Солтүстікке серпін берген сапар
Солтүстікке серпін берген сапар
321
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Солтүстік Қазақстан об­лыс­тарында болып, аймақтағы егіс­тік алқаптары мен өнеркәсіп ке­шендерін аралады.

Алғаш болып Мемлекет басшысы «Айбат» ЖШС-ның егін жинау науқаны ба­рысымен танысты. Қазақстан Пре­зидентіне облыстың әлеуметтік-эко­­номикалық дамуының негізгі көр­сеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің ке­лешегі туралы мәлімет берілді. Сон­дай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа дән­ді және майлы дақылдардың жаңа сорт­тары көрсетілді.

Мемлекет басшысы механиза­тор­­лар­мен әңгімелескенде ауыл шаруа­шылығы алқаптарын тиімді пай­далану­дың маңы­зын атап өтіп, мемлекет тара­­пынан агроөнеркәсіп кешенін өр­кен­детуге баса мән беріліп отырғанын айтты.

– Мемлекетіміз үшін сіздердің еңбек­теріңіздің мәні зор. Үкімет фермерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді, ауылдың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде ша­­­ралар қабылдайтын болады, – деді Президент.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт То­қаев диқандарға ауа райының жақсы және өнімнің мол болуын тіледі.

Бұдан ары Мемлекет басшысы «Уро­жай» ЖШС-ның агроөнеркәсіп ке­шенінде болды. Қасым-Жомарт То­қаевқа компанияның қызметі, диір­мен кешенінің, элеватордың, ком­би­корм зауытының және нан-тоқаш өнім­дерін шығару жөніндегі өндіріс ны­сандарының жұмысы туралы мәлімет берілді. Президент аграрилердің назарын мем­лекет бөлген ауыл шаруашылығы суб­сидияларын тиімді пайдалану қаже­тіне аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Ақмола облысына жасаған жұмыс са­пары аясында Жақсы ауылындағы Т.Уәлиев атындағы спорт мектебін ара­лап көрді. Мемлекет басшысы грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен және спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен әңгімелесу бары­сында ауылдағы бұқаралық спортты да­мытудың маңызын атап өтті.

Бұдан ары Мемлекет басшысының сапары Солтүстік Қазақстан облысында жал­ғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сол­түстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарын Аққайың ауданы, Руб­левка ауылындағы «Иван Зенченко» ЖШС-дан бастады.

Қазақстан Президенті сүтті тағамдар өндіретін ферманың толық айналымдағы жұмысымен танысып, астық жиналып жатқан егістік алқабын аралап шықты және механизаторлармен әңгімелесті.

Нысанды аралау барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы баяндады.

Петропавлда Мемлекет басшысы ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кеше­нін дамыту ісіндегі нақты мәселелердің бар екеніне назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар алдына бірқатар міндет қойды.

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде тұрақты әрі жоғары сұра­нысқа ие тиімділігі жоғары дақылдарды (жасымық, зығыр, соя) өсіруге көшу есебінен еңбек өнімділігін арттыру қа­жетін айтты. Оның айтуынша, орга­никалық ауыл шаруашылығы өндірісін дамытып, заманауи агротех­нология мен инновацияны енгізу керек.

– Үкімет агрохимия қызметін кү­шейту, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың және элиталық тұқымдардың қолжетімділігін қамта­масыз ету жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауы қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке өн­ді­рістің ел аумағында орналасу әлеуетін зерттеу арқылы ауыл шаруашылығы тех­никалары паркінің тозуына қатысты мәселені шешуді тапсырды.


Әлемдік тәжірибені ескере отырып, минералдау негізінде топырақтың құнарлығын жақсарту – маңызды міндет. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін шетелдік инвесторларды тарта отырып, ел аумағында тыңайтқыштар мен пестицидтер шығаратын дайын лицензиясы бар зауыттар салуды тапсырды.

Президент барлық ауыл шаруа­шылығы жерлерінің есебін алу ісін аяқтаудың, жер кадастрын цифр­лан­дырудың және жерлердің пайдала­нылуын ғарыштық мониторинг жасау арқылы анықтауға көшудің маңызына арнайы тоқталды.

Баяндамада мал шаруашылығын дамыту мәселесіне зор көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы қой етін, құс етін, қозы етін өндірудің, сүтті мал шаруашылығын дамытудың және мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілетудің келешегі бар деп есептейді. Бұл үшін алдағы 10 жылда қосымша 50 миллион гектар жайылымдық жер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Президент Үкіметке жем-шөп бағасының жоғары болу себебіне қатысты мәселені түбегейлі реттеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қайта өңделген өнімдері сыртқы нарықта кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы отандық тауарларды мақсатты түрде ілгерілетуді және шетелдік серік­тестердегі өзгерістерге қатысты дер кезінде әрекет етуді тапсырды.

Мемлекет басшысы отандық аграр­лық ғылымды дамыту ісіне және кейінгі жылдары деңгейі айтарлықтай тө­мен­деген кадрлардың әлеуетіне арнайы тоқталды.

– Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталықтарындағы еңбеккерлердің тек 20 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Сондықтан аграрлық салада болашағы бар жас ғалымдардың пулын жасақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ауыл халқының 85 пайызы тұратын келешегі бар тірек елдімекендерді дамыту қажетін айтты. Оның айтуынша, бұл елдімекендер жол, қолжетімді байланыс жүйесі мен Интернет, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, мәдениет және спорт кешендері сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін 3 жыл ішінде 100 денешынықтыру және сауықтыру кешендерін салуды тапсырды. Соның ішінде 22 нысан биыл іске қосылады.

Елбасы ұсынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қосымша 90 миллиард теңге бөлінетін болады. Президент «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бөлінетін қаржыны жылына 20 миллиард теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрмысының сапасын жақсарту жөнінде жүйелі шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы кәсіп­о­рын­дары, әсіресе, ірілері шетте қал­мауы тиіс. Аграрилер мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі қағидатына сәй­кес ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты әлеуметтік жауапкершілікті бөлісуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Республикалық кеңес барысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «Зенченко и К» ком­мандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко, «Агрофирма «Родина» ЖШС-ның бас директоры Иван Сауэр, «ҚазЭкспортАстық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Руслан Молдабеков, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев және Bioperations ЖШС құрылтайшысы Әлихан Талғатбек баяндама жасады.


Серік САДЫР