2020 жылдың жеті айында – қаңтар-шілде аралығында отандық «диірмендер» 1 миллион 891,2 мың тонна ұн тартты. Сөйтіп, былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда көрсеткіші 6,4%-ға құлады: 2019 жылғы 7 айда өнімі 2 миллион тоннадан асқан-тын. Бұл үрдіс біраздан бері жалғасуда. Мәселен, 2019 жыл қорытындысында жалпы көлемі 3,3 миллион тонна ұн жасалды. Бұл 2018 жылғыдан 18%-ға аз: екі жыл бұрын 3,8 миллион тонна ұнға қол жеткен екен. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегінше, бұл саланың шаруашылығы 2016 жылы өркендеп, 6,2 пайыз өсімді паш кеткен: сонда ішкі және әлемдік нарыққа еліміз барлығы 4 млн тонна ұн шығарыпты. Ал 2017 жылы өндірісі 1,6 пайызға төмендеп, 3,9 миллион тоннаны қанағат тұтты. Содан бері шаруасы шатқаяқтауда. Саланың ұстыны – Қостанай облысы: жалғыз өзі бүкіл ұнның 28,8%-ын беріп отыр. Өңір биыл осы өнімнің 544,9 мың тоннасын жасады. Осылайша, өндірісін 2,1%-ға арттырды. Бір ғажабы, астықты өңірлердің «бестігіне» жатпайтын Шымкент қаласы шикізатты барынша мол өңдеу арқасында ұн саласында екінші орынға көтерілді: үшінші мегаполис жыл басынан бері 228,9 мың тонна ұн өндірген. Көшбасшылардың үштігіне 196,1 мың тонна көрсеткішімен Ақмола облысы кірді. Energyprom сарапшыларының мәліметінше, осы үш өңірде «Костанайский мелькомбинат», «Саламат», «Асалия», «Азия Ұны», «Romana-Нан», «Аруана-2010» (Қостанай облысы), «Алтын-Дән», Pioneer Grain Products, Miller&K (Шымкент), «Урожай», Agrimer-Astyk (Ақмола облысы) секілді ірі компаниялар жұмыс істейді. Өзге өңірлердің биылғы үлесі келесідей: Қарағанды облысы – 184,1 мың, СҚО – 171,1 мың, Түркістан облысы – 97,1 мың, ШҚО – 86 мың, Нұр-Сұлтан – 78,1 мың, Алматы облысы – 64,8 мың, Павлодар облысы – 61,7 мың, Ақтөбе облысы – 59,7 мың, БҚО – 58,1 мың, Алматы қаласы – 43,7 мың, Атырау облысы – 7 мың, Маңғыстау облысы – 7 мың, Жамбыл облысы – 2,5 мың, Қызылорда облысы – 0,6 мың тонна ұн. Ұнның жалпы көлемінде ең көп үлес – 92,4%-ы немесе 1 млн 748,3 мың тоннасы бидай ұнына тиесілі (2019 жылы 1 млн 871,9 мың тонна болған). Тағы 6,9%-ын немесе 130 мың тоннасын нан-тоқаш өнімдерін дайындауға арналған қоспалар құрады. Бұл өткен жылғыдан 2,9 пайызға кем. Бұдан бөлек биыл Қазақстанда 8,5 мың тонна күнжіт, жүгері, талшын (каштан) және басқасынан әзірленген өсімдік ұны өндіріліпті. Мұндай ұн түрі холестеринді төмендетуі, глютенінің жоғы, пайдалы заттарының көптігі арқасында елімізде де, шетелде де саламатты өмір салтын ұстанушылар арасында танымал болуда. Сондықтан 2020 жылы өсімдік ұнының өндірісі былтырғымен салыстырғанда бірден 59%-ға – 5,3 мыңнан 8,5 мың тоннаға дейін артты. Есесіне, дәнді дақылдардан жасалатын майда тартылған ұн (мука мелкого помола) көлемі небары 4,5 мың тонна ғана болып, бір жылда екі есе құлдырады. Былтыр 8,8 мың тоннасы өндірілген еді. Қынжылтатыны сол, өзі аста-төк астық жинайтын еліміз енді шетелден ұн сатып алуда. Осы жыл басталғалы 6,5 мың тонна ұн өзге елдерден тасылған. Енді қараңыз: бұл 2019 жылғыдан 2,4 есе көп! Өз кезегінде отандық өндірушілер қолына тиген бүкіл ресурстың 45,8%-ын немесе 713,4 мың тонна ұнды жаһандық нарыққа сатты. Экспорт бір жыл бұрынғыдан 2,5%-ға кеміді. Бұл басы ғана секілді. Сарапшылар Қазақстан биыл ұн экспортының жылдық көлемінің үштен біріне жуығынан айырылуы мүмкін екенін жариялады. Қазақстан бидай өңдеушілер одағының президенті Евгений Ганның айтуынша, сыртқа сату көлемінің мұнша азаюының басты себебі – Өзбекстан үкіметі енгізген кедергілер. Оңтүстік көрші қазақ астығы арзанға түсуі үшін бидай жеткізілімін салықтан босатты. Ал ұн жеткізушілердің түсімінің 10 пайызын алып қояды. Осы арқылы Өзбекстан билігі астықтың өз елінде өңделуін ынталандырып, шетелдік, яғни қазақстандық бәсекелестерін шектеп отыр. «Өзбекстанда астық өңдеудің өзіндік құны біздегіден әлдеқайда төмен. Оның үстіне, қазақстандық компанияларға транзиттік экспорттық тарифті де жүктеп қойды. Салдарынан, қазақстандық ұн тартушылардың басты нарығымыз – Ауғанстанға шығуы жыл өткен сайын қиындауда. Оның орнына өзбектер қазақ бидайын шикізат күйінде арзанға тасып, өзінде өңдеп, Ауғанстанға қосылған құнымен өткізуде. Бұл ірі нарықта өзбектермен бәсекелесу күрделеніп барады. Бұған қоса, «Цесна» секілді ауған елінде қымбатқа бағаланатын қазақстандық брендтерді қолдан жасау фактілері жиілеп кеткен», – дейді Бидай өңдеушілер одағының басшысы. Статкомитет ұн бағасының өзімізде қымбаттап жатқанын ескертті. Биылғы шілдеде дүкендер мен базарларда жоғары сұрыпты бидай ұнының 1 келісі 224,7 теңге тұрған. Нәтижесінде, бір жылда құны 24%-ға өсті. Ал І-сұрыпты ұнның 1 келісінің орташа бағасы 20,6%-ға жоғарылап, 176,4 теңгеге жетті. Осыдан он жылдай бұрын осынша қаржыға 1 емес, 3 келідей ұн сатып алуға болатын. Ең қымбат ұн – Нұр-Сұлтан (286 теңге), Атырау (280), Шымкентте (256). Ең арзаны – Павлодарда (150), Петропавлда (182) және Таразда (191 теңге). Сарапшылардың байламынша, қазақстандық ұн әлемдік нарықтарда одан әрі сұранысқа ие бола бермек. Өйткені оның сапалы көрсеткіштері басқа барлық бәсекелесіне қарағанда жоғары: құрамында ақуыз көп – 12,5%, желімтегі 23-30%-ға дейін барады. Сонымен қатар гендік-модификацияланған қоспалардан ада. Дегенмен еліміздің үлкен теңізге шыға алмауы, логистиканың жетілмегені, отандық астықтың ұнымызбен бәсекелесуі оның өрісінің тарылуына ықпал етеді. Сондықтан сарапшылар болашақта бидай және басқасын астық түрінде сатуды мейлінше азайтып, ұн түрінде өңдеп сатуды ұсынады. Сонда біріншіден, елге әлдеқайда мол табыс келеді. Екіншіден, Ресей, Өзбекстан, Қытай және басқасы «ас атасының» жоғары сапалы шикізатын бізден ұн түрінде сатып алуға мәжбүр болады.
Айхан ШӘРІП