Ұл болсын, тек қыз болмасын ...
Ұл болсын, тек қыз болмасын ...
1,005
оқылды
 

Ұлбаладан Мадинаға дейін

Мәдина Серікжанқызына ту­ғанда берілген есімі – Ұлбала. От­басында қатарынан үш қыз дү­ниеге келген соң, ата-анасы ырым­дап қойыпты. «Соңымнан ұл ерсін» деп «Ұлбала» қойғанымен, менен кейін де өмірге қыз келді. Өз басым бұл ырымға сенбеймін. Өйткені сәбидің ұл не қыз болуы Алланың қалауымен ғана болады. Мәселен, менен кейінгі сіңліме ырым­дап қоймаса да, одан кейін ініміз дүние есігін ашты. Шыны керек, бала кезде бұл есіммен жүру оңай болған жоқ. Мектепте, әсіресе, сыныптас ұлдар көп мазақтайтын. Қатты қысылатынмын. Сөйтіп, 16-ға то­лып, жеке куәлік аларда есімімді өзгерттім. Өзіме «Мәдина» деген жаңа атым өте ұнайды. Әу бастан осындай әдемі есім қоюы керек еді деп ойлаймын. Балаға ат қою – үлкен жауапкершілік. Мұндайда ата-ана жүз ойланып барып шешім қабылдауы керек. Өйткені олардың ұл қалаған ниетінен бұрын, ол есіммен өмір бойы жүретін қызын ойлағаны әлдеқайда маңызды», – дейді ол.  

Мектептегі мазақ

Бүгінде буллингпен күрестің маңызы туралы жиі айтамыз. Оның алдын алу шараларын ойластырып, амалдарын қарастырамыз. Бір қарасаңыз, буллингке ұшырайтын қыздардың бір тобы – есіміне бай­ланысты кемсітуге тап болғандар.   Балаларға адамның атын мазақ етуге болмайтынын түсіндіру оңай емес. Сыныптастармен бірлесіп келемеждеу – жиі кездесетін құ­былыс. Бұл дегеніміз – қыз бала­ның психикасына ауыр соққы бо­лып тиеді. Өсе келе есімін атап, танысуға да ұялуы бек мүмкін. Де­мек, баласын ойлаған ата-ана бірін­ші кезекте қойылатын аттың әуезді, әдемі, мағыналы болуына баса мән беруі керек. ЮНФПА зерттеуіне үңілсек, Ұлболсын аталған қыздардың 53,6 пайызы ауылда дүниеге келген екен. Жалпы, түбірі ұқсас мұндай есімнің 300-ге тарта вариациясы бар. Заманға қарай кей есімдер өздігімен шетке шығып қалады. Мысалы, бүгінде соңы «бай» деп аяқталатын аттар аз кездеседі. Ал Ұлболсынға ұқсас есімдер легі әлі өзекті. Бірақ бір байқағанымыз, әр он жыл сайын қыздарына түбірі –ұлдан басталатын ат қоятындар бір­тіндеп азайып келеді. Мәселен, 1990-1999 жылдар аралығында 13 803 есім тіркелсе, 2010-2019 жылдарда 12 264-ке төмендеген.  

«Ұл» түбірлі есімдер статистикасы

«Ұлдан» басталатын есімді қыз­дарына жиі қоятын оңтүстік өңірі екен. Соның ішінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шымкент және Алматы қалаларында мұндай есімі бар қыздар көп. Үлес салмағы бүкіл республикаға шаққанда  69,6 пайыз болады. Батыс өңірде 16,3 пайыз, орталықта 8,4 пайыз екен. Ал мұн­дай есімді аз қоятын аймақтар – Солтүстік-Шығыс өңір. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстандағы түбірі ұлдан басталатын ныспысы бар қыздардың үлесі – бар болғаны 5,7 пайыз. Қолда бар деректердің ішінде бізге белгілі тағы бірнеше қызық факт бар. Республика бойынша осындай есімі бар қыздардың 29,8 пайызы жоғары оқу орнын тәмам­даған. Орта білім алғандары – 22,9 пайыз, арнайы орта және кәсіптік-техникалық білім ал­ғандары – 32,7 пайыз, негізгі орта және бастауыш сыныпты бітіргендері – 14,6 пайыз. Әлбетте, адамның есімі оның бі­лі­­мі мен кәсібіне әсер етпеуі тиіс. Өйткені білікті маманның есім­інде тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен кезінде кемсіту көргеннің сал­дарынан қабілетін дамытпаған болуы да бек мүмкін екенін есте ұс­тау қажет. Яғни, қыздардың өзіне деген сенімсіздіктің кесірінен толық ашыла алмай кетуін бол­дырмауымыз тиіс. Мысалы, ұл түбірлес есімді қыздардың 21,6 пайызы жалдамалы қызметкер болса, 10,9 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтитындар. 9,4 па­йызы – студент, 7,7 пайызы – зейнеткер. Қанша жерден ескіріп келе жатқан есімдердің қатарына қоссақ та, көп бөлігі орта жас ша­масындағы қыз-келіншектер екенін байқап отырмыз. Соңғы он жылдың статистикасына үңілсек, қызына айрықша ат қойған ата-аналардың жартысынан көбінде келесі болып өмірге ұл келіпті. Яғни, ұл болсын деген тілекпен 1 923 қызға есім берілсе, қабыл бол­ғаны – 53 пайыз. Қалған 907 жағдайда, ырымы қырын кетіп, отбасына тағы бір қыз келіпті.  

Рахатты қыздан көретіндер көп

Экономика ғылымдарының кан­­дидаты, «Гендерлік теңдік пен әйелдердің құқығы мен мүм­кіндіктерін дамыту мәселелері» ғы­лыми жобасының жетекшісі Жа­нар Темірбекова қыздарға қо­йылатын мұндай ныспының бе­рілуіне бірнеше себеп барын айтып отыр. «Негізі, «Ұлболсын», «Ұлжалғас» деп тек дүниеге қыз­дар көп келе бергенде қойыла бермейді. Тарихына үңілсек, бұлар ескі есімдерге жатады. Шамамен орта ғасырларда пайда болған. Ол кезде қазақ халқы көшпенді өмір кешкен. Патриархал қоғам болғандықтан, әйелді еркектің үйінің шаруасын істеп, дүниеге ұл әкелетін объект ретінде көретін. Әрі бұрын бір үйде бірнеше келін бірге тұрады. Сөйтіп, абысындары да ұл құрсақ көтерсін деген ниетпен де солай атайтын үрдіс болған. Ал енді қазір мұндай есімдерді қоятын себептің бірі – көп қыздан кейін ұл күту. Егер отбасында ұл болмаса, толық емес болып кө­рінеді. Қоғамда мұндай стереотип бары рас. Келесі бір себеп: әулеттегі беделді кісінің құрметіне қою. Егер сондай себеп болса, қызға жақсылап түсіндіруіміз тиіс. Абай атамыздың анасы Ұлжандай болсын деп қоюдың жөні бөлек. Жалпы алғанда, баланың психикасына қалай әсер ететінін ойлау керек деп есептеймін. Өйткені өсе келе әркім өз есімін талдайды. Сондайда «ата-анам мені қаламаған екен, ұл болса деп тілегенімен, мен туыппын» деп өзін кінәлі сезінуі мүмкін. От­­басындағы адам құқықтары про­блемасы осындайдан шығады. Осы күні қариялармен сөйлесе қалсаңыз, көпшілігі «рахатты қызым­­нан көрдім» деп отырады. Яғни, ер бала ғана отбасыға қамқор болмайды. Сондықтан жанұяда ұл болмағаны үшін әйелді нұқып, кемсіткен дұрыс емес».  Алматылық режиссер Екатерина Суворова осындай есімі бар қыздардың тағдырын суреттейтін туынды түсіре бастады. Бұл идеяның режиссерге келуі де қызық болыпты. Үлкен енесі­нің есімі Ұлболсын екен. Содан мұндай ат қоюдың сырына тереңірек үңілуді жөн көреді. «Басында 20 кейіпкер таңдағанбыз. Кейін азайттық. Кейіпкерлермен сұхбаттаса отырып, олардың тағ­дырын көрсеткіміз келеді. Бәріміз теңбіз десек те, отбасында ұл кел­мегені үшін өкінетіндер бар. Фильмді жарыққа шығарудағы мақсат сол – жастарды балаға есім таңдауда жауапкершілікпен қарауға шақыру. Жынысына қарап бөлмей, екеуіне де құрметпен қарауымыз тиіс», – дейді режиссер. Көпбалалы ана Айгүл Ахман­бетова бұл ырым шындыққа жанас­пайды деген пікірде. «Баланың атын «Ұлбала» деп қойғанға бола келесісі ұл болады дегенге сенбеймін. Әрі олай есім қоюға қарсымын. Қыз­дарыма ондай ат қоймадым. Құ­дайдың бергені болады. Бүгінде ұл туу үшін жоспарлап, есептейтін небір тәсілдер шығып жатыр. Оның бәрі – бос сөз», – дейді ол.  

Есімді өзгертуге бола ма?

Расында, адамның есімі тағ­дырына тікелей әсер етеді деседі. «Атыңа затың сай болсын» деп ата-әжелеріміз жиі ескертіп отырады. Сондықтан есім таңдағанда оның мағынасына, мазаққа қалмауына баса мән берген жөн. Әлдекімнің түсінде берілген аян еді деп қи­сынға келмейтін ат қойып, қатар­ластарының көзінше есімін атай алмай жүру балаға оңай емес. Азан шақырып тұрып қойылған аты ұнамай, кейін ауыстырып тастайтындар бар. Алматы орталық мешітінің наиб-имамы Ермек Кө­кірекбаев исламда ұнамсыз есім­дерді өзгертудің ағаттығы жоғын айтып отыр. «Шариғатта өзіне ұнамаған есімді ауыстыруға рұқсат етілген. Сондай-ақ дінге қайшы аттарды өзгерткен дұрыс. Мысалы, Алланың көркем есімдерінің ішін­дегі Саматты Әбдусамат деп ауыстыруға болады. Қазақстан заңы бойынша да есімді ауыстыруға кедергі жоқ. 16-ға толған кез келген азаматтың қалауына қарай атын құжат жүзінде өзгертуге құқығы бар. Ол үшін өтініш жазып, қажет құжаттарды тапсырып, баж салығын төлейді. Не үшін ауыстырып жат­қанын түсіндірген соң, өтінім бір ай уақыт ішінде қаралады. 30 күннен кейін жаңа куәлігі қолына беріледі.  

Жадыра АҚҚАЙЫР