Шолпан Айтенова, Zertteu research institute қоғамдық қорының атқарушы директоры: Бюджет бақыланбаса – жемқорлық жойылмайды
Шолпан Айтенова,  Zertteu research institute қоғамдық қорының атқарушы директоры: Бюджет бақыланбаса – жемқорлық жойылмайды
429
оқылды

Шыны керек, тұрғындар осыған дейін бюджет қаржысының жұмсалуына соншалықты мән берген жоқ. Сондықтан болар көпшілік мемлекеттік органдар мен шенеуніктер қазына қаржысын қалаған мақсатқа бөлді. Жемқорлық дерті де тым асқынып кетті. Ал соңғы уақытта бюджет ашықтығы және оны бақылау туралы жиі айтыла бастады. Әсіресе, Zertteu research institute қоғамдық қоры осы шаруамен белсене айналысып жүр. Қоңыр күз – республикалық және жергілікті бюджеттің талқылауға түсетін ерекше маңызды уақыты. Осы орайда, аталған қордың жетекшісі Шолпан Әйтеновамен сұхбат құрған едік.

– Бюджет біз бен сіздің салы­ғымыздан құралады. Бірақ соның қалай бөлінетінін, қандай мақсатқа жұмсалатынын білуге аса құмарт­паймыз. Шенеуніктерді жемқор­лыққа итермелейтін бір фактор болса, ол – халықтың бюджетті ба­қылауға құлықсыздығы деп ай­туға бола ма?

– Қоғам бюджет қаржысы, оның қалай бөлінетіні туралы білгісі келмейді. Бюджеттің өзіне тікелей қатысы бар деп сана­май­ды. Мысалы, алатын табысымыз өзімізге тікелей қатысты деп есеп­тейміз. Яғни, жалақы, қа­ламақы, бизнестен түсетін табыс де­гендей және оны қандай мақ­сатқа жұмсау керегін білеміз. Өзі­мізге, отбасымызға, жақын­да­рымызға береміз. Жеке қажеттілік үшін тұтынамыз. Ал мемлекеттік бюджеттің де тура біздің табы­сымыз сияқты нәрсе екенін ой­ламаймыз. Мәселен, Халыққа қыз­мет көрсету орталығына ба­рып, жеке куәлік, туу туралы куә­лік алғанда, пәтер рәсімде­генде кезекте тұрамыз, салық тө­лейміз, мұның бәрі біздің төле­ген салығымызбен жасалатын қызметтер. Бірақ мұның бәрін өз ақшамыз деп санамаймыз. Сон­дықтан қызықпаймыз. Ал екінші себеп – мемлекеттік органдардың бюджет бойынша халықты ақпа­раттандырып отыруға мүдделі бол­мауында. Егер бюджетті ба­қылау әлсіз немесе мүлде бақы­ланбайтын болса, онда ол корруп­цияға тамаша жол ашып береді. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми мәліметінше, әрбір жемқорлық қылмысының үштен бірі бюджет қаржысын жымқыруға байланысты болған.

– Бюджетті бақылайық дейік. Оның механизмі бар ма? Қаржы­ның не нәрсеге бөлініп жатқанын қайдан көре аламыз және бұл ретте әкімдікпен (жергілікті атқарушы орган) қалай жұмыс істеу керек?

– Бюджеттік процесс төрт ке­зеңнен тұрады. Біріншісі – бюд­жетті жоспарлау. Жоспарлау ке­зінде әкімдіктер, шенеуніктер ке­лесі жылы қандай бағытта қан­ша ақша жұмсайтынын жос­пар­лайды. Өкінішке қарай, дәл осы кезең өте жабық өтеді. Сол себепті бақылау да өте қиынға соғады. Бірақ мүмкіндік мүлде жоқ емес. Өйткені ақпаратқа қол­жетімділік туралы заң бойынша жоспарлау кезеңінде бюджет жобасы ашық жүргізілуі тиіс. Бұл орайда, шенеуніктерден бюд­жет жобасын таныстыруды талап ете аламыз. Қазір республикалық бюджет Парламентте қаралады. Ал жергілікті бюджет жобалары 15 қазаннан бастап мәслихатқа түседі. Демек, біз қазір жергілікті әкімдіктерден талап етуіміз керек. Сол арқылы маңызы төмен, ақша көп шашылатын әртүрлі ша­ра­ларға, мерейтойларға қаржының аз жұмсалуын қадағалау қажет. Есесіне, адам капиталын, баланы дамытуға, білім және денсаулық саласына қаржының көбірек бө­лінгеніне мән берген жөн. Есі­ңізде болса, биыл балалар құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Саин құны 65 миллион теңге тұ­ратын конференцияны өткізуден бас тартты. Бұл – өте дұрыс. Бірақ бастапқы жоспарлау кезеңінде-ақ бұл конференция жоспарға енгі­зілмеуі керек еді. Яғни, аталған 65 миллион теңге экономикаға пай­дасын тигізген жоқ, біз бен сіздің қажетімізге жұмсалмады. Қазір бұл ақша бюджетке қайта­рылды. Ал ол ақшаға қаншама игілікті дүниелерді жүзеге асыруға болушы еді. Бюджет процесінің екінші кезеңі – бюджетті талқы­лау мен бекіту. Қазір Мәжілісте келесі жылға арналған бюджет жобасы талқыланып жатыр, ол желтоқсан айына дейін бекітілуі тиіс. Осы уақыт ара­лығында депутаттармен белсенді жұмыс істеу керек. Шетелдік тә­жірибені алатын болсақ, бюджетті тал­қы­лау – өте белсенді әрі ма­ңызды. Телеарналарда түрлі де­баттар ұйымдастырылып, адам­дар ті­келей эфир арқылы сауал қоя алады. Ал бізде бұл кезең өте әлсіз өтеді. Депутаттар да талқы­ла­майды, дебаттар да өткізілмейді. Жабық есіктің арғы жағында тал­қыланып, бекітіле салады. Сосын кейінірек газетке шағын ақпарат беріледі. Менің ойымша, бұл жерде қоғамның да кінәсі бар. Олар өз депутаттарынан мейлін­ше ашық әрі белсенді болуды талап етпейді.

– Кей адамдар «біздің ел әлі бюджет ашықтығын жария етуге дайын емес» дейді. Мұнымен ке­лісуге бола ма?

– Бұл пікірмен келіспеймін. Қазірдің өзінде жариялап жа­тырмыз. 2003 жылдан бергі бар­лық бюджет мәліметтерін кітап­ханалардан, түрлі дерек көзде­рі­нен табуға болады. Проблема – бюджет ақпаратының егжей-тег­жейлі ашық болмауында. Біз ел­дің жалпы бюджеті – 11 триллион теңге, Алматының бюджеті – 545 млрд теңге екенін білеміз. Бі­рақ ішкі иірімдерінен хабар­сыз­быз. Қазір енді-енді ғана жеке мекемелердің (мектеп, аурухана) бюджеті қанша екенін біле бас­тадық. Мәселен, Алматы – еліміз­дегі ең үлкен қала. Мұнда еліміз­дегі ең көп салық түсімі жиналады. Сәуір айында әкімдік «қатысу бюджеті» деген атаумен арнайы жоба басталатынын жариялаған. Яғни, ол бойынша халық бюджет қаржысын жұмсау бойынша өз жобаларын ұсынып, әкімдікпен бірге талқылайды. Қаладағы 8 ауданның әрбіріне 500 миллион теңге бөлінген. Сонда барлы­ғы – 4 миллиард теңге. Мәселен, олар өз аудандарында аллея, алаңқай, сквер салынсын деген сияқты ұсыныстар айтуы мүмкін. Ол ұсыныстар арнайы сайтта жа­рияланып, оған аудан тұрғындары дауыс береді. Қалалықтар ұсы­нып, ең көп дауыс жинаған жоба қаржыландырылып, жүзеге аса­ды. Яғни, бұл қоғам өміріндегі сапаның артуына алып келеді. Өз кезегінде Алматы әкімдігі мұндай жаңашылдыққа қарсы емес.

– Бюджет қаржысының қалай игеріліп жатқанын бақылау үшін азаматтар қандай дерек көздерін қарау керек?

– Осыған дейін бюджеттің үш кезеңін айтып өттім. Төртіншісі – бюджеттің орындалуы туралы есеп. Орталық деңгейінде – есеп комитеті, жергілікті деңгейде ревизиялық комиссия осы мәсе­лемен айналысады. Esep.kz – бұл есеп комитетінің сайты. Ал ре­ви­зиялық комиссияның әр облыста өз сайты бар. Олар жыл сайын бюджеттің орындалуын тексереді және есептерді жария­лап оты­рады. Сондай-ақ бізде «Ашық үкімет» деген портал, оның ішін­де «ашық бюджеттер» деген сайт бар. Сонда барлық бюджеттер жариялануы керек. Сол жерден бюджет қаржысының қалай игеріліп жатқанымен та­нысуға болады. Ал қаржы ми­нистр­лігінің gosreestr.kz сайтында барлық квазимемлекеттік сек­тор­дағы ұйымдардың бюджеттен қанша қаржы алғаны, оны қалай пайда­ланғаны туралы ақпарат бар.

– Соңғы 5 жылда еліміздегі футбол клубтарына 105 млрд теңге бөлініпті. Осы жайлы жақында өзіңіз хабарладыңыз. Бұл тым шектен шық­қандық емес пе?

– Бізде кәсіби футбол клуб­тарының бюджеті 2 миллиардтан бастап 4-5 миллиардқа дейін барады. Клубтардың облыстық бюджеттен қаржыландыры­луы­мен өз басым келіспеймін. Шетелде клубтарды жеке кәсіп­кер қаржыландырады. Өздері ақша табады. Мемлекеттік бюд­жеттен спорттық инфрақұры­лым­дарға қаржы бөлуге болады. Яғни, стадиондар, спорт мектеп­терін салу дегендей. Ал мемлекет қаржысына шетелден легионер сатып алып, оған айына миллион­даған қаржы төлеу мүлде ақылға сыйымсыз. Сондықтан депутат­тар осы мәселені көтеріп, клуб­тардың мемлекеттен миллиард­таған ақша алуын тоқтатуы керек. Одан да ол ақша балалар спортын дамытуға бөлінгені әлдеқайда тиімді. Мемлекет қаржысына шетелдік футболшыны сатып алғанша, өз таланттарымызды тәрбиелеп өсіруді қолға алу қажет.

– «Мемлекеттің бюджетті түсіндіруі тым ресми, қасаң әрі түсініксіз» депсіз бір сұхбатыңызда. Оны қарапайым азаматтарға қалай түсінікті етсе болады?

– Иә, азаматтар арнайы сайтты ашып қарайтын болса, олар үшін бюджет есептері түсі­ніксіз. Қаптаған цифрдан тұрады. Табыс пен шығынды көрсетеді. Ол жерден бірдеңе түсінудің өзі қиын. Егер арнайы экономи­ка­лық, қаржылық біліміңіз болмаса, оны ә дегеннен түсініп кете ал­май­сыз. Сондықтан біраз жыл­дар бойы бюджет кодексінде «аза­мат­тық бюджет» ұғымының пайда болуы үшін жұмыс істедік. 2018 жыл­дан бастап барлық ми­нистр­лік пен әкімдіктер «аза­мат­тық бюджетті» жариялап отыруға мін­деттелді. Азаматтық бюджет де­­геніміз – ресми бюджет есебі­нің көпшілікке түсінікті, тех­ни­ка­лық емес нұсқасы. Ол жерде мем­ле­кеттік органдардың мына бағытқа неліктен қаржы бөлгені өте қарапайым түсіндірілуі тиіс.


– Бюджеттің қалай бөлінетінін және оны қалай бақылауға бо­латынына байланысты тренингтер, курстар өткізілуде. Оған кімдер қатысуда және ол тренингтерде нақты нені, қалай үйретесіз?

– Біз жыл сайын openbudget бағдарламасын өткіземіз. Қатысу­шыларымызға бюджеттің әрбір кезеңі туралы толыққанды ақпа­рат береміз, олардың қалай бюд­жет ақпаратына қол жеткізулеріне болатынын үйретеміз. Қандай сайттарды қарау керек, қалай қарау керек, ақпарат алу үшін өті­нішті қалай жазу керек, мемле­кеттік органдармен қалай сөйлесу керек, бәрін түсіндіреміз. Соны­мен қатар, мұнайдан, кен орын­дарынан түскен табыс жинақта­латын Ұлттық қор туралы, ква­зимемлекеттік сектор есептерін қайдан көруге болады және оған қалай анализ жасау керек дегенді де ұғындырамыз. Негізінен жур­налистер, тәуелсіз зерттеушілер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, азаматтық белсенділер қатысады. Біз мұндай шараны неліктен өткіземіз? Мейлінше сапалы диа­лог орнауы үшін. Көшеде тұрып алып, «Сен неге бюджет ақшасын ұрлайсың?» деп даурыққаннан гөрі, әлдеқайда сапалы, дұрыс жолмен сөйлесуі керек. Ондай бос сөз ешқандай нәтиже бер­мейді. Тек сапалы диалогпен ғана бір нәтижеге жетуге болады.

Былтыр бір журналист атаулы әлеуметтік көмек мәселесін зерт­теді. Отбасындағы мүгедек бала­ға берілетін әлеуметтік төлем (30 мың теңге шамасында) табыс ретінде саналады екен. Егер отбасының табысы 80 мың тең­геден асса, олар атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Егер ата-анасының бірі 50 мың теңге жалақы алса және мүгедек балаға берілетін 30 мың теңгені алса, оларға атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Сонда бүтін бір отба­сы 80 мың теңгеге қалай күн көрмек? Былтыр жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірігіп өткізген дөңгелек үстелде отбасы­ның табысынан мүгедек балаға берілетін төлемді алып тастау туралы айттық. Ол жерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері де қа­ты­сып отырды. Аталған 30 мың тең­ге баланың денсаулығына жұм­­салады. Арғы жағында 50 мың теңге ғана қалмақ. Нәтиже­сінде, биыл сәуір айында атаулы әлеу­меттік көмек алу үшін табысты есептеу жүйесі өзгеріп, ол жерден мүгедек балаға берілетін әлеу­меттік төлем алынып тасталды. Бұл өзгерісте үлесіміз бар деп сеніммен айта аламыз.

– Көптеген әлем елдерінде бюджет ашықтығы әлдеқашан жолға қойылған. Осы ретте нақты қай елдің тәжірибесін озық деп санайсыз?

– Бұл ретте Жаңа Зеландия, Ұлы­британия, Франция, Авст­ра­лия, АҚШ елдерін айтамыз. Оларда бюджет жауапкершілігі туралы арнайы заң бар. Бізге жақын орналасқан Украина, Грузия елдерінде де бюджет шы­ғыны ашық түсіндіріледі. Ашық­тық – жемқорлықпен күрестегі басты фактор. Жемқорлықтың және бюджет ашықтығының халықаралық рейтингі бар. Рей­тингке қарап түсінетініміз, қаншалықты бюджет ашықтығы жоғары болса, жемқорлық дең­гейі де соншалықты төмен. Осы өлшем бойынша көшбасшы елдер ретінде Оңтүстік Корея, Норвегия, Жаңа Зеландияны айтуға болады.

– Егер елімізде бюджет ашық­тығы орнаса, әртүрлі әлеуметтік көмек діттеген жеріне жетсе, бұл біздегі экономикалық өсімге қаншалықты әсер етпек?

– Бюджет ашықтығы эконо­микалық өсімге тікелей әсер ете­ді. Өйткені бюджет жарияланса, оған қоғам белсене қатысса, онда елеусіз қалып келген біраз нәр­сенің беті ашылар еді. Елімізде өтетін түрлі форум, имидждік шаралардан бас тартар болсақ, біздің бюджеттің ақшаны дұрыс әрі тиімді жұмсауға үлкен әлеуе­ті бар. Кеше ғана Шамал­ғанда үлкен жол апаты болды. Ал Инвестиция және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Роман Скляр көпір салуға бюджетте ақша жоқ дейді. Бұл пікірімен мүлде келісе алмаймын. Егер Аружан Саин сияқты қажетсіз шаралардан бас тартып, тек ең қажетті деген жұмыстарға мән берер болсақ, біраз мұқтаждықты өтеуге болушы еді. Сонда біз кө­пірлер салуға, ауылдық жерлерді жарықтандыруға, көшелерді асфалттауға ақша табар едік. Қазір еліміздің 45-50 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Жал­пы, ауыл мен қаладағы жағдайдың айырмасы көп болмауы керек. Ол үшін жылдам интернет, көше шамдары, сапалы жол, еңселі мектеп, жоғары деңгейлі аурухана болуы тиіс. Бюджет бөлінісінде баланс жоқ. Қазір ауылға қара­ғанда, қала үшін ақша көбірек бөлінеді.

– Мемлекеттік сатып алу жү­йе­сін «былықтан» құтқару үшін бірінші кезекте не істелуі керек деп ойлайсыз? Президент өз Жолда­уында «2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрағанын, соның 3,3 трил­лион теңгесі бәсекеден тыс тәсіл­мен бір көзден алу арқылы жұм­салғанын» айтты.

– Мемлекеттік сатып алулар порталы – қазіргі таңда ең ауқым­ды әрі сапалы ақпарат беретін бірден-бір дерек көзі. Ол жерде ха­барландыру, конкурстық құ­жат­тар, тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы келісім­шарт секілді дүниелердің бәрін табасыз. Соңғы уақытта журна­листер бұл порталмен жұмыс іс­теп, қызықты зерттеулер жария­лай бастады. Солардың арқасында қажетсіз сатып алулардың жолы кесілді. Мәселен, былтыр журна­лист жазған соң Ақмола облысы әкімдігі сыра фестивалін өткізу туралы мемлекеттік сатып алудың күшін жойды. Жаз айларында біз мемлекеттік сатып алулар пор­талымен жұмыс істеуді үйрететін шаралар өткізіп, оған 15 журна­лист қатысты. Нәтижесінде, түрлі тақырыптағы өзекті 15 материал жарық көрді. Президент келтірген дерек өте дұрыс. Бір көзден алу дегеніміз – ешқандай конкурссыз, тапсырыс беруші әртүрлі жеткізіп берушілердің ішінен таңдап жатпай, соның біреуімен тікелей келісімшарт жасасады. Бұл бәсе­кенің, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік бермейді. Әртүрлі деңгейдегі компания­лардың мемлекеттік сатып алуға қатысып, азаматтарға қызмет көрсетуін шектейді. Мәселен, Грузияда бір көзден алынатын сатып алу – 25 пайыз шығын. Оның өзі мектепке су жеткізіп бе­ру, баннер жасау сияқты жұ­мыс­тардың шығыны ғана.

– «Парус» консалтинг орталы­ғының сарапшысы Ерік Елкеевтің айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда тапсырыс беру­ші­нің орындаушыны ешқандай кон­курссыз, тікелей таңдауына мүм­кіндік беретін 54 жағдай бар екен. Сіздіңше, бұл әдейі енгізілген бе?

– Бір көзден алу үшін біздің заңда кәдімгідей жағдай жасалған. Аталған негіздемелерді минимум деңгейге дейін түсіру – басты мін­детіміз. Бюджет процесін қада­ғалайтын Дүниежүзілік банктің өзі сатып алудың бір көзден жүр­гізілуі бюджет процесінің сапа­сына тікелей әсер ететінін айтады.

– Украинадағыдай spendings ашық порталын немесе барлық дең­гейдегі бюджет ақпаратын жа­рия ететін open budget ресурсын құ­руға дәл қазір бізде мүмкіндік бар ма?

– Бізде «Ашық бюджет» деген сайт бар. Бірақ көргіміз келетін ақпарат ол жерде жоқ. Ол жерде баланстар, қаржылық есептер жарияланады. Бірақ адамдар оларды оқи алмайды. Адамдарға өз мектебінің, өз ауруханасының бюджеті керек. Менің ойымша, біз ұсынған бюджет ашықтығы туралы концепция Президент айтып отырған ауқымды рефор­маның бір бөлшегі болуы керек. Президент «билік халыққа жа­қын­­дауы керек» дейді. Бірақ мем­ле­кет бюджет есебін жарияла­ма­ған, халықпен бірге талқыла­ма­ған, жиі кездеспеген, тұрғын­дар пікірімен санаспаған қал­пында халыққа жақындай алмайды.

– Әбден шикізатқа сеніп алған Қазақстанның бюджеті алдағы уақытта кеміп, құлдырауы мүмкін бе?

– Рас, бюджет көлемін көбей­ту үшін жақсы экономикалық өсім керек. Табысты адамдар, табысты компаниялар көп болған сайын салық та көбірек төленеді. Сонда ғана бәсекеге қабілетті боламыз. Шындап келгенде, қазір біздің бюджеттің 30 пайызы Ұлттық қордан жасалған транс­ферттер арқылы толығады. Яғни, мұнайдан түскен ақша арқылы. Ал егер бізде мұнай болмаған­да, онда бюджет тапшылығы 30-40 пайызды құраушы еді. Бұл – өте қорқынышты жағдай. Сондықтан осы жайында мем­лекеттік ор­гандар, бюджетпен айналысатын шенеуніктер үнемі ойлануы тиіс. Бір уақыт «егер елімізде мұнай болмаса не істейміз?» деп ойла­на­йықшы. Егер шенеуніктер со­лай ойланған болса, онда олар бә­секеге қабілетті болудың қа­мын жасайтын еді. Қазір қазақ­стан­дықтардың ал­дында тұрған басты міндет – өзі­нің жеке қар­жы­сына мән бер­гендей бюджет қаржысына да аса үлкен ұқыппен қарау.


Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ