Жолдау-2019: нәтиже қандай?
Жолдау-2019: нәтиже қандай?
609
оқылды
  

Заң қатайды, жағдай тұрақталды ма?

Бұл Жолдауда сарапшылардың ерекше назар аударған мәселесі – жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұр­мыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны қатайту. Президент «шұғыл түрде қатайту қажет» деген соң, араға екі-үш ай са­лып, тиісті өзгерістер мен толық­тырулар заңға енгізілді. Атап айтсақ, адам зорлау бұрын орта дәрежедегі қылмысқа жататын. Бұл өз кезегінде тараптардың келісімге келіп, істің сотқа дейін жетпеуіне себеп еді. Енді әйел зорлау ауыр қылмыстар санатында. Мемлекет басшысы қол қойып, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заң бойынша, кәмелетке толмаған баланы зорлау мен сексуалды сипаттағы әрекеттер жасау 20 жылға немесе өмірбақи бас бостандығынан айыруды көздейді. Ал педофилия фактісін жасырған, құзырлы органдарға қылмыс жайлы жеткізбеген куәгерлер 6 жылға темір торға тоғытылады. Президент халыққа Жол­дауын­да Үкіметке екі ай ішінде бра­­коньер­лікке қатысты заңды қа­тайту ба­ғы­тында шұғыл шара­лар қабылдауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде браконьерлер сақадай сай жабдықталған, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты» – деп, өкінішін білдірген еді. Айтқандай-ақ Үкімет екі айдан асырмай тиісті заңды қатайту ба­ғы­тында іс-шаралар қолға алды. Нәтижесінде, экологиялық заң­наманы бұзып, браконьерлікпен айналысқан азаматтардың мүлкін тәркілеуден бөлек, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жа­засы тағайындалды. Естеріңізде бол­са, бұған дейін браконьерлерге бері­­ле­тін жаза 5 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру еді. Соңғы толық­тыруларға сәйкес, жаза мер­зімі ұзартылды. Сондай-ақ брако­ньер­лікпен айналысқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар 5 жыл­ға елден аластатылатын болды. Жолдауда айтылған тағы бір өзек­ті мәселе – сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты қылмыс жасалған меке­менің бірінші бас­шы­сының жауап­кершілігін заңна­малық және нор­­мативті тұр­ғы­дан нақты белгілеу. 2019 жыл­дың қараша айында «Мем­лекет­тік қызмет» және «Сыбайлас жемқор­лықпен күрес» заңына өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, жаңа талап­тар­ға сәйкес, қоластындағы қызмет­керлері сыбайлас жемқор­лыққа қа­тыс­ты баппен сотталып, сот үкімі күшіне енген 10 күн ішін­де ми­нистрлер, облыс, қала, ау­дан әкім­дері, сондай-ақ олардың орын­ба­сарлары отставкаға кетуі керек.  

Ішкі істер саласы қашан түбегейлі реформадан өтеді?

Президент алғашқы Жолдауын­да: «Құқық қорғау жүйесін рефор­малау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күш­тік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айна­лады», – дей келе, ІІМ-нің рефор­ма­лауға алдағы үш жылда 173 млрд теңге бөлінетінін жеткізген еді. Әрине, құқық қорғау саласының рефор­масы ұзақмерзімді басым­дық­қа ие мәселе. Сарапшылар әлі де бұл са­ланы реформалаудың оңайға соқ­пай­тынын айтуда. Кезінде Елбасы, тіпті полиция реформасында Грузия тәжірибесін де зерттеу қажеттігін алға тартқан болатын. Посткеңестік елдер ішінде Грузия ІІМ жүйесін радикалды түрде өзгертіп, бұған дейін жұмыс істеген бүкіл полиция қызметкерлерін жұмыстан босатып, орнына заңгерлерді алып, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңген еді. Ал Қазақстан қандай бағытты ұстанады? Елімізде ІІМ-нің штаттық ұйымдастыру құрылымы қысқартылды. 100 мың адамға шаққанда полиция саны 471-ден 393-ке дейін азайды. Сарапшылар мұның да тым жоғары көрсеткіш екенін бағамдайды. Сарапшылар әлі де отандық полицияның қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділері үшін жабық құрылым екенін алға тартады. Тіпті, қоғам тарапынан айтылып жатқан сын-ескертпелер көбіне-көп жауапсыз қалып, ескерілмей жатады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының әсіресе құқық қорғау жүйесінде іске асуы аса маңызды.  

Президент Мәжіліс пен мәслихат сайлауынан не күтеді?

Қасым-Жомарт Тоқаев Мем­лекет басшысы ретінде еліміз­де көп­партиялықты, саяси бәсеке­лес­тікті және ой-пікірдің сан алуан­дығын дамытуға ықпал етуді мін­деті деп санайтынын мәлімдеген еді. Бұған байланысты Президент: «Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс», – деген еді. Содан бері «Nur Otan» партиясы праймеризді, яғни партияішілік іріктеуді қолға алған болатын. Ұлт­тық комиссия мәліметі бойын­ша, Парламенттің қос пала­та­сында әйелдердің үлес салмағы 22,1 пайыздан аспай тұр. Ал мәсли­хаттардағы көрсеткіш тіптен мардымсыз. Өз кезегінде партия әйелдер мен жастардың саясатқа араласуына жол ашу үшін арнайы квота да бөлген еді. Бірақ қазірше көппартиялық жүйе мен саяси бәсекелестің исі де сезілмейді. Заң шығарушы органда үш-ақ партияның фракциялары бар: «Nur Otan» партиясы, «Ақ жол» де­мократиялық партиясы мен «Халықтық коммунистер» пар­тиялары. ОСК-да 6 партия тіркелген. 8 саяси партия өздігімен жабылған. Елімізде қызметіне тыйым салынған партиялар да жоқ емес. Мұндай жағдайда саяси плюрализм туралы айтуға бола ма? Сарапшылар бұл науқанды аралас қағидат бойынша өткізуді ұсынады. Экономист Рахым Ошақбаев: «Алдағы Жолдаудан Мә­жіліс пен мәслихатқа депутат сай­лауда саяси бәсекелестіктің артуына жағдай жасайтын саяси реформалардың жүзеге асуын кү­темін. Қазір бізде тек партиялық тізім­мен, пропорционалды жүйе бар. Меніңше, Мәжіліс пен мәс­ли­хатқа өзін-өзі ұсынатын бірман­датты округтер бойынша үміткер­лерді енгізу керек», – деген еді. Расында да, уақыт бар. Бірақ тиісті шешімді қабылдау үшін саяси ерік-жігер бар ма?  

Зейнетақы төлемі не болады?

Президент Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев елді толғандырған бұл мәселені Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар жан-жақты қарас­тырып, болашақ зейнеткерлер мен жұмыс берушілердің мүдделерін ескеретіндей шешім қабылдау қажетін екшеп айтты. Сондай-ақ шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жабаларға басымдық бере отырып, қайта құру мәселесі айшық­талды. Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында алдағы 3 жылда қосымша 250 млрд теңге бөлуді тапсырды. Әрине, өткен жылғы Жолдау жарияланып жатқан кезде көп ұзамай Қытайда коронавирус індетінің алғашқы оқиғасы тіркеледі деп ешкім ойламаған да еді. Бірақ пандемия бүкіл әлемнің орта және шағын бизнесі былай тұрсын, ірі халықаралық компаниялардың өздерін шайқалтып жіберді. Ста­тистикаға келсек, елімізде 300 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Қызмет көрсету мен сауда саласындағы 1 млн субъекті пандемиядан тіке­лей зардап шеккен. 1,6 млн адам ақы­сыз дема­лысқа жіберілген. Ал Прези­денттің бастамасымен Үкімет та­ғайындаған 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік жәрдемақыны 4,5 млн адам алған. Коронавирусқа дейінгі Жол­дауда патерналистік пиғыл мен масылдық психология да айтылған еді. Онда соңғы 5 жылда елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатындар санының 77 мыңнан 1,4 млн адамға дейін артып кеткені сөз болған. Бірақ әлемдік пандемия дамыған ел­дердің үлгісімен жұмысы жүрмей отыр­ған халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін қарас­тыруға итермеледі. Қазақстан да көштен қалмай тек әлеуметтік жағ­дайы төмен азаматтарға ғана емес, сондай-ақ жұмысы тұралап қалған кәсіп иелеріне қолұшын созды. Елді елең еткізген тағы бір мәселе – жұмыс істейтін азаматтардың зей­нетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, мәселен, бас­пана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалануға берілу мүмкіндігі еді. Бұл мәселе Үкіметте әлі де пысықталып жатыр. Бәлкім, жаңа Жолдауда бұл бастама өз жалғасын табар. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің мәлі­метінше, зейнетақы қорындағы ақшаны еліміздің 113 мыңнан астам азаматы ғана қолдануы мүмкін. Үкімет бұған өзіндік лимит қойған. Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілі бар ер азамат 6,9 млн, әйел азамат 9,8 млн көлемінде зейнетақы жина­ғын жинап үлгерген болса, бұл қар­жының жарты бөлігін алуға мүм­кіндік туады. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанда салымшылардың 84 пайызының зейнетақы жинағы 2 млн теңгеден де аспайды екен. Президент бұл мәселені жыл соңына дейін пысықтауды тапсырды.  

Білім мен медицина саласында қандай өзгерістер?

Мемлекет басшысы өз жол­дауында білім саласына ерекше тоқталып, оқушыларды сапалы оқулықпен қамтып, орта білім беру­дің ұлттық стандарттарында кәсіби бағыт-бағдар беру саясатының жүзеге асуын баса айтты. Оның мәліметінше, елімізде жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмайды екен. Олардың біраз бөлігі қылмыстық және экстремистік топтардың оңай арбауына түседі. Бұл бағытта тиісті шаралар қолға алынуы тиіс. Бір айта кетерлігі, ЖОО-ға түсетін гранттар саны артып жатыр. 2020 жылды Президент «Волонтерлар жылы» деп жариялап, жастармен келелі кездесулер өткізді. Шәкіртақы 25 пайызға өсті. Жұмыс істейтін жас мамандар мен отбасылар баспанамен қамтылды. Сондай-ақ мұғалімдер мен оқыту­шылардың әлеуметтік жағ­дайын жақсарту мәселесі айтылды. Жолдаудан кейін «Мұғалім мәрте­бесі туралы» заң қабылданып, ұстаз­дардың жалақы көлемі артты. Білім са­ласының сарапшылары бүгінгі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептері мен жалпы орта мек­теп мұғалімдерінің жалақысы теңес­тіріл­генін сүйіншілеп отыр. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Президент: «Мемлекет тегін медициналық көмек­тің кепілдендірілген көле­мін сақтайды. Оны қаржылан­дыруға алдағы 3 жыл ішінде 2,8 трил­лионнан астам теңге бөлі­неді», – деп мәлімдеген еді. Бұл бағ­дарлама аясында пандемия кезін­де науқастарға тиісті көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, әлемдік індет медицина саласына үлкен соққы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде кәсіби білікті мамандардың тапшылығы сезілгенін, бұған себеп медицина саласындағы жалақы мен дәрігер мәртебесінің төмендігі екенін ашық айтты. Президент тапсырмасымен 2023 жылға дейін дәрігерлер жа­лақысы 2,5 есеге артатын болды. Жалпы, Жолдауда бұдан бөлек «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруға 20 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға алдымен 30 млрд, алдағы 3 жылда 90 млрд қосымша қаржы бөлінетіні белгілі болды. Сондай-ақ көпбалалы отбасы, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың бас­пана мәселесін шешуге 240 млрд теңге бөлінді. Сырт көзбен бағам­дасақ, Жолдаудың басым бөлігі орын­далған немесе орындалу бары­сында.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ