Алайын ба, алмайын ба?
Алайын ба, алмайын ба?
200
оқылды
Құдай ұрамын десе, мойныңды ақшаға қарай бұрамын десе, түк те емес. Ақшаны бәрі жақсы көреді. Ақшаға деген махаббат бәрінде бар. Бірақ, оттай ыстық махаббат біреулерде жанып тұрады, параны көргенде сілекейлері тырс–тырс тамып тұрады. Ақша деген албасты емес, егер парамен келген ақшаны жымын да,дымын да білдірмей алсаң. Алматы облысы, Бостандық ауданының бұрынғы судьясы Эльвира Оспанова істі жабу үшін алақанын қасыды. Анау да аңқаусып тұрған жоқ, үш мың  доллар беретінін меңзеп, қасын үш рет керді. Судья түсінбей қалды. –Не айтқыңыз келеді?–деп сұрады сосын. –Кабинетіңізде көсіліп сөйлеуге болмайтын шығар? –Әрине. –Үш саусақ? –Болады. «Алайын ба, алмайын ба?»  Осы ой миын жегідей жеді. Сосын: –Ия, ертең келіңізші, –деді. Үйінде жатып та, уайым жеді. «Алсам ба, алмасам ба? Кенет біреу: –Алыңыз! –деп сыбырлады. Бұның зәресі ұшып, құлағы жыбырлады. Сөйтсе, сол жағында отырған періштесі екен.  Оң жағында отырған періштесі былай деді: –Алмаңыз! –Алсын! –Алмасын! Екеуі екі иығынан секіріп түсті де, төбелесе кетті. Кіп–кішкентай періштелер аямай  жұдырықтасқанда бар ғой, қабырғаға былш ете қалып, сырғыыып түседі дейсің. Әділдікке, жақсылыққа үндейтін періштесінің  мұрыны қанап, беті мен аузы қан дала болды. Арамдыққа, парақорлыққа жығып салатын періштесі секіріп келіп, бір тепкенде, анау періште шалқасынан түсіп, «Кешіріңіз, апай, мен өлдім!» деді. Мыныу болса: –«Өлмесең одан әрәі, мен сені көмдім!» деді. Сол екен, жақсылыққа жетелейтін періштеден ақ түтін шықты да, жоқ болып кетті.  Қара періште құлағына сыбырлады: –Қолыңыздан келіп тұрғанда, қонышыңыз­дан басыңыз! Үш мың доллар! Үш мың! Алыңыз! –Алайын ба, алмайын ба? –Алайын ба, алмайын ба дегеніңіз не? Алыңыз! –Ұсталып қалсам ше? –Ұсталмайсыз! Жемқорлар жыртыңдап жүр, парақорлар қутыңдап жүр. –Бір түрлі қорқамын. –Қорықпаңыз. Әрине, адамның періштелері дәл осылай сөйлеспейді. Бірақ, Эльвира ханымның өзімен өзі сөйлесіп, басынан сан–сапалақ ойлардың атой салғаны рас. Қанша дегенмен, қиын жағдай ғой, пара беріп тұрғанның ойында не барын қайдан білсін? Қазір адамдар жамаан, өтірік күліп, асты–үстіңе түсіп, немесе жылағанда, ботадай боздап, мүсәпір бола қалады. Артынан  арсалаңдап, құқық қорғаушылар жетіп келгенде, желкеңді қасып отырмайсың, «Бітті Бәтима!» болады! Бұл жолы дәл солай болды! «Бітті , Бәтима!» Үш мың долларды аларын алып, қайтарып беріп жатқанда, сау етіп, жетерлер жетіп келгені! Ақыры не болды? Төрт жылға бостандығынан айырылды. Мемлекеттік қызметке өмір бойына жұмыс істей алмайды! Адамды Құдай ұрамын десе, демде ғой? Енді ол «Алайын ба? Алмайын ба?» десе де, заңның аты заң!  

Жебе САДАҚҰЛЫ