Шыны керек, тұрғындар осыған дейін бюджет қаржысының жұмсалуына соншалықты мән берген жоқ. Сондықтан болар көпшілік мемлекеттік органдар мен шенеуніктер қазына қаржысын қалаған мақсатқа бөлді. Жемқорлық дерті де тым асқынып кетті. Ал соңғы уақытта бюджет ашықтығы және оны бақылау туралы жиі айтыла бастады. Әсіресе, Zertteu research institute қоғамдық қоры осы шаруамен белсене айналысып жүр. Қоңыр күз – республикалық және жергілікті бюджеттің талқылауға түсетін ерекше маңызды уақыты. Осы орайда, аталған қордың жетекшісі Шолпан Әйтеновамен сұхбат құрған едік.
– Бюджет біз бен сіздің салығымыздан құралады. Бірақ соның қалай бөлінетінін, қандай мақсатқа жұмсалатынын білуге аса құмартпаймыз. Шенеуніктерді жемқорлыққа итермелейтін бір фактор болса, ол – халықтың бюджетті бақылауға құлықсыздығы деп айтуға бола ма?
– Қоғам бюджет қаржысы, оның қалай бөлінетіні туралы білгісі келмейді. Бюджеттің өзіне тікелей қатысы бар деп санамайды. Мысалы, алатын табысымыз өзімізге тікелей қатысты деп есептейміз. Яғни, жалақы, қаламақы, бизнестен түсетін табыс дегендей және оны қандай мақсатқа жұмсау керегін білеміз. Өзімізге, отбасымызға, жақындарымызға береміз. Жеке қажеттілік үшін тұтынамыз. Ал мемлекеттік бюджеттің де тура біздің табысымыз сияқты нәрсе екенін ойламаймыз. Мәселен, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлік, туу туралы куәлік алғанда, пәтер рәсімдегенде кезекте тұрамыз, салық төлейміз, мұның бәрі біздің төлеген салығымызбен жасалатын қызметтер. Бірақ мұның бәрін өз ақшамыз деп санамаймыз. Сондықтан қызықпаймыз. Ал екінші себеп – мемлекеттік органдардың бюджет бойынша халықты ақпараттандырып отыруға мүдделі болмауында. Егер бюджетті бақылау әлсіз немесе мүлде бақыланбайтын болса, онда ол коррупцияға тамаша жол ашып береді. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми мәліметінше, әрбір жемқорлық қылмысының үштен бірі бюджет қаржысын жымқыруға байланысты болған.
– Бюджетті бақылайық дейік. Оның механизмі бар ма? Қаржының не нәрсеге бөлініп жатқанын қайдан көре аламыз және бұл ретте әкімдікпен (жергілікті атқарушы орган) қалай жұмыс істеу керек?
– Бюджеттік процесс төрт кезеңнен тұрады. Біріншісі – бюджетті жоспарлау. Жоспарлау кезінде әкімдіктер, шенеуніктер келесі жылы қандай бағытта қанша ақша жұмсайтынын жоспарлайды. Өкінішке қарай, дәл осы кезең өте жабық өтеді. Сол себепті бақылау да өте қиынға соғады. Бірақ мүмкіндік мүлде жоқ емес. Өйткені ақпаратқа қолжетімділік туралы заң бойынша жоспарлау кезеңінде бюджет жобасы ашық жүргізілуі тиіс. Бұл орайда, шенеуніктерден бюджет жобасын таныстыруды талап ете аламыз. Қазір республикалық бюджет Парламентте қаралады. Ал жергілікті бюджет жобалары 15 қазаннан бастап мәслихатқа түседі. Демек, біз қазір жергілікті әкімдіктерден талап етуіміз керек. Сол арқылы маңызы төмен, ақша көп шашылатын әртүрлі шараларға, мерейтойларға қаржының аз жұмсалуын қадағалау қажет. Есесіне, адам капиталын, баланы дамытуға, білім және денсаулық саласына қаржының көбірек бөлінгеніне мән берген жөн. Есіңізде болса, биыл балалар құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Саин құны 65 миллион теңге тұратын конференцияны өткізуден бас тартты. Бұл – өте дұрыс. Бірақ бастапқы жоспарлау кезеңінде-ақ бұл конференция жоспарға енгізілмеуі керек еді. Яғни, аталған 65 миллион теңге экономикаға пайдасын тигізген жоқ, біз бен сіздің қажетімізге жұмсалмады. Қазір бұл ақша бюджетке қайтарылды. Ал ол ақшаға қаншама игілікті дүниелерді жүзеге асыруға болушы еді. Бюджет процесінің екінші кезеңі – бюджетті талқылау мен бекіту. Қазір Мәжілісте келесі жылға арналған бюджет жобасы талқыланып жатыр, ол желтоқсан айына дейін бекітілуі тиіс. Осы уақыт аралығында депутаттармен белсенді жұмыс істеу керек. Шетелдік тәжірибені алатын болсақ, бюджетті талқылау – өте белсенді әрі маңызды. Телеарналарда түрлі дебаттар ұйымдастырылып, адамдар тікелей эфир арқылы сауал қоя алады. Ал бізде бұл кезең өте әлсіз өтеді. Депутаттар да талқыламайды, дебаттар да өткізілмейді. Жабық есіктің арғы жағында талқыланып, бекітіле салады. Сосын кейінірек газетке шағын ақпарат беріледі. Менің ойымша, бұл жерде қоғамның да кінәсі бар. Олар өз депутаттарынан мейлінше ашық әрі белсенді болуды талап етпейді.
– Кей адамдар «біздің ел әлі бюджет ашықтығын жария етуге дайын емес» дейді. Мұнымен келісуге бола ма?
– Бұл пікірмен келіспеймін. Қазірдің өзінде жариялап жатырмыз. 2003 жылдан бергі барлық бюджет мәліметтерін кітапханалардан, түрлі дерек көздерінен табуға болады. Проблема – бюджет ақпаратының егжей-тегжейлі ашық болмауында. Біз елдің жалпы бюджеті – 11 триллион теңге, Алматының бюджеті – 545 млрд теңге екенін білеміз. Бірақ ішкі иірімдерінен хабарсызбыз. Қазір енді-енді ғана жеке мекемелердің (мектеп, аурухана) бюджеті қанша екенін біле бастадық. Мәселен, Алматы – еліміздегі ең үлкен қала. Мұнда еліміздегі ең көп салық түсімі жиналады. Сәуір айында әкімдік «қатысу бюджеті» деген атаумен арнайы жоба басталатынын жариялаған. Яғни, ол бойынша халық бюджет қаржысын жұмсау бойынша өз жобаларын ұсынып, әкімдікпен бірге талқылайды. Қаладағы 8 ауданның әрбіріне 500 миллион теңге бөлінген. Сонда барлығы – 4 миллиард теңге. Мәселен, олар өз аудандарында аллея, алаңқай, сквер салынсын деген сияқты ұсыныстар айтуы мүмкін. Ол ұсыныстар арнайы сайтта жарияланып, оған аудан тұрғындары дауыс береді. Қалалықтар ұсынып, ең көп дауыс жинаған жоба қаржыландырылып, жүзеге асады. Яғни, бұл қоғам өміріндегі сапаның артуына алып келеді. Өз кезегінде Алматы әкімдігі мұндай жаңашылдыққа қарсы емес.
– Бюджет қаржысының қалай игеріліп жатқанын бақылау үшін азаматтар қандай дерек көздерін қарау керек?
– Осыған дейін бюджеттің үш кезеңін айтып өттім. Төртіншісі – бюджеттің орындалуы туралы есеп. Орталық деңгейінде – есеп комитеті, жергілікті деңгейде ревизиялық комиссия осы мәселемен айналысады. Esep.kz – бұл есеп комитетінің сайты. Ал ревизиялық комиссияның әр облыста өз сайты бар. Олар жыл сайын бюджеттің орындалуын тексереді және есептерді жариялап отырады. Сондай-ақ бізде «Ашық үкімет» деген портал, оның ішінде «ашық бюджеттер» деген сайт бар. Сонда барлық бюджеттер жариялануы керек. Сол жерден бюджет қаржысының қалай игеріліп жатқанымен танысуға болады. Ал қаржы министрлігінің gosreestr.kz сайтында барлық квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардың бюджеттен қанша қаржы алғаны, оны қалай пайдаланғаны туралы ақпарат бар.
– Соңғы 5 жылда еліміздегі футбол клубтарына 105 млрд теңге бөлініпті. Осы жайлы жақында өзіңіз хабарладыңыз. Бұл тым шектен шыққандық емес пе?
– Бізде кәсіби футбол клубтарының бюджеті 2 миллиардтан бастап 4-5 миллиардқа дейін барады. Клубтардың облыстық бюджеттен қаржыландырылуымен өз басым келіспеймін. Шетелде клубтарды жеке кәсіпкер қаржыландырады. Өздері ақша табады. Мемлекеттік бюджеттен спорттық инфрақұрылымдарға қаржы бөлуге болады. Яғни, стадиондар, спорт мектептерін салу дегендей. Ал мемлекет қаржысына шетелден легионер сатып алып, оған айына миллиондаған қаржы төлеу мүлде ақылға сыйымсыз. Сондықтан депутаттар осы мәселені көтеріп, клубтардың мемлекеттен миллиардтаған ақша алуын тоқтатуы керек. Одан да ол ақша балалар спортын дамытуға бөлінгені әлдеқайда тиімді. Мемлекет қаржысына шетелдік футболшыны сатып алғанша, өз таланттарымызды тәрбиелеп өсіруді қолға алу қажет.
– «Мемлекеттің бюджетті түсіндіруі тым ресми, қасаң әрі түсініксіз» депсіз бір сұхбатыңызда. Оны қарапайым азаматтарға қалай түсінікті етсе болады?
– Иә, азаматтар арнайы сайтты ашып қарайтын болса, олар үшін бюджет есептері түсініксіз. Қаптаған цифрдан тұрады. Табыс пен шығынды көрсетеді. Ол жерден бірдеңе түсінудің өзі қиын. Егер арнайы экономикалық, қаржылық біліміңіз болмаса, оны ә дегеннен түсініп кете алмайсыз. Сондықтан біраз жылдар бойы бюджет кодексінде «азаматтық бюджет» ұғымының пайда болуы үшін жұмыс істедік. 2018 жылдан бастап барлық министрлік пен әкімдіктер «азаматтық бюджетті» жариялап отыруға міндеттелді. Азаматтық бюджет дегеніміз – ресми бюджет есебінің көпшілікке түсінікті, техникалық емес нұсқасы. Ол жерде мемлекеттік органдардың мына бағытқа неліктен қаржы бөлгені өте қарапайым түсіндірілуі тиіс.
– Бюджеттің қалай бөлінетінін және оны қалай бақылауға болатынына байланысты тренингтер, курстар өткізілуде. Оған кімдер қатысуда және ол тренингтерде нақты нені, қалай үйретесіз?
– Біз жыл сайын openbudget бағдарламасын өткіземіз. Қатысушыларымызға бюджеттің әрбір кезеңі туралы толыққанды ақпарат береміз, олардың қалай бюджет ақпаратына қол жеткізулеріне болатынын үйретеміз. Қандай сайттарды қарау керек, қалай қарау керек, ақпарат алу үшін өтінішті қалай жазу керек, мемлекеттік органдармен қалай сөйлесу керек, бәрін түсіндіреміз. Сонымен қатар, мұнайдан, кен орындарынан түскен табыс жинақталатын Ұлттық қор туралы, квазимемлекеттік сектор есептерін қайдан көруге болады және оған қалай анализ жасау керек дегенді де ұғындырамыз. Негізінен журналистер, тәуелсіз зерттеушілер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, азаматтық белсенділер қатысады. Біз мұндай шараны неліктен өткіземіз? Мейлінше сапалы диалог орнауы үшін. Көшеде тұрып алып, «Сен неге бюджет ақшасын ұрлайсың?» деп даурыққаннан гөрі, әлдеқайда сапалы, дұрыс жолмен сөйлесуі керек. Ондай бос сөз ешқандай нәтиже бермейді. Тек сапалы диалогпен ғана бір нәтижеге жетуге болады.
Былтыр бір журналист атаулы әлеуметтік көмек мәселесін зерттеді. Отбасындағы мүгедек балаға берілетін әлеуметтік төлем (30 мың теңге шамасында) табыс ретінде саналады екен. Егер отбасының табысы 80 мың теңгеден асса, олар атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Егер ата-анасының бірі 50 мың теңге жалақы алса және мүгедек балаға берілетін 30 мың теңгені алса, оларға атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Сонда бүтін бір отбасы 80 мың теңгеге қалай күн көрмек? Былтыр жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірігіп өткізген дөңгелек үстелде отбасының табысынан мүгедек балаға берілетін төлемді алып тастау туралы айттық. Ол жерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері де қатысып отырды. Аталған 30 мың теңге баланың денсаулығына жұмсалады. Арғы жағында 50 мың теңге ғана қалмақ. Нәтижесінде, биыл сәуір айында атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысты есептеу жүйесі өзгеріп, ол жерден мүгедек балаға берілетін әлеуметтік төлем алынып тасталды. Бұл өзгерісте үлесіміз бар деп сеніммен айта аламыз.
– Көптеген әлем елдерінде бюджет ашықтығы әлдеқашан жолға қойылған. Осы ретте нақты қай елдің тәжірибесін озық деп санайсыз?
– Бұл ретте Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Франция, Австралия, АҚШ елдерін айтамыз. Оларда бюджет жауапкершілігі туралы арнайы заң бар. Бізге жақын орналасқан Украина, Грузия елдерінде де бюджет шығыны ашық түсіндіріледі. Ашықтық – жемқорлықпен күрестегі басты фактор. Жемқорлықтың және бюджет ашықтығының халықаралық рейтингі бар. Рейтингке қарап түсінетініміз, қаншалықты бюджет ашықтығы жоғары болса, жемқорлық деңгейі де соншалықты төмен. Осы өлшем бойынша көшбасшы елдер ретінде Оңтүстік Корея, Норвегия, Жаңа Зеландияны айтуға болады.
– Егер елімізде бюджет ашықтығы орнаса, әртүрлі әлеуметтік көмек діттеген жеріне жетсе, бұл біздегі экономикалық өсімге қаншалықты әсер етпек?
– Бюджет ашықтығы экономикалық өсімге тікелей әсер етеді. Өйткені бюджет жарияланса, оған қоғам белсене қатысса, онда елеусіз қалып келген біраз нәрсенің беті ашылар еді. Елімізде өтетін түрлі форум, имидждік шаралардан бас тартар болсақ, біздің бюджеттің ақшаны дұрыс әрі тиімді жұмсауға үлкен әлеуеті бар. Кеше ғана Шамалғанда үлкен жол апаты болды. Ал Инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр көпір салуға бюджетте ақша жоқ дейді. Бұл пікірімен мүлде келісе алмаймын. Егер Аружан Саин сияқты қажетсіз шаралардан бас тартып, тек ең қажетті деген жұмыстарға мән берер болсақ, біраз мұқтаждықты өтеуге болушы еді. Сонда біз көпірлер салуға, ауылдық жерлерді жарықтандыруға, көшелерді асфалттауға ақша табар едік. Қазір еліміздің 45-50 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Жалпы, ауыл мен қаладағы жағдайдың айырмасы көп болмауы керек. Ол үшін жылдам интернет, көше шамдары, сапалы жол, еңселі мектеп, жоғары деңгейлі аурухана болуы тиіс. Бюджет бөлінісінде баланс жоқ. Қазір ауылға қарағанда, қала үшін ақша көбірек бөлінеді.
– Мемлекеттік сатып алу жүйесін «былықтан» құтқару үшін бірінші кезекте не істелуі керек деп ойлайсыз? Президент өз Жолдауында «2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрағанын, соның 3,3 триллион теңгесі бәсекеден тыс тәсілмен бір көзден алу арқылы жұмсалғанын» айтты.
– Мемлекеттік сатып алулар порталы – қазіргі таңда ең ауқымды әрі сапалы ақпарат беретін бірден-бір дерек көзі. Ол жерде хабарландыру, конкурстық құжаттар, тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы келісімшарт секілді дүниелердің бәрін табасыз. Соңғы уақытта журналистер бұл порталмен жұмыс істеп, қызықты зерттеулер жариялай бастады. Солардың арқасында қажетсіз сатып алулардың жолы кесілді. Мәселен, былтыр журналист жазған соң Ақмола облысы әкімдігі сыра фестивалін өткізу туралы мемлекеттік сатып алудың күшін жойды. Жаз айларында біз мемлекеттік сатып алулар порталымен жұмыс істеуді үйрететін шаралар өткізіп, оған 15 журналист қатысты. Нәтижесінде, түрлі тақырыптағы өзекті 15 материал жарық көрді. Президент келтірген дерек өте дұрыс. Бір көзден алу дегеніміз – ешқандай конкурссыз, тапсырыс беруші әртүрлі жеткізіп берушілердің ішінен таңдап жатпай, соның біреуімен тікелей келісімшарт жасасады. Бұл бәсекенің, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік бермейді. Әртүрлі деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуға қатысып, азаматтарға қызмет көрсетуін шектейді. Мәселен, Грузияда бір көзден алынатын сатып алу – 25 пайыз шығын. Оның өзі мектепке су жеткізіп беру, баннер жасау сияқты жұмыстардың шығыны ғана.
– «Парус» консалтинг орталығының сарапшысы Ерік Елкеевтің айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда тапсырыс берушінің орындаушыны ешқандай конкурссыз, тікелей таңдауына мүмкіндік беретін 54 жағдай бар екен. Сіздіңше, бұл әдейі енгізілген бе?
– Бір көзден алу үшін біздің заңда кәдімгідей жағдай жасалған. Аталған негіздемелерді минимум деңгейге дейін түсіру – басты міндетіміз. Бюджет процесін қадағалайтын Дүниежүзілік банктің өзі сатып алудың бір көзден жүргізілуі бюджет процесінің сапасына тікелей әсер ететінін айтады.
– Украинадағыдай spendings ашық порталын немесе барлық деңгейдегі бюджет ақпаратын жария ететін open budget ресурсын құруға дәл қазір бізде мүмкіндік бар ма?
– Бізде «Ашық бюджет» деген сайт бар. Бірақ көргіміз келетін ақпарат ол жерде жоқ. Ол жерде баланстар, қаржылық есептер жарияланады. Бірақ адамдар оларды оқи алмайды. Адамдарға өз мектебінің, өз ауруханасының бюджеті керек. Менің ойымша, біз ұсынған бюджет ашықтығы туралы концепция Президент айтып отырған ауқымды реформаның бір бөлшегі болуы керек. Президент «билік халыққа жақындауы керек» дейді. Бірақ мемлекет бюджет есебін жарияламаған, халықпен бірге талқыламаған, жиі кездеспеген, тұрғындар пікірімен санаспаған қалпында халыққа жақындай алмайды.
– Әбден шикізатқа сеніп алған Қазақстанның бюджеті алдағы уақытта кеміп, құлдырауы мүмкін бе?
– Рас, бюджет көлемін көбейту үшін жақсы экономикалық өсім керек. Табысты адамдар, табысты компаниялар көп болған сайын салық та көбірек төленеді. Сонда ғана бәсекеге қабілетті боламыз. Шындап келгенде, қазір біздің бюджеттің 30 пайызы Ұлттық қордан жасалған трансферттер арқылы толығады. Яғни, мұнайдан түскен ақша арқылы. Ал егер бізде мұнай болмағанда, онда бюджет тапшылығы 30-40 пайызды құраушы еді. Бұл – өте қорқынышты жағдай. Сондықтан осы жайында мемлекеттік органдар, бюджетпен айналысатын шенеуніктер үнемі ойлануы тиіс. Бір уақыт «егер елімізде мұнай болмаса не істейміз?» деп ойланайықшы. Егер шенеуніктер солай ойланған болса, онда олар бәсекеге қабілетті болудың қамын жасайтын еді. Қазір қазақстандықтардың алдында тұрған басты міндет – өзінің жеке қаржысына мән бергендей бюджет қаржысына да аса үлкен ұқыппен қарау.
Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ