Әлеуметтік маңызы бар 6 тауарды шетелден аламыз
Ата заңымызда аграрлы ел екеніміз анық жазылған. Алайда ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімдегі үлесі – 5 пайыз ғана. 1980 жылы бұл көрсеткіш – 22,6%, ал 1990 жылы 34% болған. 2010 жылға дейін тұрақты түрде төмендеп, 4,2% тұрақтаған еді, бүгіндері – 5%. Бұл – экономикалық саясат үшін үлкен сын. Әрине, бұл көрсеткішті көтеру мақсатында агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін бюджеттен миллиардтар бөлініп келеді, әзірге нәтиже көңіл көншітпейді. Алысқа бармай 2 жыл бұрын қабылданған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын алайық. Бұл бағдарлама әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдер импортын жергілікті өнімдермен алмастыруы тиіс еді. Бірақ бағдарламаның жүзеге асырылуы Президентің көңілінен шықпады. «...Бір жарым жыл ішінде бұл бағдарламаның шарттары 6 рет қаралды. Ал жалпы бөлінген 200 миллиард теңгеден сәл ғана асатын қаржының бестен бірі ғана игерілген. Өңдеу өнеркәсібіндегі субъектілер саны мен халық тұтынатын тауарлар импортының үлесі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Яғни, біз нақты мақсаттар мен міндеттемелерді айқындап алмай, ақша бөле береміз. Басқаша айтқанда, атауы жақсы басқа бағдарламалар сияқты «Қарапайым заттар экономикасының» да сәтсіздікке ұшырау қаупі туындады, – деді Мемлекет басшысы биылғы 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Бұлай дейтін себебі, Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі индексінде 55-орында тұр. Үздіктер көшін Сингапур, Ирландия және Ұлыбритания бастаған. Былтыр күнделікті өмірде тұтынатын тамақ өнімдерінің 29 түрінің 23-і отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету 80 пайыздан, кейбір өнімдер бойынша 100%-дан асты. Алайда біздің ел әлеуметтік маңызы бар 6 тауар бойынша әлі күнге импортқа тәуелді. Алманың 62,9%, балықтың 60,8%, шұжықтардың 62,0%, ірімшіктер және сүзбенің 57,0%, қанттың 46,6% және құс етінің 58,3% шетелден жеткізіледі. Сингапурмен салыстырғанда, жағдайымыз бен мүмкіндігіміз зор бола тұра, 6 тауарды шетелден импорттауымыз ақылға қонымсыз. Десе де, мұның бір себебін еліміздегі әлсіз инфрақұрылыммен, логистикамен байланыстыратындар бар. Салдарынан маусымдық өнімдердің қажетті көлемін сақтау мүмкін болмай қалады да, ішкі нарықта импорт өнімдер ұсынылады.100 сұрақтың 36-ы субсидияға қатысты мәселені қозғайды
Ауыл шаруашылығы саласының сарапшылары егер саланы қаржыландыру тиімді жүргізілсе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімділікті арттыру, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, жаңа жұмыс орнын құруға әбден болады деп санайды. Integrity astana коммерциялық емес ұйымының жетекшісі, экономист Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда саланы тікелей мемлекеттік қолдау (сары себет) деңгейі төмен. Жалпы, өнім құнына шаққанда субсидия 4-5 пайыздан аспайды. «Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының рұқсат етілген деңгейінен айтарлықтай төмен. ДСҰ келісімі бойынша мемлекеттік қолдаудың шекті деңгейі 8,5% болуы тиіс. Біз бұл бағытта Еуразия экономикалық ұйымындағы елдерден де артта тұрмыз. 2015 жылы Беларусь Республикасында «сары себет» деп аталатын субсидия көлемі $ 1,5 млрд, Ресейде $ 3,3 млрд құрады», – дейді ол. Сарапшы субсидияны салаларға бөлуде үлкен тартыс жүретінін айтады. Бұған ережелер мен мәлімдемелерге енгізілген түзетулердің көптігі дәлел дейді. еGov.kz порталының, азаматтық қоғам ұйымдары мен квазимемлекеттік сектор басшыларының блог-платформаларындағы ашық деректерді талдау барлық аймақ үшін субсидия мәселесінің өзекті екенін көрсетіп отыр. Мәселен, Integrity astana зерттеуі сала министріне жолданған 100 өтініштің 36%-ы субсидияға қатысты мәселені қозғағанын анықтаған.Шикізат экспорты ШОБ-тың дамуына кедергі келтіріп отыр
Ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаржы, оның ішінде субсидияға қатысты сын қаржының ірі холдингтерге бағытталуына қарата айтылады. Ал біздің елде 1 миллион 700 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық бар. Олардың өнімдері сауда нүктелерінде сатылмайды, қайта өңдеуге жіберілмейді. Президент осы шаруашылықтардан мемлекет салық алмайтынын, салдарынан мұндай шаруашылықтарда жұмыс істейтіндер іс жүзінде әлеуметтік жағынан қорғалмайтынын айтып, олардың өнімін супермаркеттер сөресіне жеткізуді тапсырғаны бар. Осы тапсырмадан соң Үкімет жетекшісі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын жаңартуды, сондай-ақ өсімдік шаруашылығының жалпы өнім көлемін 3,1 трлн теңгеге жеткізуді қамтамасыз ету үшін көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемін 2 еседен астам көбейтуді тапсырды. Бұл тапсырмада бағдарламада өсімдік шаруашылығына басымдық берілетінін бағамдау қиын емес. Мұның себебі өсімдік шаруашылығының ішкі жалпы өнімдегі үлесіне байланысты болса керек. Былтыр ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі 5 триллион теңге болса, соның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 2,8 трлн (немесе жалпы ауылшаруашылық өнімінің 54,7%), мал шаруашылығының үлесі 2,3 трлн (44,0%) теңге болды. Қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты соңғы бес жылда тұрақты түрде өскен. Мысалы, былтыр экспорт 5,9%-ға өсіп, 3,3 млрд долларды құрады. Оның 70% астамы өсімдік шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Осыны ескерген Үкімет өсімдік шаруашылығына басымдық берген сияқты. Бірақ сарапшылар бұл бұрыс шешім деп санайды. «Осы тұста айта кету керек, ауылшаруашылық өнімдерінің 80%-ы шикізат ретінде, қайта өңдеусіз сатылады. Соның салдарынан былтыр өңделген өнім экспорты 2018 жылмен салыстырғанда 20,7% төмендеген. Қазақстан өсімдіктерді экспортқа бағыттау арқылы шағын және орта бизнесті терең өңдеумен және мал шаруашылығымен айналысу мүмкіндігінен айырып отыр», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, The Last Hope қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Руслан Асаубаев. Оның пікірінше, өсімдік шаруашылығы шетел инвестициясы үшін жоғары басымдыққа ие, бірақ солай екен деп, бұл бағытпен кетуге болмайды. Себебі соңғы төрт жылда бұл саладағы инвестициялық кіріс жыл сайын 37% төмендеп жатыр. Егер 2015 жылы тікелей шетел инвестициясы 71,5 млн доллар деңгейінде болса, 2019 жылы 10,1 млн доллар болды, яғни бес жылда жеті есе азайған. Сондықтан өсімдік шаруашылығын импорт алмастыруға дайындау қажет. Себебі 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі орташа өнімділік гектарына 12 центнер болған. Сарапшының пайымынша, бұл төмен көрсеткіш. Еліміздегі үш аграрлық облыс – Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында субсидияның 60 пайыздан астамы өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталған. «Әрине, бидай өндірісінің тиімділігін растайтын жақсы мысал ретінде «ҚазАгро» холдингінің қызметін айтуға болар. Бірақ бұл салада да ескеруге тиіс бір жағдай бар: еліміздегі 117 агроөнеркәсіп кешенін қаржылық сауықтыруға 323,5 млрд теңге жұмсалғаны белгілі. Сол 117 агроөнеркәсіп кешенінің 63-і еліміздегі үш ірі компанияға тиесілі. Қаржылық сауықтыруға ие болған 37 субъекті «Алиби» ЖШС-ке, 20-ы «Казэкспортастыққа», ал 6-ы «Иволга» ЖШС-ке қарайды. Осылайша, біз үш ірі холдингке 270 миллиард теңге немесе жалпы қаражаттың шамамен 84 пайызын бердік. Осылайша, субсидияны тағы да ірі ойыншылар алып, ұпайын түгендеді», – дейді Руслан Асаубаев. Ол алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын жетілдірерде осы мәселеге көңіл бөлу керек екенін ескертеді. Әйтпесе, шағын қожалықтардың жағдайы қожырап кетеді.Мал шаруашылығының болашағы қандай?
Бүгінгі таңда мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласына бөлінген субсидияның 48,1%-ын ғана алып отыр. Ал статистика мал шаруашылығы өнімдерінің астық өнімділігімен салыстырғанда, анағұрлым тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Мысалы, ірі қара малдың жалпы саны 2004 жылы 4 871,0 мың бас болса, 2019 жылы 8 205,5 мың басқа жетті. Ірі шаруа қожалықтарда 2002 жылдан 2019 жылға дейінгі мерзімде мал басы тиісінше 7,0-ден 9,1% -ке дейін өсті. Ал осы кезеңдегі мал өсімінің ең жақсы нәтижесі 4,5%-дан 35%-ға дейін жеке қосалқы шаруашылықтарда тіркелді. Көріп отырғанымыздай, жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басы қарқынды өскен. Бұл осы шаруашылықтарға назар аудару қажет екенін білдірсе керек. Әрине, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты аз болып отыр. Себебі ішкі сұраныс жоғары болып тұр. Десе де, мал шаруашылығы өнімдері бес жыл бұрын экспорттың 0,36%-ын құраса, былтыр бұл көрсеткіш 5,9% көрсетті. Сарапшылар бұл деректің өзі Қазақстанда мал өсірудің болашағы зор екенін білдіреді дейді. Десе де, жеке қосалқы шаруашылықтарда ветеринарлық қадағалауды күшейтіп, жем-шөп базасын нығайтып, табиғи-климаттық жағдайға бейімдемесе, бәрі бекер болатынын айтады. Екі жыл бұрын Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Әлеуетті фермерлердің жерге және жеңілдетілген несиеге қолжетімділігін жеңілдетуге арналған бағдарламаны жүзеге асыру кезінде 100 бас малы бар 80 000 отбасылық ферма құру жоспарланған. Сонда 2027 жылға дейін 400 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ете аламыз. Отбасылық фермаға негізделген, яғни қарапайым халыққа қолжетімді деген бағдарламаның қандай нәтиже берерін уақыт еншісіне қалдырамыз. Жалпы, шет ел тәжірибесінде кәсіпкерліктің кооперативті формасы басым және табысы төмен салаларды мемлекет тұрақты қолдайды. Мысалы, Испанияда өндірістік кооперация тұтыну нарығымен және әлеуметтік саламен байланыстырылған. Ол елдегі кооперативтердің дамығаны сондай, өз мектептері, денсаулық сақтау орталықтары, тіпті зейнетақы қорлары бар. Данияда АӨК кооперативтері азық-түлік компанияларының қатысушылары саналады. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кооперативті тәсілі Ұлыбританияға да тән, онда фермерлердің 70%-ы ауылшаруашылық бірлестіктерінің мүшелері. Жалпы, мұндай тәжірибені 2016 жылы ауыл шаруашылығы министрі болған Асқар Мырзахметов енгізуге кіріскен. Ауылдағы жеке шаруашылықтарды өндірістік кооперативтерге біріктіріп, сүт, ет және т.б. өндіру мен сатуды жолға қоймақ болған. Бұл жерде халықаралық тәжірибе мен халықаралық институттардың ұсыныстары ескерілген сияқты. Себебі мұндағы ең маңызды фактор – өндірістік кооперативтер субсидияға, кепілсіз және төмен пайыздық несиеге қол жеткізеді. Бұл жеке кәсіпкерлер мен шағын өндірушілердің қызығушылығын тудырды: 2017 жылы сегіз аймақта 665 жаңа ӨК ұйымдастырылды. Олар тұқымды трансформациялау бағдарламасына қатысып, аналық бас үшін 18 000 теңге, асылтұқымды бұқа сатып алу және күту үшін 250 000 теңге субсидия алды. Қаржылық қолдау қоры арқылы қондырғы алу үшін кепілсіз несиеге ие болды. Алайда 2017 жылдың соңында А.Мырзахметов қызметінен алынғаннан кейін ауылшаруашылық кәсіпорындарын дамыту төмендей бастады. Тек биыл 17 шілдеде асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнімі мен өнімділігін арттыруға субсидия берудің жаңа ережесі бекітілді. Ал мұның жеке қосалқы шаруа қожалықтарын қаншалықты жарылқайтынын алдағы уақыт көрсетеді. Жалпы, ауыл шаруашылығының әлеуеті зор, ендеше бұл саладағы жалақы төмен болмауы тиіс.