Ұн саласын мұң басты
Ұн саласын мұң басты
190
оқылды
2020 жылдың жеті айында – қаңтар-шілде аралығында отан­дық «диірмендер» 1 миллион 891,2 мың тонна ұн тартты. Сөйтіп, былтырғы ұқсас кезеңмен салыс­тырғанда көрсеткіші 6,4%-ға құ­лады: 2019 жылғы 7 айда өнімі 2 миллион тоннадан асқан-тын. Бұл үрдіс біраздан бері жал­ғасуда. Мәселен, 2019 жыл қоры­тындысында жалпы көлемі 3,3 миллион тонна ұн жасалды. Бұл 2018 жылғыдан 18%-ға аз: екі жыл бұрын 3,8 миллион тонна ұнға қол жеткен екен. Ұлттық экономика министр­лігінің Статистика комитетінің дерегінше, бұл саланың шаруа­шылығы 2016 жылы өркендеп, 6,2 пайыз өсімді паш кеткен: сонда ішкі және әлемдік нарыққа еліміз барлығы 4 млн тонна ұн шыға­рыпты. Ал 2017 жылы өндірісі 1,6 пайызға төмендеп, 3,9 миллион тоннаны қанағат тұтты. Содан бері шаруасы шатқаяқтауда. Саланың ұстыны – Қостанай облысы: жалғыз өзі бүкіл ұнның 28,8%-ын беріп отыр. Өңір биыл осы өнімнің 544,9 мың тоннасын жасады. Осылайша, өндірісін 2,1%-ға арттырды. Бір ғажабы, ас­тықты өңірлердің «бестігіне» жатпайтын Шымкент қаласы шикі­затты ба­рын­ша мол өңдеу арқасында ұн саласында екінші орынға көтерілді: үшінші мега­полис жыл басынан бері 228,9 мың тонна ұн өндірген. Көш­басшы­лардың үштігіне 196,1 мың тонна көрсеткішімен Ақмола облысы кірді. Energyprom сарапшыларының мәліметінше, осы үш өңірде «Костанайский мелькомбинат», «Саламат», «Асалия», «Азия Ұны», «Romana-Нан», «Аруана-2010» (Қостанай облысы), «Алтын-Дән», Pioneer Grain Products, Miller&K (Шымкент), «Урожай», Agrimer-Astyk (Ақмола облысы) секілді ірі компаниялар жұмыс істейді. Өзге өңірлердің биылғы үлесі келесідей: Қарағанды облысы – 184,1 мың, СҚО – 171,1 мың, Түркістан облысы – 97,1 мың, ШҚО – 86 мың, Нұр-Сұлтан – 78,1 мың, Алматы облысы – 64,8 мың, Павлодар облысы – 61,7 мың, Ақтөбе облысы – 59,7 мың, БҚО – 58,1 мың, Алматы қаласы – 43,7 мың, Атырау облысы – 7 мың, Маңғыстау облысы – 7 мың, Жамбыл облысы – 2,5 мың, Қызылорда облысы – 0,6 мың тонна ұн. Ұнның жалпы көлемінде ең көп үлес – 92,4%-ы немесе 1 млн 748,3 мың тоннасы бидай ұнына тиесілі (2019 жылы 1 млн 871,9 мың тонна болған). Тағы 6,9%-ын немесе 130 мың тоннасын нан-тоқаш өнімдерін дайындауға ар­налған қоспалар құрады. Бұл өт­кен жылғыдан 2,9 пайызға кем. Бұдан бөлек биыл Қазақстанда 8,5 мың тонна күнжіт, жүгері, талшын (каштан) және басқасы­нан әзірленген өсімдік ұны өнді­ріліпті. Мұндай ұн түрі холесте­ринді төмендетуі, глюте­нінің жоғы, пайдалы заттарының көпті­гі арқасында елімізде де, шетелде де саламатты өмір салтын ұстану­шы­лар арасында танымал болуда. Сондықтан 2020 жылы өсімдік ұнының өндірісі былтырғымен салыстырғанда бірден 59%-ға – 5,3 мыңнан 8,5 мың тоннаға дейін артты. Есесіне, дәнді дақылдардан жа­­салатын майда тартылған ұн (му­ка мелкого помола) көлемі не­ба­ры 4,5 мың тонна ғана болып, бір жылда екі есе құлдырады. Был­тыр 8,8 мың тоннасы өндіріл­ген еді. Қынжылтатыны сол, өзі аста-төк астық жинайтын еліміз енді шетелден ұн сатып алуда. Осы жыл басталғалы 6,5 мың тонна ұн өзге елдерден тасылған. Енді қа­раңыз: бұл 2019 жылғыдан 2,4 есе көп! Өз кезегінде отандық өндіру­шілер қолына тиген бүкіл ресурс­тың 45,8%-ын немесе 713,4 мың тонна ұнды жаһандық нарыққа сатты. Экспорт бір жыл бұрын­ғыдан 2,5%-ға кеміді. Бұл басы ғана секілді. Сарап­шылар Қазақстан биыл ұн экспор­тының жылдық көлемінің үштен біріне жуығынан айырылуы мүм­кін екенін жариялады. Қазақстан бидай өңдеушілер одағының пре­зиденті Евгений Ганның ай­туын­ша, сыртқа сату көлемінің мұнша азаюының басты себебі – Өзбек­стан үкіметі енгізген кедер­гілер. Оңтүстік көрші қазақ асты­ғы арзанға түсуі үшін бидай жет­кізілімін салықтан босатты. Ал ұн жет­кізушілердің түсімінің 10 пайы­зын алып қояды. Осы арқы­лы Өзбекстан билігі астықтың өз елін­де өңделуін ынталандырып, шетел­­дік, яғни қазақстандық бә­секелестерін шектеп отыр. «Өзбекстанда астық өңдеудің өзіндік құны біздегіден әлдеқайда төмен. Оның үстіне, қазақстандық компанияларға транзиттік экс­порт­тық тарифті де жүктеп қойды. Салдарынан, қазақ­стандық ұн тартушылардың басты нарығы­мыз – Ауғанстанға шығуы жыл өткен сайын қиындауда. Оның орнына өзбектер қазақ бидайын шикізат күйінде арзанға тасып, өзінде өңдеп, Ауғанстанға қосыл­ған құнымен өткізуде. Бұл ірі на­рықта өзбектермен бәсеке­лесу күрделеніп барады. Бұған қоса, «Цесна» секілді ауған елінде қым­батқа бағаланатын қазақ­стандық брендтерді қолдан жасау фактілері жиілеп кеткен», – дейді Бидай өңдеушілер одағының басшысы.   Статкомитет ұн бағасының өзі­мізде қымбаттап жатқанын ес­кертті. Биылғы шілдеде дү­кендер мен базарларда жоғары сұрыпты бидай ұнының 1 келісі 224,7 теңге тұрған. Нәтижесінде, бір жылда құны 24%-ға өсті. Ал І-сұрыпты ұнның 1 келісінің орташа бағасы 20,6%-ға жоға­рылап, 176,4 теңгеге жетті. Осы­дан он жылдай бұрын осынша қаржыға 1 емес, 3 келідей ұн сатып алуға болатын. Ең қымбат ұн – Нұр-Сұлтан (286 теңге), Атырау (280), Шымкентте (256). Ең арзаны – Павлодарда (150), Петропавлда (182) және Таразда (191 теңге). Сарапшылардың байла­мын­ша, қазақстандық ұн әлемдік нарық­тарда одан әрі сұранысқа ие бола бермек. Өйткені оның сапалы көр­сеткіштері басқа бар­лық бәсе­келесіне қарағанда жо­ғары: құра­мында ақуыз көп – 12,5%, желім­тегі 23-30%-ға дейін барады. Со­ны­мен қатар гендік-моди­фика­цияланған қоспалардан ада. Дегенмен еліміздің үлкен теңіз­­ге шыға алмауы, логис­тиканың жетілмегені, отандық астықтың ұнымызбен бәсекелесуі оның өрісінің тарылуына ықпал етеді. Сондықтан сарапшылар болашақта бидай және басқасын астық түрінде сатуды мейлінше азайтып, ұн түрінде өңдеп сатуды ұсынады. Сонда біріншіден, елге әлдеқайда мол табыс келеді. Екін­шіден, Ресей, Өзбекстан, Қытай және басқасы «ас атасының» жоғары сапалы шикізатын бізден ұн түрінде сатып алуға мәжбүр болады.  

Айхан ШӘРІП