аспай-саспай темекісін сорды да: – Ну и что же, ақыры айтылып қалған екен, жалғастыра берейік! – деді. Осыны жазшы, айналайын!  

Бір қап күріш

 Шардара ауданындағы Қа­зақстан ауылында болған оқи­ғаны естіп, шек-сілем қатты. Неге күлдім дейсіз бе? Шәмші ағаның табан астында тауып айтқан тапқырлығына таң қал­дым. Осы ауылда бас агроном боп істейтін досына Шәкең жыл сайын ат басын бұрып, он-он бес күн аунап-қунап қайтады екен. Шәмші Қалдаяқовтың атын естігесін ауыл-аймақ амандасып, ақ дастарханның басында алқа-қотан отырып, дәмдес-тұздас болу дәстүрге айналған. Сондай ағыл-тегіл сәтте бір жігіт: – Шәмші аға, - депті бірдеңесі өтіп кеткендей өктемдеу сөйлеп, - Есіңізде ме, былтыр сізге бір қап күріш беріп ем ғой. Шәкең естімеген рай таны­тып, үндемепті. Әлгі жігіт әдепсіз сұрағын тағы қайталап: – Аға, - депті, - былтыр бір қап күрішті машинаңызға артып жіберіп ем ғой, есіңізде ме? Сонда Шәкең бедірейген жігіттің бетіне қарап: – К... к... күріш есімде, өзің есімде жоқ! – дегенде, жұрт қыран-топан күліпті.  

Айырмашылық

 Жолы түсіп Келеске келсе кәсіпкер інісі Баймұрат Бай­назаров қарсы алып, құрақ ұшып құрмет көрсетеді. Шай үстінде бір егде кісі: – Шәмші шырағым, сен неге коммунист емессің? – деп сұраса: – Коммунист пен капи­талистің айырмашылығы неде? – деп өзіне қарсы сауал тастапты. Табан астында тауып сөйлеп, не дей қойсын. Әлгі кісінің мүдіргенін білдіртпей Шәмші аға өз сұрағына өзі жауап беріпті. – Баяғы заманда «Барлық коммунист халықты ойлайды. Ал, барлық капиталист өз қамын ойлайды» деуші еді. Бірақ бір қызығы сол – барлық коммунист капиталист болғысы келеді, бірде-бір капиталистің ком­мунист болғысы жоқ, - депті. Шындық па? Солай.  

Қайдам?

Шәмшінің ер-азамат, екі баласы бар екенін естіген біреу­лер: – Ұлдарыңыз өзіңізге тартқан ба? – деп сұраса: – Қайдам? – депті екі иығын қиқаң еткізіп. – Қора көріп, қойдың қиын иіскемей өскен ғой олар.  

Үш пұт телефон

Қазақ радиосының музыка редакциясында қызмет істеп жүрген Қалқаман Жүнісбеков жұмыста отырса Шәмші қу­анышы қойнына сыймай: – Қалқаман, - депті, - маған үлкен кісі үш бөлмелі пәтер бер­гізді. Телефонды жазып ал. – Айта беріңіз, қалам-қағазым дайын. – Оны таста. Қағазды қай­тесің, бір жерде жоғалып қалады. ойыңда сақта! Алпыс бір осын бір пұт, екі пұт! – дейді Шәкең. Түк түсінбеген інісі аң-таң: – Оу, ағасы, алпыс біріңіз – алпыс бір! Ал бір пұт, екі пұтыңыз не? – Әй, қарағым-ай, - дейді Шәмші телефон номерін түсін­діріп, - бір пұт дегенім – 16, екі пұт дегенім – 32 емес пе? Өстіп айтсам есіңде сақталады.  

Ықылас

Алматы. 1974 жыл. Мамыр айы. Қазіргі Қабанбай батыр көшесі мен Достық даңғылының қиылысындағы тоғыз қабатты сәулетті үйге Шәмші Қалдаяқов көшіп келеді. көршісі Кемелбек Шаматаев. Қазақ радиосының журналисі. Екеуі анау-мынау әңгімемен іргесіндегі «Ресей» гастрономына таяйды. Оның бір шетіндегі шарап құйып сататын тұсқа тоқтаған сәтте: – Шәке, мынаған бас сұғып, мен бірдеңе ұйымдастырып жіберейін? – дейді Кемелбек інісі. Шәкең қалт тұра қалып: – Анау күнді көріп тұрсың ба? – дейді. – Иә, көріп тұрмын... – Ол қайда барады? Ештеңе ұға қоймаған інісі аңтарылып қалғанда, Шәкең сұрағын үстемелей түседі. – Ол қазір қайда бара жатыр деймін? Жұмыс күні аяқталған кезді мегзеп тұрған шығар деген оймен: – Батуға бара жатыр, - дейді сенімсіздеу үнмен. – Ал мені көріп тұрсың ба? – Көріп тұрмын. – Мен қандай Шәкеңмін? – Кәдімгі Шәкеңсіз. – Жо, ішкен Шәкеңмін бе, ішпеген Шәкеңмін бе? – Ішпегенсіз... – Міне, көрдің бе, мен қазір ішпейтін Шәкеңмін. Ішетін Шәкең болсам, күн бұл тұсқа жеткен кезде мына көшеге сый­май келе жатар едім ғой. Рахмет ықыласыңа!  

Биік әңгіме

Халық артисі, әйгілі әнші-композитор Алтынбек қораз­баевтың көзбен көріп, құлағымен естіген әңгімесіне зейін қояйық­шы. – Тоқсаныншы жылдары «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» деген атақты Шәмші ағамен қатар алғаныма қатты қуандым. Бірақ сазгер ағам желп етіп желпінбеді. «Үлкен үйде» тапсырылатын сол марапатты алуға бірге барайық дегенімде ағамның аяғы ол жаққа баспай-ақ қойды. Себебін сұрағанымда: – Олардың мінәндай ата­ғынан менің «Шәмші» деген мына-а-а-а-дай атым артық! – деді де кері бұрылып кете берді. Түһ, неткен биіктік!  

Аурудың жақсысы қайсы? 

Қазақта «Аурудың жақсысы жоқ» деген сөз бар. – Аурудың да жақсысы бар, - дейді екен Шәмші аға, - Ең жақсы ауру – қышыма, қасыған сайын жаның кіреді.  

Қазақтар ат қойғыш

Жазушы Оразбек Бодықов: – Бір кісінің Жасарал, Көкарал, Ақмарал, Генерал деген балалары бар екен. Аттары қызық, ә? – дейді. – Ой, ол түк емес! – депті Шәмші. – Бір шалдың Мылтық­бай, Найзабай, Наганбай, Патронбай, Шомпылбай деген балаларын өз көзіммен көрдім. Рас па, өтірік пе? Аузын ашып аң-таң қалған Оразбекке: – Немене, сенбейсің бе? – депті Шәмші. – Біздің қазақтар ат қойғыш. – Менің «Сыған серенадасы» әнімді үзілдіріп айтатын Зәуреш Есбергенованың шын аты – Закон. Кейін Зәуреш боп кеткен. Октябрь деген спортшы, Февраль деген секретарь, Совет, Коммунар деген журналист, Глазбай деген режиссер бар. тіпті Данышпан деген әйелді де көрдім. Шіркін, Шәмші! Осы бір астары қою асқақ әзілмен не айтқысы келді екен?  

Қымыз, қыз... ән

Көзі ойнақшыған көрікті де, көңілді періштелерді көрсе-ақ отқа түсер көбелектей қалбаң қағатын мінезін байқаған құр­дастары: – Өстіп жүріп бабник боп кетпес пе екенсің? – десе, Шәм­ші: – Қымызды кім ішпейді, қыз­ды кім сүймейді, әнді кім айт­пайды? – Қымызда қуат бар, қызда шуақ бар, әсем әнде бұлақ бар! – дейтін көрінеді.  

Алғашқы махаббат 

Шәмші бір сөзінде былай депті.: – Алғашқы махаббат туралы ән көп, алғашқы махаббатты жырламаған ақындар да кемде-кем. Екінші махаббат, үшінші махаббат, төртінші махаббат деген ән естісем құлағым керең болсын. Сондықтан да, алғашқы махаббаттың аты – алғашқы махаббат. Ал олардан кейінгі махаббаттың бәрі де алғашқы махаббатты қайталау. Повтор, повтор!.. Мен әр әніме алғашқы маха­ббат­тай қараймын.  

Орыс іздеп әуре болмайсың

Күлкі жанрының классигі Оспанхан Әубәкіровтің жесірі Нұрсұлу жеңгемнің әңгімесі жырдан да қызық. – Орта мектепті бітіргесін, консерваторияға түстім, - дейді жеңгей, - курстастарым Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Оспанхан Әубәкіров, Шәмші Қалдаяқов... Кілең сайдың тасындай, бәрі де қазақша сайрап тұр. Мен Қостанайдағы детдомда өскен жетім қызбын. Орысша оқып, орысша тәрбие алдым. Қазақша түсінем, бірақ сөйлей алмаймын. Қай қазақтың сұрағына да орыс­ша жауап қайырамын. Күн­дердің күнінде Оспанхан екеуміз тіл табысып, үйленетін болдық. Мені Шәмшіге ертіп барды да: – Шәке, - деді, – осы қызды алсам қайтеді? – Алсаң ал, орыс іздеп әуре болмайсың, - деді Шәмші де езу тартып.  

Су болмай шығу

«Әнді қалай шығарасыз?» деген сұраққа, жарықтық Шәмші ағынан жарылып айтыпты: – Данышпан Глинканың «Музыканы шығаратын халық, ал композиторлар оны өңдеу­шілер ғана» деген сөзінде жан бар-ау, сірә? Ал өз жанымнан оған мынаны қосар едім: «Ән шығару деген жауын-жауынның арасымен жүріп, су болмай шығу».  

Көпен ӘМІРБЕК