*Жарлының мұртын ширатқаннан басқа несі қалды? *Тоқал ешкі өзін лақпын деп ойлапты. *Үйрекке тас лақтыр: тисе – жақсы, тимесе – тас тасқа қосылады, үйрек үйрекке қосылады. *Басым болса, бөркім болар еді. *Тұнып ақпаған судың түбі көрінбеген соң, түпсіз өзен екен депті. – Бетсіздер боқ басады, боқ басып жүріп топтасады. *Барлық ит өз ауласында күшті. *Сиыр сойған жерде ешкі де сойылады. *Қырғиы көп жерде көгершін ұшпайды. *Кісінің қай жері ауырса, қолы сол жерді сипайды. *Құмырашы құмыраның құлағын қалаған жерінен шығарады. *Қонақ қонақты жаратпайды, ал отағасы екеуін де жаратпайды. *Бір шошқаның ауызына екі жаңғақ сыймайды. *Күйеуге шыға алмаған қыз міншіл келеді. *Өгізге мүйізі ауыр емес. *Саңырау үшін барабанды екі рет қақпайды. *Қарыз бен борыш қартаймайды. *Шошқаны шыңғырту үшін итін сойып тастады. *Бейтаныс төте жолдан таныс қисық жол қысқа. *Жастық та адамды жалықтырады. *Арам ауыздан жаман сөз шығады. *Күнде көрген кісіге құрмет жоқ. * Қол соқсаң болды – билеп беремін. * Жөтел мен жаман әдетті жасыра алмайсың. * Ағаш қартайса, құрт түседі. * Өзен ағысы алып кеткен бақа: “Өзім де теңізге дейін жүзгім келіп отыр еді”, – депті. * Жапалаққа Жаратқан көз бергенде, ол енді қас керек деп сұрапты. * Атыңды кімге сеніп тапсырсаң, әйеліңді де соған сеніп тапсыр. * Кімге бас қойсаң, құлақты сол жейді. * Сандыққа салып қойсаң да, ажалды өледі. * – Соққан кім? – Ағам. – Баққан кім? – Ағам. *Күшіне сенген адам бопсаламайды. *Қолынан іс келмейтіннің ісі таусылмайды. *Бір кесе шарап іше алмайтын адамға екі кесе шарап ішкізіпті. *Өзіне пайдасы жоқтың өзгеге де пайдасы жоқ. *Айтуға ұялмаған істеуге де ұялмайды. * Саған ізгілік ойлаған кісі қызыңды мақтайды. * Түлкі қайда болса, құйрығы сонда. * “Құйрығым кедергі жасамаса, менен ешкім оза алмас еді”, – депті қой. * “Жорға болар едім, басымды шұлғи беруге мойыным жар бермейді”,– депті жылқы. * Түлкі құйрығын куәлікке тартыпты. * Бақа да батпағым басқанікінен үлкен болса екен дейді. *Есектен құлаған баланы атқа отырғызба. *Аю түлкінің ізін көріп таң қалыпты. *Күйеуін түрмеге айдап бара жатса, әйелі оған сатып алатын көйлектің үлгісін беріпті. *Мияулаған мысық тышқан ауламайды. *Әйеліңнің кемшілігін өгей шешеңнен артық ешкім білмейді. *Жалғызілікті адам өзінің жалғыздығын тамақ ішкен кезде де сезінеді. *Шіріген бір алмұрт жүз алмұртты шірітеді. *Бір сөзді екі рет қайталасаң, иісі шығады. *Жаман ұста орманға барса, барлық ағаш дірілдеп қоя береді. *Жері жоқ себетін тұқым сұрапты. *Ауыздың қайда екенін қол біледі. *Малды мүйізінен ұстайды, Адамды сөзінен ұстайды. *Әлсіз амалсыздан мейірімді болады. *Ит үш аунамай жатпайды. *Бір рет қорыққан ит жұлдызға қарап үш жыл үреді. *Итті еркелет, бірақ таяғыңды тастама. *Кесе сыңғырламай сынбайды. *Тоқ адам өзгелерді де тоқ деп ойлайды. *Екі ергежейліге дүние тар болып көрініпті. *Кімді мырзам десең, сол сені өзімнің құлым дейді. *Әйелдің күші кем, бірақ қулығы артық. *Ешкісі жоғалғанның күні де жоғалады. *Қарға мылтықты кісіні көріп: “Егер ақылы болса, мені атпайды, ақымақ болса, атқан оғы тимейді”,– депті. *Ақымақ ағайыннан ақылды дұшпан артық. *Сиырды көздеп, бұқаны ат.
Аударған Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ