Бүгінде облыс бойынша 296 үміткер, соның ішінде бастауыш партия ұйымы атынан – 210, өзін-өзі ұсыну жолымен 86 үміткер праймеризге қатысуға құжаттарын тапсырды. Қатысушылардың ішінде әйелдер саны – 90, көпбалалы аналар – 10, жастар саны – 90, мүмкіндігі шектеулі жандар – 3 және қандастардан 1 үміткер бар. – Ашықтық пен бәсекелестік – «Nur Otan» праймеризінің басты қағидаты. Сондықтан да біз үшін нақты бәсеке негізінде ең мықтылардың жеңіп шыққаны маңызды. Праймеризге қатысушылардың бірқатары өмірлік тәжірибесі мол, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар. Бұл үміткерлер орталықта және жергілікті деңгейде, соның ішінде қазіргі депутаттық корпусқа салмақты бәсекелес бола алады деп ойлаймын. Бүгін партия қызметінің жауапты және жаңалығымен қызықты кезеңі. Жұмысымыздың жетістігі әрқайсысымыздың белсенділігімізге тікелей байланысты, – дейді «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов. «Nur Otan» партиясының бәсекелес партиялық тізім қалыптастыруға барынша мүдделі екенін айта кеткен жөн. Партияның атынан қоғамның қолдауы мен сеніміне ие болған үздік, беделді көшбасшылар сынға түспек. Дауыс беру рәсімі әділ әрі ашық түрде өткізіледі. 1-3 қазан аралығында дауыс беру онлайн-форматта өтеді. Бұл ретте ел азаматтары сайлау науқанын дәл сол уақытта бақылай алады. «Праймериз» ақпараттық жүйесі жоғары қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жасалған, сырттан араласуға жол берілмейді. Сайлау учаскелері 3 қазанда ғана ашылады. Сондықтан бақылаушылар тек сол күні ғана жұмыс істей алады. Сайлау учаскелерінде компьютер орнатылады. Онда электронды форматта да дауыс беруге болады. Интернет желісіне қосылмаған учаскелерде партиялықтар қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс бере алады.
Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ